Тарих

Ер — Есет

Боз даланың төсінде тұлпар мініп, ту ұстаған, қол бастаған бабалардан қалған мұра — киелі топырағымыздың бір бөлшегі, толағай табыстардың, берекелі ырыстың бастауы болған шырайлы өңірлеріміздің бірі Ақтөбе деп білемін. «Салт-дәстүрім — қазынам» демекші, дана халқымыздың ұлы мен қызына, жайлауы мен қыстауына, өзені мен көліне, қыраты мен төбесіне, тауы мен ойына, шұрайлы қонысына әдемілеп, кестелеп, көркем ат қою үрдісі — ежелден қалыптасқан, қанға сіңген тамаша дәстүрінің бірі. Және бір ерекшелігі, көңілі құлаған ерекше құбылыс-дүниелерді ақ түспен орайластырып отырған. Мәселен, ақ үй, ақ шатыр, ақ шашты ана, ақсақал, ақ пейіл, ақ ниет деген теңеулерді кеңінен қолданған. Мұқым қазақ елінің мақтанышына айналып, атағын аспандатып тұрған Ақтөбе атауының да түп-тамыры осындай ұғымда жатқан секілді. 

«Ел үмітін ер ақтар» деген. Тарихы терең қарт Ақтөбенің киелі топырағында кіндігі кесіліп, жауда батырлық, дауда шешендік танытып, халқының бостандығы мен ұлтының тұтастығы, жерінің бүтіндігін сақтау жолында жанқиярлық ерлік көрсетіп, тұлғалық деңгейге көтерілген ұлы перзенттері аз емес.

Құдайға шүкір, ұлтымыздың ұлан-асыр бағына қарай алтын құрсақ аналарымыз әр ғасырда жаужүрек батыр ұлдарын дүниеге әкеліп отырған. Солардың біразының есімі бүгінде аңызға айналып, қайраткерлік тұғырға көтеріліп, тарихта аттары қалған. Ұшқан құс қанаты талатын кең-байтақ өлкеміз бен құтты қоныс-атамекенімізді талай шапқыншылық жорықтарда бір сүйемін де жауға бермей, аман алып қалған есіл ерлердің ерлігі ұрпақтан-ұрпаққа мирас болып келеді. Халықтың батыр перзенттерін ұмытпай, оларды ұлықтап, ардақтап отыруы заңдылық деп білемін. Әрине, Қаракерей Қабанбай, Қанжығалы Бөгенбай, Шапырашты Наурызбай, Тайлақ, Өтеген, Сұраншы, Ер Қосай, Исатай, Махамбеттермен қатар, Тілеу батырдың есімін ерекше атаймыз. Оның қаһармандық ісі — 1681-1684 жылдары жоңғарларға қарсы Сайрам қаласы түбіндегі шайқастарда Кіші жүз әскеріне қолбасшылық етуі. Тілеу батыр сондағы ұрыстардың бірінде ерлікпен қаза тауып, Түркістан қаласындағы Қожа Ахмет Яссауи кесенесі жанына жерленді.

Көреген саясаткер, ақыл-парасаты мен батырлығы тең қолбасшы, атадан асыл туған Тілеу ежелгі Тұранның бесігі мен есігі атанған, түркі дүниесінің тәжі — қасиетті де киелі Түркістаннан айырылсақ, оның ақыры немен тынарын жақсы білді. Осы Сайрам соғысына Батыс аймақтан әрісі Маңғыстау, берісі Бершүгір, Ұлы Борсық, Арал өңірі, Сағыз-Жем, Темір өзендерін жайлаған қалың елден шамамен он жеті мыңға жуық қол жиналды. Тілеу батыр бастаған бұл әскер  Әз Тәуке ханның алдынан өткен соң, ұрысқа кірді. Ол заманда он жеті мың сарбаз өте көп күш болатын, тыңнан қосылған мол қол қазақ жауынгерлерінің рухын көтереді.

Әбілқайыр хан, Әйтеке би, Мөңке би, Мыңбай батыр, Есет Көтібарұлы, Қобыланды батыр, Көтібар батыр, Көбен би, Бөкенбай, Наурызәлі, Асау-Барақ, Жарас батырлар — қазақ ұлтының бағына қарай туып, әр ғасырда елдікті сақтап қалуға атсалысқан қайраткер тұлғалар.

Осындай қайтпас қайсар батырлар шоғырының арасында Тама Есет Көкіұлының да есімі бір төбе. Ел аузында: «Алланың тасы қатты ма, Есеттің басы қатты ма?» — деген сөздің қалуы оның осал тұлға еместігін тағы бір аңғартса керек. Бұл тәмсіл Есет батырдың Қалмаққырылған деген жерде жауды талқандауда көрсеткен айрықша ерлігінен кейін шыққан деседі.

Есет деген ат еліміздің құйқалы өңірінің бірі Ақтөбе жерінде ең қасиетті есімдердің бірі болып саналады. Ал, жалпы, бұл сөздің түп-төркіні «келісті, лайықты, жаужүрек» деген мағынаны білдіреді екен. Біз, қазақ халқы, жарық дүние есігін ашқан нәрестеге ат қою мәселесіне келгенде үлкен жауапкершілікпен қараймыз. Әр атаудың мәні-мағынасына терең үңілеміз. Бала — адамның бауыр еті болғандықтан, шаңыраққа шыр етіп келген сәбиге ең жақсы есімді таңдап қоюға тырысамыз. Кейбірі заманына сай, ел арасында кең таралған, заманауи есімдерді қойып жатса, кейбірі ата-бабаларының, ұлы тұлғалардың есімін, кейбірі ежелгі есімдерді беріп жатады. «Азамат деген атқа лайықты, елін қорғар жаужүрек жігіт болсын» деген ниетпен, Есет деген есім де көп тараған. Халық арасында «Ердің соңы — Есет, пірдің соңы — Бекет» деген аталы сөз қалғаны тағы бар.

Есет Көкіұлы елімізге кеңінен мәшһүр қасиетті әулие, ерен батыр, қызыл тілді шешен, топ бастар көсем болған. Сексеннен асып, бақилыққа аттанып, арада сан ғасырлар өтсе де халықтың жадынан жоғалмаған, зор мәртебеге ие асыл тұлға.

Жауынгерлік заманда туып, күреспен есейіп, ержеткен Есет ел қорғау жорығына ерте араласып, ерлігімен көзге түсіп, батыр атанады. Тәуке ханның тұсындағы жеңісті шайқастарда Есет батыр Кіші жүз қолын бастайды. Осындай шайқастардың бірінде Есеттің жауынгерлігіне риза болған Тәуке хан: «Айбатың аса түссін, найзаң мұқалмасын, ел намысы тұздығың болсын», — деп бата берген екен.

Қазақ біреуге риза, ісіне тәнті болғанда «текті атаның баласы» деп жатады ғой. Халқымыз тектің асылдығын мойындаған, адам бойына ұялайтын жақсы әдептің түрлері тектің рухында деп түсінген. Себебі текті құрметтеу елді сақтайды, ел сақталса, жер сақталады. Есет батыр да текті атаның өнегесіне, бабаның өсиетіне қарап өсті. Шыққан, өсіп-өнген ортасы да елге ерекше танымал ұлылардан құралған. Ол — қайтпас қайсарлығының арқасында аймағына «Таймас» деген атпен белгілі болған, шекіссе шегінбейтін, күрессе жеңілмейтін, алған бағытынан таймайтын Көкі батырдың баласы. «Әке көрген оқ жонар» демей ме халық даналығы. Көкі батыр да — Салқам Жәңгір мен Жалаңтөс баһадүрлер бастаған Орбұлақ шайқасына қатысқан өр тұлға.  Ал анасы Назым — ақ кете руының атақты биі Балпыштың қызы. «Тектіден нәр алған тозбайды» деген осы. Туыстық, қандас жағын қуалар болсақ, Маңғыстау өңірінде өмір сүрген әулие, пір Бекет бабаға кәрі нағашы болып келеді. Қазақ Ордасының тарихындағы ең ұлы есімдердің бірі Абылай ханның қол бастаған сенімді серігі қыпшақ Нияз батырдың замандасы ретінде сыйластық қарым-қатынаста болған. Әбілқайырды есімі әлі де елге кеңінен танылмай тұрған кезден қолдап, оны хан көтеруге, қазақ жасағының қолбасшысы қып сайлауға көп атсалысты. Сонымен қатар Есет батырдың қазақ халқының жоңғар басқыншылығына қарсы жүз жылдық азаттық соғысында ірі бетбұрыс жасаған Аңырақай шайқасына Кіші жүздің туын ұстап барғанына тарих куә. Аңырақай шайқасы қазақ-жоңғар соғысындағы ең сойқан, қазақ жерінің тұтастығын сақтап қалуға негіз салған шешуші соғыстардың бірі екені баршаға белгілі.

Есет батыр өмірінің бір жарқын тұсы — Қарасақал бастаған башқұрт халқының Ресейге қарсы көтерілісінің кезі еді. Ойсырай жеңіліске ұшыраған башқұрт батыры Есетті паналап, қорған санады. Ресей жағы болса башқұрттарды жазалау үшін өздеріне тапсыруды талап етеді. Сондай жағдайда Есеттің ерік-жігерінің, күш-қайратының арқасында ғана қазақтарды арқа тұтып келген башқұрт жауынгерлері аман қалды. Сондай-ақ ол — даңқты батыр Сырым Датұлына ақ батасын берген абыз.

Есет батыр ғұмырында 27 рет жекпе-жекке шыққан екен. Ешкімге есесін жібермей, жекпе-жектерінде талай рет жауын жер жастандырған.

1743 жылы оған «Тархан» деген әскери шен берілді. Яғни орыс армиясындағы ең жоғарғы атақ. Қазақстанның батыс өңірін зерттеген белгілі ғалым Зәкіратдин Байдосов Есет батырға тархан атағының берілуін талдап, мынадай қорытындыға келеді. Біріншіден, Есеттен бұрын «Тархан» атағы Шақшақ Жәнібекке берілген. Жәнібек пен Есет ел арасында өте беделді ықпалды тұлғалар болды. Патша өкіметі олардан қолдау күтті, олардың қолдауына ие болу өте маңызды еді. Екіншіден, басқа сұлтандар, старшин, билерге тархандықты үлгі қылып көрсетуді, сол арқылы өз жағына шығаруды көздеді. Үшіншіден, Жәнібек, Есет батырлар арқылы бұқара халықты патша тағына бас идіру көзделді. Төртіншіден, патша шенеуніктері Жәнібек, Есеттерді өз үйірлеріне тарта отырып, Әбілқайыр ханды оқшаулап, оның беделін түсіруді қалады.

Әбілқайыр хан өлтірілгеннен кейін, оның орнына баласы Нұралы хан сайланады. Әбілқайырдың кезінде оның ұлы Әділ аманатта болатын. Енді аманатқа Нұралы ханның өз баласын беруі талап етілді. Тек Нұралы хан ғана емес, Есет, Жәнібек батырлардың да балалары аманатқа берілсін деген талап қойылды. Яғни олардың есімдері ханмен қатар аталды. Патша билігі елді отарлау үшін осындай сұрқия әдістер мен тәсілдерді қолданып бақты. Орынбор комиссиясының бастығы И.Неплюев 1743 жылы 8 шілде күні Кіші жүз және Орта жүз қазақтары туралы Сенатқа хат жазды. Бұл хатта отарлау саясатын сәтті жүргізу, жергілікті халық арасына іріткі салу, араздық пен бақталастық туғызу, ең беделді адамдарды жіктеп, бірін көтеріп, екіншісін төмендетіп, дүрдараздық туғызу үшін оларға атақ-дәреже беру туралы айтылады. Орынбордағы орыс әкімшілігі Есет сияқты беделді тұлғалардан көз жазбауға тырысты. Олардың сыртынан жасырын хабарламалар алынып, құпия барлаушылар жіберіп отырды. Олардың қыс қыстауы, жаз жайлауы үнемі бақылауда болды. Мысалы, Есет батырдың көшу маршруттары Сырдария өзенінің төменгі ағысы, Елек өзені, Жем бойы, Борсық құмы болатын. Осының бәрі ескерілді.

Бұл жағдайлар Есет батырға да аян еді. Ресеймен іргелес аудандарға әскери бекіністердің көптеп салынуы оны қатты толғандыратын. Көршілес естек (башқұрт) халқының мойнына ілінген отарлық бұғауынан қазақ халқының да құтыла алмасын сезінгенмен, ертеңнен үмітін үзбеді…

Ет пен сүйектен жаралған жанға мына апақ-сапақ өмірдің қоңыр күзі, ақшамы болатыны да заңдылық. Есет батыр да салиқалы жасқа жетіп, қазыналы қарттық шағын өткеріп, жорықты сапарда емес, өз үйі — өлең төсегінде жатып, жарық дүниемен қош айтысты. Бақилыққа аттанар алдында замандастарын жинап, бақұлдасып: «Менің басты арманым — Отанымды, туған топырағымды жау аяғына таптатпау еді. Сол азаттық жолында қолымнан қару түспеді, өзім аттан түспедім. Жаумен алысып, дұшпанның жағасын жырта жүріп, ұрыс даласында өлсем бе деп едім. Бірақ Алланың ұйғарымы осылай болды. Ертең денемді қара жердің қойнына тапсырар кезде басымды шығысқа, аяғымды батысқа қаратып жерлеңдер. Жауды аяғыммен тіреп жатайын», — деп өсиет қалдырыпты.

Тағы бір әңгімеге құлақ түрсек, Есет батырдың замандастары: «Оның бұл дүниеде не арманы бар екен, сұрайықшы», — деп, жиналып келіпті. Сонда Ақмаңдайдай асыл перзентін, талай қанды жорықтарда серік болған, Шалқар теңізінен Аңырақайға дейін барған Ақмоншақтай тұлпарын айтып:

«Өмірде Ақмаңдайдай ұл сүймедім,

Асатын Ақмоншақтан ат мінбедім.

40 жыл қырғын болса, ажалды өлер

Өкінем, жау қолынан неге өлмедім?» — деген екен.

Дөңгеленген дүние тынымсыз шыр айналумен келеді. Содан бергі аралықта қаншама ғасырды артқа тастадық, сан қилы замандар зымырап өте шықты, қоғамдық формациялар ауысты, жүйе өзгерді, бірақ халық өзінің асыл ұлына деген махаббатынан бір сәтке де айныған жоқ, біз — соның куәсіміз. «Ердің соңы — Есет, пірдің соңы — Бекет» деген ұғым ел аузында әлі күнге дейін жалғасып келе жатқанының өзі баһадүр бабаларға, тарихымызға деген зор құрметтің, қошеметтің нышаны деп білемін. Ұлыларды ұлықтау — өткенді ұмытпау деген сөз.  Бұл бағыттағы істер елдігіміздің еңселі, бірлігіміздің бекем екендігін айшықтай түсті. Ең бастысы, ұрпақтар сабақтастығының мәңгілік екенін көрсетті.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев: «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында: «Туған жердің әрбір сайы мен қырқасы, тауы мен өзені тарихтан сыр шертеді. Әрбір жер атауының төркіні туралы талай-талай аңыздар мен әңгімелер бар. Әрбір өлкенің халқына суықта пана, ыстықта сая болған, есімдері ел есінде сақталған біртуар перзенттері бар. Осының бәрін жас ұрпақ біліп өсуге тиіс», — деді. Осыған сай соңғы жылдары Ақтөбе өңірінде оң өзгерістер белең алғанына қуанамыз. Ізгі мұраттарға толы шараларды өмірдің барлық саласынан кездестірдік. Өндіріс әлеуетінің артуы, рухани шаралардың көптеп қолға алынуы көңіл қуантады. Әбілқайыр ханға арналып кесене салынуы, Едіге батырға ескерткіш қойылуы, Әбілқайыр ханның зайыбы Бопай ханымның есімімен аталған балабақша ашылуы сынды үлкен істердің алдағы уақытта да жалғасын табатынына сенімдіміз. «Нұр Ақтөбе» шағын ауданында ашылған Есет баба ескерткіші де көз тартады. Бұл шаруалардың бәрінде де ел азаматтарының ұйымшылдығы ерекше. Сонымен қатар облыс басшылары Бердібек Сапарбаев, Оңдасын Оразалиндердің сіңірген еңбектерін атап өту орынды.

Есет баба есімі мәңгі халықтың жадында. Бестамақ елді мекенінде мавзолейі ашылып, киіз үй үлгісіндегі сәнді мұражай тұрғызылғаны көңілге қуаныш ұялатып қана қоймай, өскелең ұрпақты патриоттық рухта тәрбиелеп, бабалар тарихын білуге жұмылдырары анық. Бабаның қайсар рухына тәу етуге еліміздің түпкір-түпкірінен ағылған ағайынның нөпірінде қисап жоқ. Ұлттық кодымыздың тамыры Есет баба сынды ұлылардан бастау алса, бүгінгі гүлденген, түрленген Ақтөбедегі салтанаттың салмағы арта түспесе, төмендемейтіні сөзсіз. Демек, Есет батырдың өмірі мен ерлік істері, өнегелі жолы өскелең ұрпақтың санасында жаңғырады деген үмітке жетелейді.

Тоқсан ауыз сөзіміздің тобықтай түйініне келер болсақ, халқымыздың ұлы перзенті, мемлекет және қоғам қайраткері Дінмұхамед Қонаевтың Асанбай Асқаровқа айтқан: «Асанбай, қолыңнан келгенше қазақты жылатпауға тырыс, қорлыққа берме. Қорлыққа көнген халық зорлыққа да көнетiн иiсалмас, ынжық болып кетедi. Ұлт өзiнiң мүддесiн өзi қорғай алатын дәрежеге жетуi керек. Кезiнде қазақтың жанын сақтап қалсақ екен дедiк қой… Бiз ол дәуiрден өттiк. Ендi қазақтың рухын, намысын сақтауымыз керек», – деген толғақты пікірі ойға оралады. Расында, бабаларымыздың сара жолын, елдік істерін еске алып, тарихымызды екшеуге бағытталған қадамдар қазақтың рухын, намысын жігерлендіретіні сөзсіз.

Арқалы ақын Мұқағали Мақатаевтың:

«Өкінбе, әке, отың бар сөнбейтұғын,

Олмәңгіжанады, көрмейтыным.

Ұрпағың бар, ел менен ер намысын

Тірітұрсақолынанбермейтұғын» — дегенәдемішумағынбүгін осы бабаларрухынаарнайескеалғымызкеледі.

 Өмірзақ ОЗҒАНБАЕВ, 

тарих ғылымдарының докторы, профессор.

Басқа жаңалықтар

Back to top button