Жаңалықтар

400 контейнер сатып алынды

Тазалық

Облыс әкімдігі мен ERG компаниясы арасындағы әлеуметтік маңызды жобаларды жүзеге асыру туралы меморандум аясында Хромтау қаласы көшелеріне қақпақты төрт жүз контейнер сатып алынды. Сонымен қатар,аудан орталығына қоқыс таситын арнайы жаңа екі техника әкелінді. Инвестиция көлемі — 143,3 млн теңге.

Хромтау қаласы көшелеріне тұрмыстық қалдықтарға арналған жаңа контейнерлер орнатылып жатыр. Бұрынғысы металдан жасалған қоқыс жәшіктері  болатын.

Жаңа контейнерлер пластиктен жасалған, үлкен әрі қақпақтары бар.  Мұндай контейнерлер қаладағы 52 тұрғын үй секторына, оның ішінде жеке секторлардағы ескірген металл контейнерлердің орнына орнатылады. Тұрмыстық қалдықтар алаңы бар аулалар тазартылып, ретке келтіріледі.

Ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізіп, асфальт бетін жаңартып жатырмыз. Қоқыс алаңдарына қоршау қойдық. Қақпақтары болғандықтан, тұрмыстық қалдықтардың шашылуына жол берілмейді, —  деді Хромтау қаласы әкімінің орынбасары Сағындық Шабықбаев.

«МЖК Стройсервис» ЖШС өкілі Еламан Ізбастиннің айтуынша, жаңа контейнерлер қоқыс таситын арнайы көліктерге сәйкес келеді. Ол үшін жүк тиегіштің көмегі қажет емес, яғни әкелінген көліктің жүк көтеретін  арнайы манипуляторы бар.

Бүгінде жаңадан әкелінген арнайы техникалар іске кіріскен.

Дегенмен мамандар жергілікті тұрғындарға тұрмыстық қалдықтарды қоқыс алаңына тастай салмай, арнайы контейнерлерге жеткізуді қатаң ескертеді.

Арайлым ҒАНИ,

Хромтау ауданы.

Басқа жаңалықтар

Back to top button