Денсаулық

Бақылау күшейтіліп, сақтық шаралары жүргізілуде

Бүгінгі күні Ырғыз ауданында эпидемиологиялық жағдай тұрақты. Дегенмен ауданда зертханалық тексеруге тапсырған полимеразды тізбектік реакция тестінің (ПТР тест) қорытындысы бойынша COVID-19 инфекциясы бойынша вирус анықталған жағдайлар тіркеліп отыр.

Аудандық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасының басшысы Талғат Жолдыбайдың айтуынша,қазіргі таңда басқарма мамандары инфекция табылған ошақтарда науқастармен байланыста болған адамдарды анықтап, індетке қарсы жұмыстар жүргізіп жатыр.

Бүгінгі күні ауданда науқастармен байланыста болғандарды оқшаулап, үй карантині талаптарын сақтау туралы қолхат алынып, үйде оқшаулану қажеттілігі түсіндірілуде. Сонымен қатар ауданда дезинфекциялау жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Бұған дейін аудан әкімдігінің жанынан құрылған мобильді топ коронавирус инфекциясы бойынша тұрғындар арасында алдын алу, шектеу шараларын күшейтіп, қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында аудан орталығындағы кәсіпкерлік нысандарын аралап, оларға облыстың бас мемлекеттік санитарлық дәрігерінің қаулысын таныстырып, түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Қазіргі таңда аталған нысандарда бақылау күшейтіліп, жан-жақты жұмыстар жасалып жатыр, — дейді Т.Жолдыбай.

Бүгінгі күні аудандық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасы мамандары аудан тұрғындарына үй жағдайында, аула маңындағы аумақтарда шатырлар, палаткалар, киіз үйлер орнатып, басқосулар, той, көпшілік шараларын өткізуге тыйым салуда. Сондай-ақ тұрғындарға көшеге шыққанда, әлеуметтік ғимараттарға барғанда бетперде тағып, бір реттік қолғаптар мен антисептиктерді қолдануын, 65 жастан асқан азаматтардың үйде өзін-өзі оқшаулау керектігін, коронавирус инфекциясымен сырқаттанушылардың санының одан әрі өсуінің алдын алу, шектеу шараларын күшейту үшін арақашықтық және дезинфекциялық режим талаптарын қатаң сақтау қажеттігін ескертіп, түсіндіру жұмыстарын жүргізуде.

Данагүл ҚАЗИХАН,

Ырғыз ауданы.

Басқа жаңалықтар

Back to top button