Пікір

Халықты аман сақтап қалудағы дұрыс шешім

Мейірхан АҚДӘУЛЕТҰЛЫ,

ақын, республикалық «Адырна» журналының бас редакторы.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке шұғыл түрде елімізде қатаң карантин шараларын енгізу бойынша ұсыныс әзірлеуді тапсырып, Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой тығырықтан шығудың бірнеше жолын ұсынғаны белгілі.

Бұл — өте дұрыс әрекет. Халықты аман сақтап қалудағы дұрыс шешім.  Қалай болғанда да, басшымыздан қосшымызға дейін бәріміз жауапкершілікті жете түсінуіміз керек. Өйткені бұл індеттің алды белгісіз, қорқынышты болып тұр.  Бастапқыда сенбедік, мән бермедік. Азғантай уақыттың ішінде аурудың 7 есеге дейін артып кетуі — сұмдық. Шұғыл түрде карантин мен шектеу шараларын қолға алмаса, жағдай бұдан да қиын болуы мүмкін.

Біздің барлығымыздың басты кемшілігіміз — ішкі мәдениет, ішкі түсінік жетпейді. 2011 жылы Жапонияда Фукусима атом станциясы жарылған кезде Жапон елінің, жапон халқының бұл ауыр қасіретті үнсіз көтеріп, төзімділік танытқанына дүние- жүзінің бәрі таңғалып, жарыса  жазды. Тәртіптілігіне тәнті болды.  Бұл індеттің таралуы да сондай жағдай ғой…

Ең қорқыныштысы, мұның қалай, қайдан, кім арқылы, не арқылы жұғатыны ғылыми тұрғыда толық зерттеліп, анықталған жоқ. Мүлде бейтаныс нәрсе. Сол себепті де бұл қасіретті ғылыми тұрғыдан, медициналық тұрғыдан, басқа да тұрғылардан түсінген жоқпыз. Бұл — бір. Екіншіден, мұның нақты емі әлі табылған жоқ. Әлі күнге дейін «осы аурудан жазылуға осы сеп болып қалар» деген дәрі-дәрмектермен ем жасалып жатыр.

Қазір ел арасында тұмау секілді ауру түрі өршіп тұр. Алыстағы ауылға дейін барды. Бұл да сол аурудың көрінісі ғой.

Жақында Ақтөбеде бір жағдай болды. Әлеуметтік желі арқылы таралған бейнежазбада медицина мекемесіндегі басшылық қызметтегі дәрігерлердің бірі: «науқасты алып кетіңдер» деп айқайлап жатты. Оны біреулер кінәлады. Меніңше, бұл жердегі мәселеге тереңірек үңілу қажет. Бас дәрігер өзінің қарауындағы дәрігерлерді әзер ұстап отыр. Бұл — бір. Екіншіден, ол науқасты мойнына алса, оны қайда жатқызады? Орын керек. Бұл – екі. Үшіншіден, науқасты кім қарайды? Дәрігер жетіспейді.

Мемлекет тарапынан медицина саласына қаржы аударылуының кемі жоқ. Ендігі мәселе, жұмысты дұрыс ұйымдастыру керек.

Қазір дәрігерлерде өмір жоқ. Менің қызым осы аурумен ауыратын науқастар емделетін ауруханада жұмыс жасап жүр. «Алла өзі жар болсын» деп тілеуін тілеп отырамыз…

Көпшілік әлі де болса, бейқам. Салғырт қарайды. «Не қылар дейсің» дейді.  Расында, біз отпен ойнап жүрміз. Қазір тұмау сияқты індет кеңінен таралып жатыр. Ертең қандай «түрге» енетіні белгісіз. Бұл індет басқаша көрініс тауып, жұртты жаппай жалмауы да мүмкін. Бірте-бірте балаларға көшпесіне кім кепіл?..

Жұрттың қазіргі қамсыздығы күн сайын болатын жол апатынан адамдардың қырылып жатқанына қарамастан, көлік жылдамдығын шектен тыс асыратын көлік жүргізушілерінің әрекеті секілді. Ырғыздың жолында сағатына 120 шақырым жылдамдықпен жүрсе де болады ғой. Мұны ескеріп жатқандар аз. Сол секілді санасыздық. Апат пен ажалдың өзіне қатысы жоқ сияқты көреді… Адамдардың ішіндегі анархия. Мұндайларға «мүмкіндігіңше, өзіңді, қара басыңның қауіпсіздігін, амандығыңды ойлашы» деу керек.

Індеттің қауіптілігінің халықтың санасына бармай жатқанының тағы бір көрінісі — әлі де той тойлап жүрміз. 500 адам шақырып, ұлан-асыр той жасап жатқандар да жоқ емес.

Қазақ кісісі қайтқан шаңыраққа көңіл айтып барады. Марқұмның жаназасы бар. Садақаға келушілердің денсаулығы қандай екені белгісіз. Арнайы комиссия құрып, тиісті шаралар ұйымдастыру керек. Қайғы жұтқан отбасыны білу қиын емес. Мобильді топ жұмылдырып, ауыр қазаға душар болған отбасы мүшелерімен жылы сөйлесіп, түсіндіру жұмыстарын жүргізгені жөн. Келіп-кетушілердің денсаулығын тексеру керек. Қазір мұны ешкім тексеріп жатқан жоқ. Мәселе сонда ғой.

Байбаламшыл болмау керек. Түсіністікпен қарау қажет. Дәрігерлерді кінәлай беру де жөнсіз. Жұрттың көбі билікті кінәлайды. Расында, мұның бәрі халықтың өзіне, түсінігіне, жауапкершілігіне байланысты.

Басқа жаңалықтар

Back to top button