Пікір

Әдетімізді  өзгертпесек болмайды

 Баян СӘРСЕМБИНА.

Жақыныңа жанашыр бол!

Соңғы онкүндікте елімізде қауіпті індеттің өршуі тез байқалды. «Жедел жәрдемге» шақыртулар күрт артып, ауруханаларға науқастар лық толды, пневмония дертімен ауыр халде ауруханаға түсушілер саны артып, дәріханаларда дәрі-дәрмек тапшылығы байқалды. Өлім көбейді.

Бүгінде дәрігерлер қауіпті індеттің бетін қайтару үшін аянбай күресіп, жап-жас медбикелер, дәрігер жігіттер күндіз-түні тікесінен тік тұрып, науқастардың денсаулығы үшін бастарын қатерге тігіп, азаматтық міндеттерін мүлтіксіз орындап жатыр. Олар да бір үйдің азаматы, әйелі, ұлы не қызы, келіні. Ендеше кәсіби міндеттерін адал атқарып жатқан медицина қызметкерлерін «дұрыс қарамады, шақыртуға келмеді» деп кінәлаудың реті жоқ.

Бұл індеттен қатаң шектеу шараларымен құтылдық деу әзірге бекер екен. Бұл —адам босаңсып, қатаң шектеуден арыла бастаған кезде әлсіз жеріңнен ұратын өте қатерлі де, көзге көрінбейтін жұқпалы дерт. Ендеше пандемия нағыз өршіп тұрған кезде жеке басымыздың сақтық шараларын сақтамай жүргеніміз нағыз жауапсыздық не надандық емес пе?

Өкініштісі сол, қасымызда осы індеттің қатерін ұғынбай жүргендер өте көп. Вирус  қоғамдық көліктерден, базарлардан, той-садақа болған орындардан көптеп таралып жатыр. Төтенше жағдай режимі тоқтап, оның орнына қатаң карантин, кейін жеңілдетілген карантин режимі енгізілгеннен бастап ерсілі-қарсылы жүрісіміздің көбейгені жасырын емес. Көктемнен бері үйқамақта отырған жұрт босаңсыды. Адам ағзасы да әлсіреді. Санитар дәрігерлердің қонақ шақыруға, той тойлауға, садақа жасауға салған тыйымдарына қарамастан жұрт қалаға, қаладағысы далаға қарай ағылды. Көктем бойы төрт қабырғадан шықпаған жұрт осылайша  сақтық шараларын ұмытып кетті. Мейрамханалардың жұмыс істемегеніне қарамастан, жұрт жасырын тойлауға көшті. Дәрігерлер ескертпесіне құлақ асып, той тойлау мен қонақ шақыруды азайтуға болар еді. Бірақ бұлай істемедік. Бұған не ерік-жігеріміз, не ақылымыз жетпеді, айтқандардың ақылын  құлаққа ілмедік.

Жасыратыны жоқ, қазіргі үлкен кісілердің көбі баяғы әжелеріміз сияқты емес, көп қыдырғанды жақсы көреді. Зейнеткерліктен асқан әйелдердің көбінің өмірінің мәні қыдыру, біреудің үйіне барып бес сағат әңгіме айту ғана сияқты. Көпшілігінің бала-немерелермен ісі жоқ, келіндеріне көмектеспейді, үйдің жұмысымен  айналыспайды. Бақша екпейді, мал саумайды, немерені оқытудан бастарын ала қашады. Әже, шешелеріміз сияқты кілем де тоқымайды, көрпе де тікпейді, ұршықпен жіп иіріп, шұлық тоқымайды. Өзіміздің де артып бара жатқан ештеңеміз жоқ. Қолымыздан ештеңе келмейді.

Ауада еркін қалықтап жүрген бактерия адамдардың көп шоғырланған жерінде күрт көбейетінін еске алсақ, бір дастарқан басында бірнеше сағат бойы бір табақтан ас ішкендер ортасында жұғып жатқанын сезбедік. Қонаққа көп баратын егде жастағы адамдарға вирус тез жұғып, иммунитеті әлсіздерді баудай түсіргенін соңғы күндері көбейіп кеткен газеттегі некрологтардан-ақ байқауға болады. Бірақ қатерді ұғынбай, еркінсіп жүргендер әлі де көп. Бұл — надандығымыз ба, жалған намыссыздығымыз ба, әлде білімсіздігіміз бе?

Ағзаға байқатпай еніп, біраз күн өткенде қос өкпені қысып, тұншықтырып, өкпе тамырларына оттегі жібермей қысып тастайтын бактерияның қаупі біз күткендегідей емес, аса зор. Өзімізді ойламасақ та, дастарқаныңнан ас ішкен қонағыңның сенің үйіңнен шыққан соң көп кешікпей ауырып, не өліп қалғанын есту кім-кімге де жақсы емес. Осыны ұғынайық. Осыны түсінейік. Қонаққа бармайық. Үйде отырайық. Жақындарымыздың өміріне қатер төндірмейік. Әйтпесе, дарақылық пен даңғазалық, құр атақ шығару, әңгімеміз ішіп-жеу мен сылдыр әңгімеден аспай барады. Ерсілі-қарсылы қыдыру, бос жүріс өміріміздің ажырамас бөлшегіне айналды. Қазіргі уақытта бірдеңе деп айту да оңай емес. Бірақ та көргеніміз осы.

 

 

Басқа жаңалықтар

Back to top button