Денсаулық

Ақтөбеге дәрі-дәрмек жеткізіліп жатыр

Ақтөбе облысының тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті басшысының орынбасары, бас фармацевтикалық инспектор Сәбит Ескендіровтің айтуынша, облысқа дәрілік заттар екі жүйемен келеді. Біріншісі — кепілдік берген көлемдегі дәрілер.

Олар — медициналық мекемелердің мұқтаждығы үшін алынатын дәрі-дәрмектер. Екіншісі — халыққа дәріханалар арқылы сатылатын дәрі-дәрмектің көлемі.

Бүгінгі күні медициналық мекемелерде дәрілік заттар толықтай жеткілікті. Осыдан 10-20 күн бұрын, яғни маусым айына дәрі-дәрмектің көлемі жетіспей жатыр деген уақытта, біз «Самұрық-Қазына-Фармация» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі басшылығы арқылы шілде, тамыз айының дәрілерін маусымға ауыстыруға рұқсат алдық. Сондықтан дәрі-дәрмектің көлемі жеткілікті. Бөлшек саудада дәрілік заттардың аздап жетіспеушілігі байқалды.  Қазақстан бойынша 7500-ден астам дәрі тіркелген. Облыста соның барлығының көрінісі бар. Бірақ кейінгі он шақты күнде науқастар санының көбеюіне байланысты кейбір дәрілердің санының азайғанын байқаймыз. Олар — антибиотиктер, қақырық, қызу түсіретін, сол сияқты вирусқа қарсы дәрі-дәрмектер. Сонымен қатар  кейбір дәрумендердің жетіспеушілігі де мәселе туғызды. Алайда олардың  орнын толтыру үшін дәрілік заттарды тасымалдап, облысқа әкелу жағы бізде тоқтаған жоқ. Дәрі-дәрмек кестеге сәйкес тасымалданып жатыр. Бірақ соның көлемін көбейту үшін біз қосымша жұмыстанып жатырмыз, — дейді Сәбит Ескендіров.

Оның айтуынша, бүгінгі күні «Стофарм» мекемесі цефтриаксон, цефазолин сияқты антибиотиктерді тасымалдап жатса, «Актюбфармцентр» мекемесінде екі күннен бері белацеф, иммуно тайм, парацетамол, цефтриаксон және басқа да вирусқа қарсы препараттар Петропавл қаласынан әкелінуде. «Фарм Қазына» ЖШС Ақтөбеге цефтриаксонның 18 мың, цефазолиннің 2 мың флаконын  жеткізген.

Облыстың бас фармацевтикалық инспекторы Сәбит Ескендіров «Долголет», «Зерде» сияқты мекемелер бір-екі күнде амбро, мукалтин, цефазолин, цеф-3 сияқты дәрілерді сатылымға шығаратынын айтады.

Отызыншы маусым күні «Желдорфармация» мекемесі өте көп көлемде антибиотиктер мен басқа да дәрі-дәрмектер алып келді. Олардың ішінде әртүрлі дозалардағы ампициллиндер, атап айтқанда 1,0 дозадағы ампициллиннің  28 мың данасын жеткізсе, 6 мың дана ампициллин және оның таблетка түрінің 11830 флаконын әкелді. Сонымен қатар  ацикловир мен бициллин де жеткізілді. Қосымша 3000 флакон ревит, 900 жиынтық  римантадин, 70 000 флакон цефазолин, 3 мың флакон цефтриаксон келді. Мұндай дәрі-дәрмектер «Желдорфармация» мекемесінің  дәріханалары арқылы Ақтөбе қаласы мен аудан халықтарына жеткізілетін болады. Бүгінгі күні аталған мекеменің аймақта 18 дәріханасы бар, — дейді Сәбит Ескендіров.

Ақтөбеге «Желдорфармация» мекемесі арқылы 1000 флакон метронидазол, 30 мың конволют ацетилсалицил қышқылы, 20 мың дана парацетамол, сол сияқты  ципрофлоксацин мен цитрамон әкелінген.

Бас фармацевтикалық инспектор облысты мұндай дәрілік заттармен қамту мәселесі алдағы уақытта да тоқтатылмайтынын айтады.

 

Арайлым НҰРБАЕВА.

 

 

Басқа жаңалықтар

Back to top button