Денсаулық

Тығырықтан қалай шығамыз?

Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой қазіргі тығырықтан шығудың бірнеше жолын ұсынып отыр.

Біріншісі, барлығын бүгінгідей қалдыру. «Бұл жағдайда тамыздың соңына дейін ауруханаға жатқызуды қажет ететін науқастардың жалпы көрсеткіші күніне 27 мыңға жетеді. Сәйкесінше 300 мыңға жуық стационарлық орын керек болады», — деді ол.

Екінші нұсқа — республикалық деңгейде 2 апталық қатаң шектеу шараларын енгізу. Нәтижесінде тәуліктік көрсеткішті 7 мыңға дейін төмендетуге болады. Ал ауруханаларда науқастарға 80 мың орын қажет болады.

Үшінші нұсқа — 4 апталық шектеу енгізу. Оның нәтижесінде тамыздың соңына қарай күнделікті тіркелетін науқастар саны 2500-дей болады. Ал қажетті орындар саны — 30 мың.

«Соңғысы әлдеқайда тиімді. Әсіресе аурудың кеңінен етек жаюына жол бермеу және қажетті инфрақұрылымды дайындау сияқты мәселелердің алдын алуға болады», —  деді Алексей Цой.

Министр Алексей Цой коронавируспен күресте кезек күттірмейтін 10 бағыт бойынша жұмыстарды жедел жетілдіру керектігін айтты.

«Ең алдымен, қарапайым жұртқа түсінікті етіп жазылған емдеу жолы және оған нұсқаулықтар қажет. Ол амбулаториялық деңгейде жүзеге асуы тиіс. Екіншіден, дәрі-дәрмектер сатып алу мен жеткізу мәселесін жеделдету. Әсіресе отандық өндірушілерді ынталандыру керек. Үшіншіден, диагностиканы қолжетімді қылу. Әсіресе заманауи цифрлық аппараттардың мүмкіндігін кеңінен пайдалану қажет. Одан кейін тест өткізетін зертханалардың қуаттылығын арттыру мен мобильді бригадалардың жұмысын шақырту кезінде тест алатындай етіп ұйымдастыру мәселесі бар. Алтыншыдан, науқастарға үй жағдайында барынша қауіпсіз медициналық көмек көрсету. Бұдан бөлек қашықтан кеңес беруді ұйымдастыру мен ауруханаларды өкпені жасанды желдету аппараттарымен қамтамасыз етуге басымдық берілген. Тоғызыншыдан, азаматтардың эпидемиологиялық сақтығын арттыру болса, соңғы шұғыл шара — жерлеу тәртібін өзгерту», — деді министр.

Өз тілшіміз.

Басқа жаңалықтар

Back to top button