Басты жаңалықтар

Оңдасын ОРАЗАЛИН: Әрбір адам жауапкершілікті терең сезінбейінше, қауіп-қатер сейілмейді

Қазір облыстағы 573 дәріханаға дәрі-дәрмек уақтылы келіп тұрса да, сұранысты толық қамтамасыз ете алмай отыр. Жергілікті билік дәріхана иелеріне қорларын уақтылы толықтырып, бағаны өсірмеу жөнінде қатаң ескерту берген. Бұл туралы кеше  облыс әкімі Оңдасын Оразалин мәлімдеді.

Аймақ басшысы өңірде індеттің күн сайын өршіп бара жатқанын, соның салдарынан тұрғындар арасында науқасқа шалдығушылардың көбейіп, ауруханаға түсушілер санының қатары артқанын айтты.

Облыста індетке байланысты 1412 жағдай тіркелді. Науқастың 584-і — симптомсыз. Қазірде 463 науқас жазылып шықты. Стационарларда 109 науқас ем алып жатса, қалғаны амбулаторлық емделуде, 4 адам коронавирустың салдарынан қайтыс болды. Сегіз  науқас  жансақтау бөлімінде жатса, жасанды тыныс алу аппаратында 2 адам жатыр. Облыстағы 3 зертханада 100 мыңға жуық адам зертханалық және экспресс-тесттен өтті. Соның нәтижесінде індетті жұқтырғандар қатарын анықтауға мүмкіндік болып отыр. Алайда босаңсыту шаралары мен санитарлық талаптарды сақтамаудың салдарынан облыста соңғы екі аптада пневмониямен ауырғандар саны күрт өсті. Қазіргі провизорлар мен күндізгі стационарларда 1355 адам ем алып жатыр. Соның ішінде маусым айының өзінде 464 адам емделіп шықты. Өкініштісі, 62 адамның өлімі пневмонияның асқынып кеткен кезінен бастап тіркелді. Негізінен, олардың  басым бөлігінің қан қысымы, жүрек ауруы, қант диабеті сияқты қосымша ауруы болғандар, — деді брифинг барысында Оңдасын Оразалин.

Аймақ басшысының айтуынша, қазір өңірде 27 адам жансақтау бөлімінде, ал 10 адам жасанды тыныс алу аппаратына қосылған. «Пневмониямен түскендердің басым бөлігі ауруын асқындырып алғандар екенін ашық айтуымыз керек. Қазір зертханалық тексерулер вирус жұқтырғанын көрсетпесе де, коронавирус симптомымен ем жасалып жатыр. Медициналық мекемелерге салмақ түсіп отырғаны содан.

Осыған сәйкес соңғы аптада бізге бірқатар шаралар қолдануға тура келді», — деді облыс әкімі.

Оның айтуынша, аймақта карантиндік стационарларға қосымша 1926 кереует дайындалған. Қазір онда жоғарыда айтылғандай, 1355 адам ем алып жатыр. Резервте 415 кереует бар. Соның ішінде өткен аптада туберкулез ауруханасында 500 орын провизор ретінде жасақталыпты. Осы аптада қосымша 150 орын қосылмақ. Облыс әкімінің тапсырмасы бойынша, 1 тамызға дейін жөндеуден өткізу арқылы қосымша 200 орын тағы ашылатын болады.

— Екіншіден, барлық емханалар жанынан күндізгі стационарлар жасақталды. Онда күніге 100-200 адам қабылдайды.Үшіншіден, 4800 дәрігердің қатарына қосымша ем көрсету мен кеңес беруге Марат Оспанов атындағы Батыс Қазақстан медицина университетінің 112 резиденті мен 165 оқытушылық-профессорлық құрамы тартылды. Бүгіннен бастап жедел жәрдем қызметі мен провизорларға қосымша көмекке Ақтөбе медициналық колледжінің 100-ге жуық түлегі тартылады. Олардың 35-і — фельдшер, қалғаны — медбикелер. Төртіншіден, барлық емдеу мекемелері «СК-Фармация»арқылы дәрі-дәрмекпен қамтылған. Жоспарлы толықтырулар жүргізіліп жатыр. Қосымша демеушілік көздер арқылы да резерв жасақталуда. Бесіншіден, аймақта 8 маусымнан бастап күшейтілген шектеу шаралары енгізілді. Өткен демалыс күндері Ақтөбе қаласындағы барлық нысандарда жұмыс тоқтатылғанын өздеріңіз білесіздер. Жаппай дезинфекциялық-профилактикалық шаралар жүргізілді», — деді аймақ басшысы.

Брифингте Оңдасын Оразалиннің айтуынша, облыс бойынша 200-ге жуық мониторинг топ құрылып,  4600-ге тарта нысанға тексеріс жүргізілген. Нәтижесінде 1200-ден астам ескертпе берілген.

  • Күнбе-күн телеарна, әлеуметтік желілерде ақпараттандыру мақсатында түсіндірме жұмыстары жүргізіліп, тікелей эфирлер ұйымдастырылуда. Алайда тұрғындар тарапынан сұраныс артқандықтан, антибиотиктер мен қызу түсіретін дәрілердің, вирусқа қарсы препараттардың жетіспеушілігі бар. Оның барлығын мен білмейді емес, білемін. Облыстағы 573 дәріханаға дәрі-дәрмек уақтылы келіп тұрса да, сұранысты толық қамтамасыз ете алмай отыр. Сондықтан дәріхана иелеріне қорларын уақтылы толықтырып отыру, бағаны өсірмеу жөнінде қатаң ескерттік. Тұрғындарға да тек қана дәрігердің тағайындауымен берілетін дәрі-дәрмекті алуды ескертуге тура келіп тұр. Сонымен қатар дәрі-дәрмектер мен медициналық жабдықтарды жеткізу үшін көршілес Ресей Федерациясымен байланыс жасап, компанияларды демеуші болуға тартып жатырмыз.

«Ауру батпандап кіріп, мысқалдап шығады». Бүгінде облыс тұрғындарының амандығы үшін мамандарөз кеңестерін беріп жатыр. Олардың айтқандарына құлақ асып, сақ болу өзімізге байланысты. Ең өкініштісі, бастапқыда өзіміз осы індетке сенбеушілік таныттық. Халықтың басым бөлігі әлеуметтік желіде шыққан түрлі жалған ақпараттардың жетегінде кетіп, ресми ақпараттарға күмәнмен қарады. Тіпті жаз кезінде вирус өздігінен жойылып кетеді дегенде болжам шықты. Дегенмен ыстық ауа райы вирустың жойылуына ешқандай әсерін тигізе алмайтынын көріп отырмыз. Тағы да осындай көптеген жалған ақпарлардың жоққа шыққанын өздеріңіз де байқап отырған шығарсыздар, — деді Оңдасын Оразалин.

Аймақ басшысының айтуынша, өңірде сырқаттанған адамдардың санының артуына байланысты бұл жағдай ұзаққа созылуы әбден мүмкін. Сондықтан жағдайға жайбарақат қарауға болмайды.

Өңірбасшысы ретінде облыс халқының барлығы маған бірдей. Жаман аурудың кесірінен өмірден озған барша жерлестеріміздің отбасына қайғырып көңіл айтамын. Марқұмдардың иманы жолдасы болсын. Індеттен қайтқандардың ішінде өзім жақсы танитын жандар да бар. Өкінішке қарай, олардың ешқайсысының жаназасына бара алмадық. Жақындарына телефонмен ғана көңіл айттық. Бірақ әрбір адам жауапкершілікті терең сезінбейінше, қауіп-қатер сейілмейді. Аурудан сақтанудың жалғыз жолы — әлі де болса барынша оқшаулану. Бетпердесіз қасыңызда тұрған адам сіздің өміріңізге тікелей қауіп төндіруі мүмкін екенін ұмытпауымыз керек. Қасыңызда жүрген адамдарға осындай талап қоятын болсаңыздар, оның ешбір айыбы жоқ. Егер де жайбарақаттыққа салынып, әлеуметтік қашықтықты сақтамай, ескертулерге бейжай қарап, жақындарыңызға жанашыр болмасаңыздар, бұл індет тек өрши бермек. Бұлай жалғаса берсе, қанша қаражат бөлініп, қаншама ұйымдастыру шаралары қолданылса дабірде-бір денсаулық сақтау жүйесі мұны көтермейді. Ондай жағдайда бастапқы қатаң шараларға қайтып ораламыз, — деді облыс әкімі Оңдасын Оразалин.

Өңір басшысы өз сөзінде облыс тұрғындарын жағдайға аса түсіністікпен қарап, сабырлылықтанытуға, дәрігерлерге демеу болуға шақырды. «Бізге сырттан келіп ешкім көмек қолын созбайды. Оны біз дұрыс түсінуіміз керек. Барлығымызды осы індеттен өзіміздің дәрігерлер ғана аман алып шығады. Ол үшін өкпе-назды қойып, өзіміздің мамандарымызға, ағзамызға сенуіміз керек. Тек сонда ғана жасалатын емнің оң нәтижесін көреміз. Қазір қаншама адамның емделіп шығып жатқанын байқап отырған шығарсыздар. Бұл біздің дәрігерлеріміздің адал еңбегінің арқасы деп түсінуіміз керек. «Ауылдағылардың аузы сасық» дегендей,  өз мамандарымызға мұрын шүйіріп, менсінбей қарауды қояйық. Өз-өзімізді бағалай білейік. Қандай жағдай болса да, отбасымызды үрейден ада ұстайық. «Қырық жыл қырғын болса да, ажалды өледі» деген дана халқымыз. Жазылып шыққан науқастардың үлес салмағы басым. Яғни «індет жұқты, осымен шаруа бітті» деп ойлау қателік. «Бір жағадан бас, бір жеңнен қол» шығарып, ауызбіршілікте, жұмыла тірлік қылсақ қана қиындықты еңсеріп, қауіптен тез құтыламыз», — деген облыс әкімі кеше ғана Мемлекет басшысының өзіне берген тәртіптік шарасын дұрыс деп есептеп және одан тиісті қорытынды шығарып, жұмысты одан әрі күшейте түсетінін айтты.

Арайлым НҰРБАЕВА.  

Басқа жаңалықтар

Back to top button