Басты жаңалықтарЭкономика

Мемлекеттік қолдаудың арқасында суармалы жер көлемі артады

Сенбі күні облыс әкімі Оңдасын Оразалин жұмыс сапарымен Мәртөк ауданына барды. Сапар барысында аймақ басшысы бірқатар нысандарды аралап, жұмысымен жан-жақты танысты.

ШАРУАЛАРДЫ ҚОЛДАУ

Алдымен Оңдасын Оразалин «ҚазСуШар» АҚ-ның Тәңірберген ауылдық округінің аумағында жүргізіп жатқан жұмыстарын қадағалады. Аталған мекеме

суармалы жерлерге инфрақұрылым жүргізіп жатыр. Қазір Мәртөк ауданында 666 гектар суармалы жерге су сорғы станциясы салынуда. Республикалық бюджеттен қаржыландырылған жобаның жалпы құны — 80,2 миллион теңге.

Осы айда Мәртөк ауданындағы 666 гектар суармалы жердің (3 шаруа қожалығын қамтиды) құрылыс-монтаж жұмыстары басталды. Жоба аясында электрмен жабдықтау жұмыстары жүргізіліп, таратушы су құбыры тартылады. Сондай-ақ су сорғы станциясы орнатылатын болады.

Жалпы, суармалы жерлерді қалыпқа келтіруді мақсат еткен жоба екі кезеңнен тұрады. Бірінші кезең бойынша жұмыстар 2018-2020 жылдары жүзеге асырылды (жалпы құны — 7 миллиард 400 миллион теңге). Онда 9842 гектар суармалы жер қалыпқа келтірілді. 2020-2022 жылдары (жалпы құны — 6 миллиард 800 миллион теңге) 10642 гектар суармалы жерді қалыпқа келтіру жоспарланып отыр. Сонда екі кезеңде облыс бойынша жалпы 20 мың гектар суармалы жер қалыпқа келтіріліп, нәтижесінде ауыл шаруашылығы мақсатындағы пайдалы, тиімді жер көлемі арта түсетін болады. Бұл — шаруашылықтар үшін жасалып жатқан зор мүмкіндік, мемлекеттің үлкен қолдау-көмегі, — дейді «ҚазСуШар» АҚ-ның Ақтөбе облыстық филиалының басшысы Әділжан Әлізақ. Оның айтуынша, Мәртөк ауданындағы жұмыстар қараша айында аяқталады.

Айта кету керек, егін шаруашылығымен айналысатын шаруалардың судан тапшылық көрмеуіне септігін тигізетін мұндай жоба біздің облыстың 7 ауданында жүргізіліп жатыр.

ЖАЙСАҢНЫҢ ТЫНЫСЫ

Облыс басшысы Жайсаң ауылына да барды. Облыс орталығынан 100 шақырым қашықтықта орналасқан Жайсаң ауылында өркениет игілігінің бәрі бар. Тұрғындар көгілдір отынның игілігін көріп отыр. Ауыл орталықтандырылған су жүйесімен қамтылған.

Округ аумағында 3 елді мекен бар: Жайсаң, Көкпекті, Жанатаң. Мұндағы 62 кәсіпкерлік нысанда 109 адам жұмыс жасайды. Жайсаңда жалпы 32 шаруа қожалығы бар.

«Жұмыспен қамту жол картасы-2020» мемлекеттік бағдарламасы аясында Жайсаң ауылында біраз мекеменің ғимаратына күрделі жөндеу жүргізу жоспарланған екен. Іссапар барысында облыс әкімі сол ғимараттардағы жұмыспен танысты. Жайсаң арнайы білім беру ұйымына барды. Мекеме ғимаратын күрделі жөндеуге жалпы 30 адам жұмылдырылған. Оның ішінде 15 адам жұмыспен қамту орталығы арқылы жұмыспен қамтылыпты. Құрылысқа жауапты — «КазСтройМагнум» ЖШС. Республикалық бюджет есебінен қаржыландырылған жобаның жалпы құны — 119,9 миллион теңге. Мамыр айында басталған жұмысты тамызда аяқтау жоспарланып отыр.

Мемлекеттік бағдарлама аясында Жайсаң орта мектебіне де күрделі жөндеу жүргізіліп жатыр. Бас мердігер — «АК Актюбводстрой» АҚ. Мұндағы жұмыстың арқасында 45 адам жұмысқа тартылып отыр. Оның 22-сі жұмыспен қамту орталығы арқылы келген. Жалпы құны 178,3 миллион теңгеге бағаланған жобаның  жұмысы да жоспар бойынша тамыз айында аяқталады.

Жайсаң көпсалалы колледжінің спортзалының құрылысы да қарқынды жүргізіліп жатыр. Бас мердігер — «Мансард» ЖШС. Жобаның құны — 127,0 миллион теңге. Мұндағы жұмыстарға 32 адам жұмылдырылған. Жоспар бойынша спортзал қараша айында аяқталуы тиіс.

 

ҚЫРАҒЫ ҚЫЗМЕТ

 

Жайсаң ауылында биыл ақпан айында 8 шекара қызметкері баспаналы болды. Жаңадан еңсе көтерген 8 пәтерлік тұрғын үйдің жалпы құны — 45 миллион теңге. Әр пәтердің көлемі — 55 шаршы метр.

Сапар барысында Оңдасын Оразалин Жайсаң шекаралық бөлімінде еңбек ететін қызметкерлердің  шаңырақтарына барып, олардың да тыныс-тірлігімен танысып, жағдайын білді. Сондай-ақ облыс әкімі Төтенше жағдай кезінде облысымызға қолдау көрсетіп, қоғамдық тәртіпті қамтамасыз еткен бір топ азаматты Алғыс хатпен марапаттады. Аудан бойынша 200 шекара қызметкерінің 140-ы Жайсаңда еңбек етеді.

Аймақ басшысы Жайсаң теміржол шекара бақылау бөліміне де барып, жұмыс жоспарымен танысты. 3 азаматқа «Капитан» шенін табыстады.

Бұдан соң ол мемлекеттік шекара бойындағы қоршаулардың салынуын бақылады. Қазір мұнда құны 16,3 миллион теңге тұратын, ұзындығы 2 шақырым болатын қоршау салынып жатыр.

Облыс әкімі сонымен қатар шекара тәртібін бақылауға арналған радиолокациялық бекеттің жұмыстарымен де жан-жақты танысты. АҚШ-тан алынған «РЛС Beagli» цифрлық аппаратының қырағылықты талап ететін шекара қызметіне пайдасы мол. Бұл құрылғы шекара тәртібін қалт жібермей, жіті қадағалауға сеп. Оның көмегімен жалпы көлемі 24 шақырым қашықтықтағы әрбір қыбыр еткен тіршілік назардан тыс қалмайды.

Ауа райының қолайсыздығы да оның қалыпты жұмыс жасауына кедергі келтіре алмайды. Үскірік аяз, қарлы боран, дүлей дауыл, нөсер жауын болсын, бәрібір нысананы айқын, анық көрсетеді. Біздің басты міндетіміздің бірі — осы құрылғы түсірген бейнені тәулік бойы көз жазбай қарау. Мұндағы мұрағат та біраз уақытқа дейін сақталады.

Өткен жылы жаңа технологияның көмегімен мемлекеттік шекараны бұзып өтуге тырысқан 78 оқиға тіркелген болатын. Жыл басынан бері осы технологияның арқасында мемлекеттік шекарадан заңсыз өтуге талпынған 32 дерек тіркелді. Соңғы жағдай маусымның 17-сі күні болды. Тәжік азаматы Ресей Федерациясына өтпекші болған кезде ұсталды, — дейді Жайсаң шекара заставасы басшысының орынбасары Айдын Ерғалиев.

ЖОЛ ҚҰРЫЛЫСЫ ЖӘНЕ МАЛ АЗЫҒЫ

Облыс әкімі Оңдасын Оразалин ауданға сапары кезінде Қобда–Мәртөк бағытындағы облыстық маңызы бар автожолдың күрделі жөндеу жұмыстарымен танысты. Қазір аталған жолдың жалпы ұзындығы 30 шақырым бөлігі қалпына келтіріліп жатыр. Жобаның жалпы құны — 866 миллион теңге. Мердігер мекеме — «Ербол Эль» ЖШС. Өткен жылы басталған жұмыс жоспар бойынша биыл аяқталады.

Ақмоласай ауылының маңында орналасқан «Казахия» шаруа қожалығының шөп шабу жұмысы да қарқынды жүргізіліп жатыр. 2016 жылы құрылған қожалық меншігінде 1554 гектар жер бар. Оның 946 гектары —  жайылым, 200 гектары — шабындық. 408 гектар аумаққа егін өсіріледі. Биыл аталған шаруашылық 370 гектарға арпа, 30 гектарға картоп, 3 гектарға көкөніс, 5 гектар аумаққа бақша дақылдарын егіпті.

Аймақ басшысы Оңдасын Оразалинге аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Шамиль Саринов мал азығын дайындау жоспары туралы баяндады. Биыл 131 мың 800 тонна шөп жинау жоспарланыпты. Қазірдің өзінде оның 33 587 тоннасы орылған. Шөп шабу науқанына 156 трактор, 102 шөп шапқыш, 84 шөп тиегіш жұмылдырылған. Науқан тамыздың 8-і күні аяқталады.

Сапар қорытындысында облыс әкімі Оңдасын Оразалин аудан басшысы Ермек Кенжеханұлына жол құрылыстарының сапалы атқарылуы керектігін нықтап тапсырды. Сондай-ақ қосымша жұмыс орындарын ашып, тұрғындарды еңбекпен қамту бойынша бірқатар нақты міндеттер жүктеді.

Гүлжан БАЗЫЛҚЫЗЫ.  

Басқа жаңалықтар

Back to top button