Денсаулық

Барлық күш провизорлық госпитальдерге жұмылдырылды 

Брифинг

Ақтөбе өңірлік коммуникациялық қызметінде өткен тікелей эфир барысында Ақтөбе облысы тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің басшысы Нұрсұлу Беркімбаева мен облыс әкімінің денсаулық сақтау мәселелері жөніндегі кеңесшісі Әсет Қалиев облыстағы эпидемиологиялық жағдай туралы айтты.

Нұрсұлу Беркімбаеваның айтуынша, 29 маусым күнге дейін облыс бойынша коронавирус инфекциясын жұқтырған 828 адам тіркелді. Оларда ауру белгілері байқалған. Сонымен бірге ешқандай ауру белгілері байқалмаған, бірақ ауру жұқтырған 584 адам тіркелген.

— Коронавирус инфекциясын жұқтыру қарқыны 6,6 пайызға өсіп отыр. 463 адам облыс бойынша аты жаман дерттен толық айығып шықты, бұл — жалпы науқастардың 32 пайызы.

Коронавирус инфекциясы облыс бойынша Ақтөбе қаласы тұрғындары арасында көп тіркелді, қазіргі таңда симптомдары байқалған 711 науқас және еш ауру белгісі жоқ 462 адам тіркелді.

Сонымен бірге Әйтеке би ауданында — 17 адам (оның ішінде симптомсыз 6 адам), Алғада — 21 адам (симптомсыз 18 адам), Байғанин ауданында — 7 адам (симптомсыз 3 адам), Ырғызда — 15 адам (симптомсыз 13 адам), Қобда ауданында симптомсыз 7 адам, Қарғалы ауданында — 7 адам (симптомсыз 3 адам), Мәртөк ауданында — 28 адам (симптомсыз 3), Мұғалжар ауданында — 33 адам (симптомсыз 17), Темір ауданында — 27 адам (симптомсыз 16), Ойыл ауданында — 4 адам (симптомсыз 3), Хромтау ауданында — 37 жағдай (симптомсыз 18), Шалқар ауданында 66 жағдай (симптомсыз 13) тіркелді.

Жалпы тіркелген науқастардың  5,2 пайызы (74 адам)  — ауруды сырттан «әкелгендер», 22,6 пайызы  (320 адам) — ауырған адамдармен қарым-қатынаста болғандар және 53 пайызы — профилактикалық мақсатта тексерілген кезінде анықталғандар. Қазіргі кезде үй карантиніне алынған 2037 адамға медициналық бақылау жүргізіліп отыр, — деді Н.Беркімбаева.

Нұрсұлу Беркімбаеваның айтуынша, соңғы тәулікте облыста коронавирус инфекциясын жұқтырған 51 жағдай тіркелді. Оның  35-і жедел респираторлық вирусты инфекциясы симптомдары пайда болуына байланысты дәрігерге жүгініп, тексерілгенде, қауіпті дерт жұқтырғанын байқаған, 12 адам науқастармен қарым-қатынаста болғандықтан тексерілген, 4 адам да инфекция профилактикалық мақсатта тексерілгенде анықталған.

Қазіргі кезде, өкінішке қарай, өкпе қабынуымен ауырып жатқан адамдар саны да азаймай тұр. Әсет Қалиевтің айтуынша, бүгінде Ақтөбе облысының үш провизорлық госпиталінде 997 науқас өкпе қабынуына байланысты ем алып жатыр. (Олар — Ақтөбе медициналық орталығы, теміржол ауруханасы және облыстық туберкулезге қарсы аурухана). Оған қоса емханалардағы стационарларда амбулаторлық ем алып жатқан 807 науқас бар.

— Маусым айында 47 науқас өкпе қабынуына байланысты көз жұмды. Олардың дені жасы 60-тан асқан егде адамдар, олардан жас бірен-саран адам бар. Бұл адамдар тек өкпе қабынуымен ғана ауырмаған, басым көпшілігі басқа науқастарға байланысты диспансерлік есепте тұрған адамдар. Оның ішінде қант диабетімен, жүректің әртүрлі қосалқы ауруларымен, өкпенің де созылмалы бронх ауруларымен ауырған адамдар ауыр вирусты өкпе қабынуын жұқтырып, аурулары асқынған, өкінішке қарай, науқастарға жасалған емдік шаралар нәтиже бермей, бұл адамдардың өміріне біздің медицина қызметкелері араша бола алмай қалды.

Қазіргі таңда  997 науқастың 27-сі жансақтау бөлімдерінде жатыр, оның 10-ы жасанды тыныс алу аппараттарына қосылған. Науқастарға жан-жақты қажетті көлемде кешенді емдік шаралар жүргізіліп жатыр, — деді ол.

Ә.Қалиевтің айтуынша, қазір дәріханаларда дәріге сұраныс көп, тұрғындардың көптеген дәрілерді ала алмай жатқан жағдайлары болып жатыр. Облыс әкімінің кеңесшісі мұның себебі ретінде аурушаңдықтың көбеюіне байланысты тұрғындардың алдын ала дәрі-дәрмектерді сатып алып жатқандығынан көреді.

— Дәрі мүлде жоқ деп айта алмаймыз, әкелініп жатыр. Өткен аптада облыс әкімінің бірінші орынбасары Нұржауған Қалауовпен бірге барлық фармацевтикалық компаниялардың басшыларымен кездестік. Облыс әкімдігі тарапынан оларға жан-жақты қолдау көрсетіліп жатыр. Ресей елшілігі арқылы да дәрі-дәрмекті тезірек біздің облысқа жеткізу бойынша көмек көрсетіліп жатыр. Бірақ тұрғындардың сұранысына толығымен жауап бере алмай отырмыз. Дәрігерлердің тағайындауынсыз, негізгі дәрі-дәрмекті көптеп алудың қажеті жоқ, себебі кез келген ем тек медицина қызметкерінің нұсқауымен ғана жүргізілуге тиіс. Емдеу мекемелерінде дәрі-дәрмек жеткілікті. Бізге «СК Фармация» компаниясы жеткізіп отыр. Өткен аптада тамыз, қыркүйек айларына берілген тапсырысымыз бойынша дәрі-дәрмектер жеткізілді. Осы аптада қосымша аламыз. Қазіргі таңда провизорлық госпитальде өкпе қабынуына қарсы ем алып жатқан науқастар үшін дәрі-дәрмек қоры жеткілікті, — деді Ә.Қалиев.

Облыс әкімі кеңесшісінің айтуынша, науқастарды оттегімен қамтамасыз ету аса маңызды. Әрбір науқасқа міндетті түрде оттегілік қолдау болуы керек.

— Соған байланысты науқастар көп түскен кезде кейбір науқастарға жетпей қалған жағдайлар болды, бірақ оның барлығында жедел түрде мәселе шешімін тапты. Қазіргі таңда қосымша оттегілік қаптар, оттегілік концентраттар сатып алып жатырмыз, олардың барлығы провизорлық госпитальдерге жеткізілетін болады, —  деді ол.

Медициналық қызметкерлермен қамтамасыз ету мәселесі шешімін табуды қажет етіп отыр.

Бүгіннен М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан медицина университетінің аға оқытушыларын, профессорлары мен доценттерін қосымша жұмысқа тарту туралы шешім қабылданған. Провизорлық госпитальдерге басқа емдеу мекемелерінің де медициналық қызметкерлері де тартылып жатқаны айтылды. Жеке емханалар мен әскери дәрігерлерді тарту мәселелері да қарастырылып жатыр.

— Бүгінгі күні провизорлық госпитальдер Ақтөбе медициналық орталығында, теміржол ауруханасы мен туберкулезге қарсы диспансерде жұмыс істеп жатыр. Егер науқас көп түсетін болса, 30 маусымнан бастап «Шағала» санаторийі де провизорлық госпиталь ретінде науқастарды қабылдауы мүмкін. Одан басқа «Әйгерім» және «Дару» орталығындағы кереуеттерді де қосымша провизорлық госпиталь ретінде пайдалану үшін дайындық жұмыстарын жүргізіп жатырмыз.

Емдеу мекемелері дайын, дәрі-дәрмек жеткілікті, медициналық қызметкерлер ем жүргізіп жатыр. Адамның өлімі көп тіркелуі тек бізде ғана емес, медицинасы жоғары елдерде де болып жатыр мұндай жағдай. Бұл — ақталу емес. Бірақ бұл ауру тез асқынуға жол беретін, адам өліміне әкеліп соғатын ауру болып саналады. Қазіргі кезде әлеуметтік қарым-қатынасты сақтау, әркім өзіне, жақындарына жанашыр болу маңызды, тек сол кезде ғана ауруды жұқтырмауға болады. Ауруды жұқтырғанның өзінде науқас бастапқы сатыда келсе, ол дәрігерлерге адам өміріне араша болуға мүмкіндік береді. Егер өкпеде сау жер болмаса, қайда барса да, емдік шара еш нәтиже бермейді. Ауырып, қайтыс болған адамдардың өкпесінде сау жер жоқ, толық қабынғаны байқалады. Сондықтан аурудың алғашқы сатысында дұрыс ем алу керек, — деді Ә.Қалиев.

Нұрсұлу Беркімбаева тұрғындардың «сауда орындары, базарлардың аптасына 1-2 күн санитарлық жұмыстар үшін жабылатынын, оған қоса қатаң шектеу шараларына байланысты сенбі-жексенбі жұмыс істемейтіндігін» айтқан сауалдарына жауап берді.

—  Санитарлық жұмыстар тоқтатылмайды. Сенбі, жексенбі күндері қатаң карантиндік шектеу шаралары енгізілгеніне байланысты, сауда орындары, базарлар, ойын-сауық орталықтары жұмыс істемейді. Оған қоса мемлекеттік бас санитарлық дәрігердің қаулысына сәйкес, бұл нысандарда апта сайын санитарлық жұмыстар жүргізіледі. Атап айтсақ, сауда орындары, сауда үйлері әр дүйсенбі сайын, базарлардың барлығы дүйсенбі, бейсенбі күндері, ірі сауда, ойын-сауық орталықтары әр сәрсенбі сайын санитарлық жұмыстар үшін жабылады. Мұны барлық нысандар орындауы тиіс, сондықтан бас санитарлық дәрігердің қаулысын барлығыңыз орындауыңызды сұраймын, — деді ол.

Одан басқа балабақшалар, қосымша білім беру ұйымдары да эпидемологиялық жағдай тұрақталғанша жұмыс істемейтіні айтылды.

Бүгінгі жағдай осындай. Ә.Қалиевтің айтуынша, бүгінде 28 жедел жәрдем бригадасы жұмыс істеп жатыр, оған қосымша тағы 5 жедел жәрдем көлігі қатарға қосылатын болады. Ол үшін медициналық университеттің түлектері жұмысқа тартылған. Ә.Қалиев бүгінгі күні дәрігерлерге қажеттілік бар екендігін айтады. Олардың бірқатары да науқастанып жатыр. Сондықтан барлық санитарлық талаптарды сақтап, үйде отырған дұрыс…

Мейрамгүл РАХАТҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button