Жаңалықтар

Індет өршімесін десеңіз…

Коронавирус індетіне байланысты қиындықтарды тек шекараның арғы жағындағы жұрттардың еншісіне балап, бізді айналып өтетіндей көріп, емін-еркін жүргенімізде, соңғы екі-үш аптаның шамасында, елімізде тұмау, суық тию белгілері бар аурулар күрт көбейді.

Мұны асқындыру салдарынан өкпенің қабынуына (пневмония) шалдыққандар саны, Ақтөбе, Павлодар және Маңғыстау облыстарын қоса алғанда, яғни тек үш өңірде-ақ 5 мыңға жеткен. Маусым айының басынан бері біздің облыста 47 адам пневмонияны асқындыру салдарынан қайтыс болса, көрші Маңғыстау облысында 74 адам қайтыс болған. Нақ қазіргі сәтте аса ауыр халде жатқандар да, дәрігердің алдына жете алмай, қайтыс болғандар да бар. Дәрігерлер жаз айларында өкпенің қабынуы ауруының дәл бұлай өршуі бұрын-соңды болмаған жағдай екенін айтып отыр.

Өлім-жітім хабары, өкінішке қарай, жиі естіліп тұрған уақытта марқұмдарды жерлеу шараларына жұртшылықтың көп жиналуы індеттің одан әрі өршуіне соқтырмай ма?

Көпшілік марқұмды мәңгілік сапарға жаназа намазы оқылатын қаралы жиынмен аттандырып салады. Осыған байланысты Қазақстан мұсылмандарының діни басқармасы қазіргі жағдайды ескеріп, жаназа намазын оқитын және астарды өткізуге қатысатын дін қызметкеріне жаңа талаптар қойып отыр. Дін қызметкері жаназа намазына келген адамдарға індетке байланысты шектеу шараларын түсіндіріп, олардың орындалуын сұрауы керек. Жиналғандар алдында ұзақ уақыт уағыз айтуға болмайды. Уағыз 5 минуттан аспауы тиіс.

Жаңа талаптарға сай, дін қызметкерлері жаназадан кейін жиналғандарды тез қайтаруға және көп адам қатысатын асты болдырмауға атсалысулары керек.

Сондай-ақ дін қызметкері санитарлық талаптарды сақтап, ешкіммен қол алысып, амандаспайды, басқаларға да сол талаптарды орындауға кеңес береді.

Қазақстан мұсылмандарының діни басқармасы індеттің бетін қайтару мақсатында көпшілікке, әсіресе денсаулығы нашар жандарға жаназа намаздарына қатыспауға және қонақасы, жетісі, қырқы, жүзі, жылы, марқұмды еске алу сынды көпшілік жиналатын астарды еліміздегі эпидемиологиялық жағдай тұрақтанғаннан кейін ғана өткізуге кеңес беріп отыр.

Бұл сақтық шараларының бәрі, ең алдымен, бас амандығымыз үшін керек екенін ескерейік! Бұрын да айтқанымыздай, коронавирус індетін кәдуілге тұмаумен мүлде салыстыруға болмайды. Мысалы, бұрынғы тұмауға шалдыққан бір адам оны 56 адамға жұқтырғанға дейінгі уақыт аралығында коронавирус 2047 адамға таралып үлгереді екен. Яғни бұл қауіпті вирустың таралу жылдамдығы тұмаудан 36,5 есе жоғары әрі оның нақты емі әлі табылған жоқ.

 А.САРЫБАЙ.  

Басқа жаңалықтар

Back to top button