Жаңалықтар

Маусым: мазасыз кезең

Шолу

Қазақ әдетте «жаз шыға жер аяғы кеңиді, жан-жақта шуақ молайып, айнала жақсы бір күйге ене түседі» деп үміттенеді. Алайда биылғы маусым көңілдерден көп күдікті қуып шыға алмады. Көлденең тап болған құбылмалы дерт қаупі маусым айында өрши түсті, оның үстіне қосалқы сырқаттар және тап болды. Медицина мекемелері, тәртіп сақшылары бұл күндері жұмыс қарқынын төмендеткен жоқ.

Тірі адам тіршілігін жасайды. Облыс аумағында жалпы шаруалар легі тоқталмады деуге болады. Өйткені, келер күннің бір кеңшілігі болары анық.

Аудандарға — қолдау мен қаржы

Облыс басшысы Оңдасын Оразалин бұл айда бірнеше ауданды аралап шықты. Ел ішіндегі тіршілік тынысымен танысып, шаруа адамдарының алға ұмтылысын көрді.

Шынында да қай жерде болмасын, үлгі аларлық, мысал етіп ұсынарлық жұмыстар аз емес.

Мәселен, Ойылдың Саралжын селолық округіне қарасты «Айтан» шаруа қожалығында жас кәсіпкер Серікболсын Төлеуов Батыс Қазақстан облысынан 30 бас сүтті сиыр әкеліп, май-қаймақ, сүзбе, айран, құрт секілді өнімдерін молынан өндіруге бағыт ұстауда.

Байғанин ауданының Сартоғай ауылдық округіндегі «АЯ» шаруа қожалығының жетекшісі Естай Сисенбаев иппотерапия әдісімен мүмкіндігі шектеулі балаларды емдеу бағытында жұмыс істеуде. Сондай-ақ, 30 тоннаға жуық бие сүтін өңдейтін цехтың құрылысын бастамақ ниеті бар.

Алға қаласында «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында салынған 5 қабатты 60 пәтерлі тұрғын үй өз иелерін тапты.

Мұғалжарда «Қасай» шаруа қожалығы асылтұқымды ірі қара өсірумен айналысады. «Сыбаға» бағдарламасы арқылы былтыр 99,7 миллион теңгеге герефорд тұқымды ірі қара алған. Кәсіпкер 10 адамды жұмыспен қамтып отыр.

Ырғыз, Шалқар аудандарында да осындай жұмыстар жалғасуда.

Қалыбай ауылында «Нұр айназ» шаруа қожалығында 234 асылтұқымды ақбас ірі қара малы өсірілуде. Қожалық иелігінде 8650 гектар жайылымдық және шабындық жер бар.

Ал Шалқар ауданының Жылтыр ауылында жеке кәсіпкер Нағашыбай Қазиннің жылыжайы жылына екі рет, әр маусым сайын 2-3 тонна өнім береді.

Облыс басшысы осы тірліктердің барлығы да мемлекет қолдауы мен қаржысы арқылы жүзеге асып отырғанын айтып, осы бағыттағы жұмыстарды дамыта түсуді тапсырды.

Қала қалыпты дамуда

Ақтөбе қаласының әкімі Асхат Шахаров қазір қиын ахуалға қарамастан, облыс орталығын одан әрі дамыту шаралары қолға алынып жатқанын айтты.

Қала басшылығы үшін қазіргі басты міндет — халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету.

Бүгінгі күні Ақтөбе қаласындағы 97 көшеде жалпы ұзындығы 170 шақырымдық жол құрылысы 13,9 миллиард теңгеге қайта жарақтандырылуда.

Сәңкібай батыр, Бөкенбай батыр даңғылдарында күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Әбілқайыр хан даңғылын жөндеу жұмыстары да қолға алынбақшы. 312-атқыштар дивизиясы даңғылына өтетін айналма жол құрылысы да назарда.

Сонымен қатар қала көшелерін, демалыс аумақтарын абаттандыру, қала тазалығын сақтау, экологияға көңіл бөлу сияқты мәселелер де күн тәртібінде тұр.

457 мың гектар жер қайтарылды

Облыста пайданылмай жатқан жерлерді мемлекетке қайтару қарқынды жүргізілуде. Өңірдегі 30 миллион гектардан астам жердің 10 миллион 672 мың гектары пайдаланылуда. Оның ішінде суармалы, шабындық жерлер де бар. 9 миллион гектардан астам алқап жайылымдық жердің үлесіне тиесілі.

Биыл бес айда шаруалардан 457 мың гектардың үстінде жер кері қайтарылған. Оның ішінде 248 мың гектарға жуық жер қайта айналымға енгізілді.

Жерді қайтарып алу мен пайдаланылуға мониторинг жасау жұмыстарымен облыстық инспекция айналысады.

230 жасқа — арнайы стипендия

Жоғары және орта арнаулы оқу орындарында оқитын жастарға облыс әкімінің бір реттік атаулы стипендиялары берілді.

Биыл алғаш рет осы бағытта Үкімет тарапынан екі жоба қолға алынып отыр. Біріншісі «Алғашқы жұмыс орны» деп аталып, бұның аясында дипломын қолына енді алған жас мамандар бір жылға дейін мемлекеттің арнайы қамқорлығына алынады. Яғни мемлекеттік мекемеге жұмысқа орналастырылады, тиісінше еңбекақымен қамтылады.

Ал «Ұрпақтар келісімшарты» жобасы зейнет жасына жақындаған қызметкерлердің кейінгі буынға жөн сілтеп, өз мамандығының қыр-сырын меңгертуге бағытталған. 1 шілдеден бастап жүзеге асырылатын жоба, аты айтып тұрғандай, құрметті демалысқа кеткелі отырғандардың жастарды тәрбиелеп, соңынан шәкіртін қалдыруы үшін жасалған. Бұған да мемлекет тарапынан субсидия бөлініпті.

Биыл өңірдегі жоғары және орта арнаулы 12 оқу орнының өкіліне атаулы стипендия салтанатты жағдайда табысталды.

Негізінен, мұндай бір реттік көмекке ие болғандардың жалпы саны — 230. Жоғары оқу орындарының 190 студентіне 120 мың теңге, орта кәсіптік және техникалық білім беру ұйымдарының 40 оқушысына 70 мың теңге көлемінде беріледі.

Кәсіби мерекелер күні

Бұл айда бірнеше кәсіп иелері мерекелерін атап өтті. Солардың бірі — мемлекеттік қызметшілер. Қазіргі уақытта мемлекеттік  қызметшінің мәртебесі көтеріліп, сонымен бірге, оларға ерекше жауапкершілік жүктеліп отырғаны да белгілі.

Сонымен бірге, облыстың тәртіп сақшылары мен ақ халатты абзал жандар бұл күнді қызмет орындарында тұрып атап өтті. Жергілікті билік тарапынан олардың жанқиярлық еңбектері атап өтілді, сый-сияпаттар берілді.

Айдың соңғы аптасында БАҚ қызметкерлерін де жұртшылық өз кәсіби мерекелерімен құттықтады.

* * *

Сонымен, маусым да өте шықты. Айдың соңғы күндерінде селдетіп жауған жаңбыр көкірек көзін ашып, ауаны бір тазартып өткендей болды.

Шілдеде шаттықты күндеріміз мол болғай.

 Нұрмұханбет ДИЯРОВ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button