Құқық

Тұрмыстық қылмысқа тойтарыс  

Акция

Темір ауданында «Отбасында зорлық-зомбылық жоқ» акциясы өтті. Ұйымдастырушылар сол арқылы балалар мен әйелдерге қарсы жасалатын қылмыстардың алдын алуды көздеп отыр.
Дәстүрлі шара барысында тұрмыстық құқықбұзушылық жасауға бейім адамдар, сондай-ақ жағдайы төмен отбасылар мен өгей әкесімен бірге тұратындар арасында түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Мұнымен бірге аталған азаматтарға «Сенім телефоны» қызметінің жұмысы туралы мәлімет берілді.

Аталған әлеуметтік мәселе қоғамның басты дертіне айналып отыр. Акцияға психолог мамандардың да тартылып отырғаны сондықтан. Басты мақсат — құқықбұзушылықты болдырмау, оның зардабы кім-кімді де айналып өтпейтінін ұғындыру.

Акция аясында отбасылық-тұрмыстық заңбұзушылыққа, қол көтеруді айтпағанда, балағаттау, үйдегі заттарды бүлдіру, басқа да әрекеттер жататыны баян етілді. Және мұндай оқиғаға қатысты 35 есептік айлық көрсеткішке дейін айыппұл қарастырылғаны еске салынды. Ал әлгіндей әрекеттер жүйелі түрде қайталанса, бұл заңда азаптау ретінде қаралуы бек мүмкін. Оның жазасы да ауыр: тентектік жасаған 7 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы ықтимал.

Жоспарлы акция мамандардың кеңесі жазылған парақшалар таратуға ұласты.

Айбек СЕРІКҰЛЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button