Жаңалықтар

11 мейрамхана қожайыны жауапқа тартылмақ

Брифинг

Өткен сенбі күні облыстық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің басшысы Нұрсұлу Беркімбаева мен облыстың бас инфекционист-дәрігері Мейрамбек Құрманғазин ақтөбеліктердің сұрақтарына онлайн режимде жауап берді.

— 27 маусымдағы мәліметтерге сәйкес, облыста коронавирус жұқтырғандардың саны 749 адамға жетті. Сонымен қатар симптомсыз коронавирус инфекциясы вирусын 482 тасымалдаушы анықталды. Бұны зертхана анықтады. Күн сайын 20-30 науқас пен вирусты тасымалдаушы тіркеліп жатқанын көріп отырсыздар. Аурулардың көпшілігі Ақтөбе қаласынан шығып жатыр. Сондықтан демалыс күндері шектеу шараларын жариялауға мәжбүр болдық, — деді Нұрсұлу Беркімбаева.

Оның айтуынша, аудандардағы эпидемиологиялық жағдай да мәз емес. Әсіресе Шалқар, Хромтау, Темір, Мұғалжар, Мәртөк пен Алға аудандарында аталған вирус өршіп тұр.

Сондай-ақ облыстың бас мемлекеттік санитарлық дәрігері өз сөзінде шектеу талаптарын орындамай, той, садақа өткізуге жол берген Ақтөбедегі 11 мейрамхана қожайынының ісі сотқа жолданғанын атап өтті. Оларға қатысты нақты нендей шара қолданылғаны алдағы аптада айтылмақ.

Тұрғындардың «Ақтөбеде пневмониямен ауырып жатқандардың саны қанша?» деген сұрағына Мейрамбек Құрманғазин олар біршама екенін айта келе, нақты жауап беруден бас тартты.

Тікелей эфирге шыққан екі спикер де індетпен қарсы күресте бірігуіміз керектігін, ол үшін, ең алдымен, медициналық бетпердені киіп, лажы болса, үйден шықпаған жөн екенін тілге тиек етті.

Тұрғындардың арасында жедел жәрдем  қызметіне хабарласу мүмкін еместігін, неліктен тек орталық көшелерге дезинфекция жұмыстары жасалып жатқанын, сондай-ақ дәрі-дәрмектердің жетіспеушілігіне қатысты шағымын айтқандар болды. Сондай-ақ қымбатшылық буып бара жатқаны да айтылды.

Айбек СЕРІКҰЛЫ.

 

 

Басқа жаңалықтар

Back to top button