Мәдениет

Өңіріміздегі өнерлі өрендердің өрнегі

Ақтөбенің мәдени өмірінде кәсіби майталмандар ғана емес, кішкентай әнші-бишілердің де өзіндік қолтаңбасы қалыптасқан. Жастайынан түрлі байқауларға қатысып, облыстың атын асқақтатып жүрген талантты ұл-қыздар арамызда аз емес. Басқасын былай қойғанда, сахнада балауса үні һәм биімен өнер көрсеткенде, сүйсініп, риясыз қошемет көрсетпейтіндер кемде-кем. Тіпті тек балғындардың концертіне ғана көрермен боп баратындар кездеседі. Өйткені оларда жасандылық жоқ, бәрі шынайы, қылықтары да тәтті…

Осы орайда біз құрамы кәмелет жасына толмағандардан тұратын бірнеше өнер ұжымының тыныс-тіршілігіне тоқталып, олардың алға қойған жоспарымен танысқан едік.

«Назерке»

Облыстық халық шығармашылығы орталығына қарасты «Назерке» халықтық би ансамблінің құрылғанына биыл 21 жыл толды. Жетекшісі — Анаргүл Қалдыбаева.

— Қазақтың биі ерте заманнан халқымыздың аса бай мәдениетімен, тұрмыс-салтымен жасасып келе жатқан өнер түрі ғой. Осы дәстүрді сақтап, өзіндік өрнегімізді қалыптастыру мақсатында құрылдық. Біз қазақ билерімен қатар, заманауи, әлем халықтарының әр бағыттағы билерін де насихаттаймыз.

20 жылдық межеден астық. Атқарылар жұмыс әлі көп. Жоспар да жетеді. Мысалы, түрлі жастағы бишілердің басын қосып, жаңа туындыларды жарыққа шығарсақ дейміз. Шетелдегі атағынан ат үркетін байқауларға қатысу — басты мақсатымыз. Ең бастысы, қай елге барсақ та, қазақтың ұлттық бояуын, мәдениетін танытып жүргендердің бірі екендігімізді ұмытпаймыз, — дейді Анаргүл.

Бірнеше өнерлі ұрпақты тәрбиелеп шығарған «Назеркенің» би байқауларынан бос қайтуы сирек. Ел ішіндегі сындарды айтпағанда, олар Ресей Федерациясының Қазан қаласында өткен «Слияние культур: хореография и театр» халықаралық ХІV шығармашылық фестиваль-байқауда ІІ дәрежелі лауреат атанған. Ал 2006 жылы өнер ұжымы «халықтық» деген атаққа ие болды.

Шара Жиенқұлова, Нұрсұлу Тапалова сынды сахна саңлақтарының ізін жалғап келе жатқан ансамбльдің қыздары облыстың мәдени  шараларына белсене қатысады, гастрольдік сапарларға да жиі шығады. Қазіргі таңда құрамында 12-18 жас аралығындағы 20-ға жуық биші бар.

«Фрески»

Он жылдан астам уақыттан бері облыстың көптеген мәдени шараларының төрінде жүретін «Фрески» ансамблін таныстырып жатудың өзі артық. «Үлгілі» атағы бар өнер ұжымының негізін қалаған — Әсем Аяпбергенова. Ал бүгінде ансамбльдің көркемдік жетекшісі — Нұрлан Жұбаниязов. Хореограф әр кез шәкірттерімен мақтанады. Оған негіз де жоқ емес: фрескиліктер елордадағы «Аstana stars» фестивалі мен Сочи қаласындағы халықаралық балалар шығармашылығы байқауының І дәрежелі дипломанты, Санкт-Петербург қаласындағы «Art-Nova» балалар шығармашылығы байқауының ІІІ дәрежелі лауреаты, Түркияның Кемер қаласындағы «Шоумир дом солнца Турция» ІІ халықаралық фестиваль-байқауының жүлдегері.

30-дан астам биші өнер көрсететін «Фрески» ансамблі жыл сайын көрермендерінің алдында есеп береді. «Сырлы биім — елге сыйым» деп аталатын жеке концертін өткізетін би ұжымының репертуарында 20-дан астам халықтың биі бар.

— Би ұжымының мүшелері әлем халықтарының ұлттық билерін, эстрадалық, классикалық және заманауи, театралды-хореографиялық қойылымдарды орындайды. 14 жылдың ішінде «Фрески» байқаулардан жүлдесіз оралған емес, —дейді Нұрлан Жұбаниязов.

«АҚТӨБЕНІҢ» АНЫҚТАМАСЫ

 Облыстық халық шығармашылығы орталығының маманы Гүлнар Сейталинаның айтуынша, мекемеде 11 халықтық, үлгілі атақтары бар ұжым жұмыс істейді. Оның ішінде «Назерке», «Фрески», «Өркен» ұжымдары балалардан құралған. Сондай-ақ мұнда оқушылардан тұратын жас айтыскерлер мектебі бар.

— Біздегі би ансамбльдеріне қабылдану, қатысу тегін. Ал «Өркен» балалар тобында әр баладан 5 мың теңгеден алынады. Бірақ әлеуметтік жағынан әлсіз, мүмкіндігі шектеулі балалардан ақы алынбайды, — дейді орталық өкілі.

«Өркен»

Бұл ұжым әу баста облыстық халық шығармашылығы орталығында «Өркен» вокал үйірмесі болып жұмысын бастаған-ды. Осыдан 6 жыл бұрын ашылған үйірме бірте-бірте үлгілі балалар вокалдық тобына айналды. Топ құрамында 5-15 жас аралығындағы өнерге құштар бүлдіршіндер мен жасөспірімдер бар. Олардың арасында мүмкіндігі шектеулі, тұрмысы төмен балалар да ұшырасады. Барлығы — 15 өрен. Топ құрылғалы жас әнші Нұргүл Рамазанова жетекшілік етіп жүр.

—  Басты ұранымыз — «Ақпыз, қара, сарымыз, бөлінбейміз бәріміз». 2016 жылдан бастап қалалық, облыстық деңгейдегі түрлі концерттер мен мәдени шараларға атсалысып келеміз. Қарттар үйі, мүмкіндігі шектеулі балалар оқитын мектеп-лицей, сауықтыру интернатына концерттік бағдарламамызбен барамыз. Осы аралықта «Балдәурен», «Жас толқын», «Жас дарын», «Алтын жұлдыз», «Best stars», «Бала дауысы» байқауларында әртүрлі орындарды да иелендік. Ал 2018 жылы «Өркенін жайған өрендер» есеп беру кешін, «Мейірім шуағы» қайырымдылық концертін ұйымдастырып, одан түскен қаржыны денсаулығы дімкәс адамның еміне аудардық. Жалпы, «Өркен» вокалдық тобы қайырымдылық, волонтерлік топтармен бірлесе жұмыс жасайды. Былтыр «Үлгілі» деген атаққа ие болдық, — деп атап өтті Нұргүл Рамазанова.

Ұжым, жеке орындаушылар қазақ, шетелдік композиторлардың шығармаларын орындап, тыңдармандарына рухани азық сыйлауды басты мұраты санайды.

— Осы алты жыл біз үшін қызықты өтті. Аз уақыттың ішінде ұжым жанынан құрылған квартет пен жеке орындаушылар түрлі республикалық байқауларда жүлделі болып жүр. Мен ылғи шәкірттеріммен мақтанамын, — дейді сөз арасында ұжым жетекшісі.

1 маусым — Халықаралық балаларды қорғау күні облыстық халық шығармашылығы орталығының «Өркен» үлгілі балалар вокалдық тобының мүшесі, жас әнші Альмира Асанғалидың «Жайнай бер, өнер, жаңаша!» атты алғашқы  онлайн-концертінің өткенін бұған дейін хабарлаған едік. Сол сияқты алдағы уақытта өзге де жас әншілер осылай жеке концертін өткізуге мүдделі. Олардың бұл ниетін мекемедегі ағай-апайлары да қуаттап отыр.

Айбек СЕРІКҰЛЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button