Спорт

«Тобыл» жеңіліп, «Ақтөбе» тең ойнады

Футбол

Өткен жұмада «Ақтөбе» жүлделі орыннан үміткер Астананың «Локомотив» командасын қабылдады. Сыралғы қос команда аңысын аңдымай-ақ бір-біріне қарсы ұмтылды. Қонақтар сырт алаңда жүрміз деп қауіптенбеді. Алаң иелері «шаңырақ — біздікі» дегендей қожайындық құрмақ болды. Ойынның 3-минутында астаналық Остапенко сол қанаттан суырыла шығып, допты біздің қақпаның маңына көтере тастады. Біздің бағымызға қарай, бұл пас нәтижесіз аяқталды. Бұдан кейін жерлестеріміз Мокроусов, Тілешев, Дарабевтар қарсыластар қақпасына қауіпті жағдай туғызды. 20-минутта Мұрат Тілешевтің ауыр соққысын Белкин қайтарды.
Қарсыластар ойынның бірінші таймында есеп аша алмай үзіліске кетті.

Ақтөбеліктерден жеңіс күткен жанкүйерлердің көңілдері бір сәт түсіп кетті және бұл көңіл күй көтеріле қоймады. Олай демегенде ше? Есепті бірінші болып 50-минутта қонақтардың ойыншысы Пахолюк ашты. Бұдан кейін астаналықтар тас-түйін қорғанысқа көшті. Ақтөбеліктер әрең дегенде есепті теңестірді. 67-минутта Мұрат Тілешевтің берген пасын Эмиль Кенжесариев әдемі қабылдап, қарсыластардың қорғанысын бұза-жара айып алаңына өтті. Қақпаның оң жақ бұрышын дәл көздеді. Есеп — 1:1.

Осылайша «Ақтөбе» өз алаңында бір ұпайға ғана ие болды.

Алтыннан негізгі үміткер «Тобыл» Павлодарда ойнап, «Ертістен» 2:1 есебімен ұтылып қалды. «Тобылдың» бұл жеңілісі біз үшін чемпиондыққа жақындауға үлкен мүмкіндік еді. Алайда…

Қазір «Тобылда» — 55, «Ақтөбеде» — 51, «Ертісте» — 47, «Локомотивте» 46 ұпай бар.

Бердібай КЕМАЛ.

Тоғызқұмалақ

БАС ЖҮЛДЕЛЕР АҚТӨБЕДЕ ҚАЛДЫ

Тоғызқұмалақтан Шығанақ Берсиевті еске алуға арналған дәсүрлі республикалық турнир биыл алтыншы рет өткізілді. Турнирге Қостанай, Батыс Қазақстан, Атырау, Қызылорда, Жамбыл облыстарынан және өзіміздің аудандардан 100-ден астам спортшы жиналды. Турнир 14 жасқа дейінгілер және ересектер арасында өтті.

36 тоғызқұмалақшы қатысқан ерлер арасындағы бәсеке қызықты өтті. Жеті кездесудің қорытындысында екі ақтөбелік — спорт шебері Нұрбек Қабиев пен спорт шеберлігіне кандидат Аманбек Өндірбаев алты ұпайдан жинады. Бірақ Нұрбектің ойын жүргізу тәсілі басымдыққа ие болып, 1-орын алды. № 21 орта мектептің 11-сынып оқушысы Берік Сәрсенбаев 5,5 ұпаймен 3-орынды иеленді.

Әйелдер арасында № 24 орта мектептің 10-сынып оқушысы Гүлсезім Көптілеу 6 ұпаймен бірінші орынды жеңіп алды. Қызылордалық Фарида Әуесбаева мен оралдық Айнұр Байзекенова 2-3 орындарды бөлісті.

14 жасқа дейінгілер арасында хромтаулық Орынғали Ізмұхановтың мерейі үстем болды. Байғаниндік Оразбек Ғабитанов екінші, атыраулық Алтынбек Шораев үшінші орынды иеленді. Қыз балалар арасында Айгерім Лесқалиева жеңіске жетті. 2-3 орындар № 24 орта мектеп оқушысы Аида Атлашева мен Мәртөк ауданының спортшысы Гүлфат Амангелдіге бұйырды.

Чемпиондар мен жүлдегерлер облыстық туризм, дене шынықтыру және спорт басқармасының грамоталарымен және медальдарымен марапатталды. Сондай-ақ Ойыл аудандық әкімдігі және Ш.Берсиев атындағы республикалық турнирді ұйымдастыру жөніндегі ынталы топ әзірлеген ақшалай сыйлықтар тапсырылды.

Қабидолла НҰРШИН,

бас төреші.

Бернд Шторкпен шарт үзілді

Футболдан Еуропа чемпионатының іріктеу ойындарында 4 рет қатарынан жеңіліс тапқан Қазақстан құрама командасының бас бапкері Бернд Шторк қызметтен кетті. 14 қазанда Қазақстан футбол федерациясының атқару комитеті неміс маманымен арадағы келісім-шартты созбау туралы шешім қабылдады. Өйткені ол алға қойылған міндеттерді орындай алмады. Қазіргі кезде ұлттық командаға жаңа бас бапкер іздестірілуде.

Қазақстан футбол федерациясының басшылығы Алматыда өткен баспасөз мәслихатында осындай хабар таратты.

Бердібай КЕМАЛ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button