Басты жаңалықтарМереке

Ақын-жазушыларға құрмет көрсетілді

Бейсенбі күні облыс әкімі Оңдасын Оразалин Қазақстан Жазушылар одағының Ақтөбе облыстық филиалы мүшелерімен кездесіп, оларға бір реттік стипендия табыстады.

— Өткен жылы облысымызда «Ақтөбе кітапханасы» сериясы жалғасын тауып, 27 том кітап шығарылды, нәтижесінде ақын-жазушыларымыздың 50 томдық еңбектері оқырманға жол тартты. Сондай-ақ «Жауқазын» сериясымен он жас қаламгердің кітаптары да жарыққа шықты.

Былтыр өңірімізде республика деңгейінде әдеби форум өткізіліп, Ақтөбенің әдебиетке ерекше мән беретінін көрсеттік. Форум аясында Ізтай Мәмбетовтің, Сағи Жиенбаевтың, Тобық Жармағамбетовтің мерейтойлары да атап өтілді.

Биыл пандемияға қатысты кейбір жобалар тоқтап тұр. Бірақ  алдағы уақытта бұл бағыттағы жұмыстарды жалғастырып, рухани құндылықтарымызды ұлықтауға арналған бастамаларды жүзеге асыруымыз керек, — деген облыс басшысы өңірде әдебиеттің дамуына зор үлес қосып жүрген қаламгерлерге ризашылығын білдіріп, Алғыс хат және бір реттік стипендия табыс етті.

Облыс әкімінің марапатына ие болғандар қатарында белгілі ақын-жазушылар — Төрежан Мәндібай, Кәрім Айнабеков, Бауыржан Құрманқұлов, Төлеміс Меңдіғали, Тынымбай Төлепбайұлы, Мейірхан Ақдәулетұлы, Жақсылық Айжанов, Базарбай Иманов, Ертай Ашықбаев, Бауыржан Бабажанұлы, Гүлсамал Аймаханова, Сәтжан Дәрібай, Гүлімай Әбішқызы, Бижан Қалмағамбетов бар.

Кездесуде жазушы, сатирик Төрежан Мәндібай қаламгерлерге құрмет көрсеткен облыс басшысына ризашылығын жеткізсе, ақын, «Адырна» республикалық әдеби-көркем, көпшілік журналының редакторы Мейірхан Ақдәулетұлы әдебиеттің қоғамға, болашақ ұрпақтың тәрбиесіне маңызы зор екенін айтып, қаламгерлерді алдағы уақытта да ел өміріне белсенді атсалысуға шақырды.

Айта кету керек, биыл жыл соңында Ақтөбе облысы әкімдігі мен Қазақстан Жазушылар одағының бірлескен жобасы аясында ең үздік шығармаларға Төлеген Айбергенов, Ізтай Мәмбетов, Сағи Жиенбаев, Қуандық Шаңғытбаев, Тахауи Ахтанов, Тобық Жармағамбетов, Үмбетбай Уайдин атындағы әрқайсысы 1 миллион теңге тұратын 7 әдеби сыйлық беріледі.

Данагүл ҚАЗИХАН.

Басқа жаңалықтар

Back to top button