Пікір

Нық сенім мен батыл қадам

Нұрбол Сәдуақас,  

филология ғылымдарының кандидаты, доцент.

Еліміз алғашқы кезеңнен-ақ әлемді жайлаған індетке қарсы тұрып, мемлекеттік деңгейде сақтық шараларын жүргізді. Халық пандемия жағдайындағы карантин шараларына бейімделіп, бір-біріне жұқпалы дертті таратпаудың алдын алу талаптарын қатаң орындады. Осыншама сақтық шараларына қарамастан, әлемді алаңдатқан індет қаупі толастамай, бүгінде осы індеттің құрығына іліккендердің бірқатары дер кезінде емделіп шықса, енді бірі орны толмас өкінішке ұшырап отыр. Осындай қиын кезеңде елімізде балалар мен жастардың қауіпсіздігі үшін барынша жағдай жасалды. Мектеп, колледж оқушылары, жоғары оқу орындарының студенттері оқуларын үй жағдайында жалғастырып, олардың білім алуына қажетті оқу-құралдары, кітапхана қызметі, т.б. электронды жүйеге ауыстырылды.

Бүгінгі күні халық Үкімет тарапынан жасалып жатқан барлық жағдайды, жеңілдіктерді біліп-көріп отырса да, айналасындағы жақын-жуық, таныс адамдарының ауырып жатқанына алаңдаушылық білдіруде. Осындай жағдайда Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев республикалық «Ана тілі» газетіне арнайы сұхбат беріп, елдің  елдігі үшін, қазақ халқының  болашағы үшін бір кісідей жұмылып, қиындыққа қарсы тұра білуіміз керектігін, мемлекет құрушы ұлт ретінде сенім-жігеріміз мықты болып, елімізді өркендету, көркейту тек өз қолымызда екенін айтып, алаңдаған жұртшылыққа қайта күш беріп, әр адамның бойына сенім ұялатты.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев статистика бойынша вирус жұқтырғандар саны артқанын, алайда бұл өтпелі қиындық, уақытша сынақ екенін айта келіп: «Бұл жердегі мәселе кімнің қалай жұқтырып алғандығында емес. Сол азаматтарымыздың ауруын асқындырып алмай, тезірек жазылып шығуына жағдай жасау қажет», — деп, бейқамдыққа салынбай, дұрыс сақтансақ қана айналамыздағы адамдарға, жақындарымызға вирус жұқтырып алмаудың алдын алуға болатынын, карантин режимін  қатаң сақтау керектігін ескертті.

Берген сұхбатында Мемлекет басшысы ұлт басылымының ұлттық мүддеге берік болып, ана тілімізге жанашырлық танытып келе жатқанына ризашылығын білдіре отырып, қазақ тілінің мәртебесін арттыру мәселесі жөнінде өз ойларын да ортаға салды.

Президентіміз қазір аз сөйлеп, көп іс тындыратын шақ екенін, қазақ тілін дамыта түсу үшін мемлекеттік тілге деген қажеттілік тудыратын тетіктерді санамалап көрсете келе: «Мұндай астары қалың, ел тағдырын шешетін іргелі істе асығыстыққа жол бермеу керек. Қайта әрбір әрекетімізді ақылға салып, мойнымыздағы тарихи жауапкершілікті барынша сезіне отырып жұмыс істегеніміз дұрыс. Осындай өркениетті қадамдардың нәтижесінде ғана қазақ тілі ғылым тіліне айналады», — деп, қазақ тілін білуге ұмтылған әр адамды, қазақ тілінің деңгейін ұлтаралық қолданыс дәрежесіне көтеруге көмектесетін өзге ұлт өкілдерін қолдау керектігін жеткізді.

Қасым-Жомарт Тоқаев елді еңбекпен қамтамасыз ету үшін Үкімет тарапынан қолға алынған бағдарламалар мен жобалар жөнінде де әңгіме қозғап, бүгінгі күні халқымыздың той қуалайтын емес, ой қуалайтын кезеңмен бетпе-бет келгендігін, алдыңғы қатарлы мәдениетті елдің көшіне ілесу үшін жастардың ғылым мен білімді терең игеріп, қажырлы еңбекпен елді көркейтуге үлес қосуы керектігін айтты.

Халқымыздың бойына біткен дарқан көңілі мен қиындыққа төзімді, шыдамдылығын, сонымен бірге ақын Абайдың қарасөздерінде айтылған кемшіліктерді де, қанымызда бар  асыл қасиеттерді де тілге тиек еткен Мемлекет басшысы ендігі уақытта тынымсыз еңбек етуге барынша күш салуымыз қажеттігін атап көрсетті. Осы орайда жастарға дұрыс жол көрсете білу, оларды еңбекке баулу аға ұрпақтың, ел зиялыларының, ұстаздардың, әр ата-ананың міндеті болуы керек деп ойлаймыз. Қазіргідей әлемнің бет-бейнесі өзгеріп, халықтың да тұрмыс-тіршілігі өзгеше сипат ала бастаған шақта ел ағалары мен зиялы қауым өкілдері жас ұрпаққа жол көрсетіп, осы бір қиын кезеңнен шығуға атсалысады деп сенеміз.

Қорыта айтқанда, елдің алдағы өмірге нық сенім мен батыл қадам жасауына күш берген Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың бұл сұхбаты осынау қиын кезеңде бізге қолдау ғана емес, жарқын болашаққа деген даңғыл жол болды. Сондықтан осы індетті жеңу үшін сақтық шараларын қатаң ұстанып, жақынымызға жанашыр болып, ел дамуына үлес қоса білейік.

Басқа жаңалықтар

Back to top button