Денсаулық

Індет пен міндет

Жақыныңа жанашыр бол!

Бибігүл ИМАНҒАЗИНА,

жазушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Бибі-Ана» қайырымдылық қорының президенті.

 Жер жүзінің бейберекетін алып жатқан індеттен құтылудың ережелерін әр есі бар адам жатқа білетіні анық…

Күн сайын өзімнің туған еліме телефон соғып, жағдайларын біліп отырмын. Әрбір тамақ  дүкендерінен ашылып жатқан бұрыштамадан мүгедектер, көпбалалы аналар тегін тамақ алып жатқандарынан хабарым бар. Бұл енді үлкенді-кішілі әкімдердің қолынан келетін іс…

Алланың жіберген талай сынағын кірпігімді қақпай қарсы алып, шығарып салып келе жатқан адаммын.

Бұл індетке күмәнмен қарап, лақап таратып жүргендер нағыз халықтың жаулары мен дүние үшін бауырын сататын дүниеқоңыздар!

Шынымен аштықта отырған отбасы болса, маған хабарлассын. Талай отбасының мәселесін шешіп үйренген адамбыз ғой, ешкімді аштан өлтірмеспіз…

Он жеті жасымда кенеттен қайғылы жағдайға ұшырап, сегіз ай тек қана арқамда жатуға мәжбүр болдым. Ол кезде бүгінгідей теледидар, ұялы телефон дегендер болмайтын, дәрігер кітап оқуға да шектеу қоятын. Менің де шыдамай өлгім келген, сонымды байқаған әкемнің «Сенсіз мен де өмір сүрмеймін» деген сөзі мені осы өмірде қалдырды…

Мен сол кезде жанымдай жақсы көретін әкем үшін өлімнен бас тарттым, мына індетпен күресудің орнына өршітіп жүргендердің бала-шағалары жоқ па? Балаларының, немерелерінің болашағы үшін осы тажалмен күресуді мойындарына алғысы келмейтіндерден не үміт, не қайыр?!

Еліміз егемендік алып, халық абыржып жатқанда «Сіздің «Тауқымет» романыңызды оқыдық, шіріген күріш жеп отырмыз, сасыған ұн жеп жатырмыз» деген хаттар алдым. Сол кезде өмірге келген «Бибі-Ана» қоғамы қыруар жұмыс атқарып үлгерді, ең бастысы, халықты болашағымызға сендіре білді. Мүгедек аналардың тыныс-тірлігіне, балаларының жоғары білім алуына күні-түні тікелей араласып келе жатқан менің басымнан ащы да өтіп келеді, тұщы да өтіп келеді.

Соғыстан кейінгі жылдары бай, жарлы деген сөз болмайтын. Барлығы жарлы болды, бірақ бір тілім нанды бөліп жеп, бір қасық сүтті бөліп ішті. Біз есеп-қисапсыз қайырымдылықты көріп өстік. Әкем: «Қайырымдылық деген қасиетті сөз әр қазақтың жүрегінің ортасына ойып тұрып жазылған», — дейтін.

Әкемнің сол сөзі менің жүрегіме мәңгілік сақталып қалды… Өзі тырбанып, адамша өмір сүретін адамды қолдайтын азаматтар бүгінде де жетіп артылады…

Айналайындар!

Мың әйелге бөліп берсе аздық етпейтін тауқыметті басынан өткізген, соның бәрін жеңіп, бүгінде халықтың Бибі-Ана анасы атанып жүрген менің сөзіме құлақ асыңдаршы!

«Біріміздің бақытымыз — бәріміздің бақытымыз» дейтін жақсы өмірді құруға бет алып келеміз. Бақытты болу үшін де сана керек. Санасыздардың санасы оянатындай үгіт жүргізіп, мына жер жүзінің басына түсіп жатқан аждаһадан құтылу үшін бәріміз атсалысайықшы!

Бұл індетті мойындамайтындарға айтарым, Қытай кешеден бері қайтадан жан-жағын қымтауға кірісіп жатыр.

Алланың жазасына ұшырап отырмыз, қайырымдылықты есеп-қисаппен жасайтын болдық, қанағаттан, шүкіршіліктен жұрдай болдық!

Алладан күні-түні кешірім сұрайық!

Сабыр сақтап, індеттен сақтанудың барлық ережесін мұқият орындау, ең алдымен, басқаға емес, өзіңе, отбасыңа қажет!

Басқа жаңалықтар

Back to top button