БілімБасты жаңалықтар

ҰБТ: 3 күнде 2253 түлек сынақ тапсырды

Облыс бойынша жалпы 3 күнде 2253 түлек ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысты. Алға, Қарғалы, Қобда, Темір, Ойыл, Шалқар аудандарында сынақ аяқталды. Жоспар бойынша алдағы 7 күнде 3388 түлек тест тапсырады.

22 маусым күні ұлттық бірыңғай тестілеу облыстағы 8 пунктте өтті. Яғни Алға, Қобда, Қарғалы, Мұғалжар, Темір, Ойыл, Шалқар аудандары мен Ақтөбе қаласында ұйымдастырылды. Бұл күні тестілеуге қатысуға ниет білдірген 888 түлектің 877-сі сынаққа келді.

Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің өкілдері түлектерде тыйым салынған заттардың болмауын жіті қадағалады. Тестілеудің ашықтығын қамтамасыз ету мақсатында әрбір аудиторияда орналасқан бейнебақылау камералары онлайн трансляцияға қосылды. Қатысушылар металл іздегіш құрылғысынан өтпестен бұрын оларға тестілеудің тәртібі, ережесі, міндеттемелер таныстырылды. Дегенмен пункттердің кіреберістерінен 17 балада тыйым салынған заттар табылды. Соған байланысты оларға сынаққа қатысуға рұқсат берілген жоқ. Сондай-ақ тестілеу басталғаннан кейін 16 талапкерден тыйым салынған заттардың бар екені анықталды. Олар да дереу аудиториядан шығарылды. Өкінішке қарай, тәртіп бұзған бұл түлектер биыл тестілеуді қайта тапсыра алмайды.

Мүмкіндікті пайдаланып, түлектерге смартфон әкелмеуді және шпаргалка дайындаудың қажеті жоқтығын тағы бір мәрте ескертеміз, — дейді облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Нұргүл Бертілеуова.

Тестілеу барысында санитарлық-эпидемиологиялық талаптар қатаң сақталған. Тестілеу аяқталған соң аудиторияны бактерицидтік шамдармен зарарсыздандырып, ауа рециркуляторларымен тазарту шаралары жүргізіліпті.

  • 23 маусымда тестілеу облыстағы 9 пунктте өтті. Алға, Байғанин, Қобда, Мұғалжар, Темір, Ойыл, Хромтау, Шалқар аудандары мен Ақтөбе қаласында ұйымдастырылған сынаққа 1073 түлектің қатысуы жоспарланған болатын. Бірақ 15 талапкер ҰБТ өткізу пункттеріне келген жоқ. Тестілеуге қатыспаған 15 баланың біреуі денсаулық жағдайына, екеуі карантинге байланысты тестілеуге келе алмады. Сол себепті оларға облыс бойынша тестілеу аяқталғанға дейін ұлттық бірыңғай тестілеу тапсыруға мүмкіндік беріліп отыр, — дейді Нұргүл Бертілеуова.

Ақтөбе қаласында 3152 оқушы мектеп бітірді. Оның 2794-і тестілеуге қатысуға өтініш білдірген.

Маусымның 22-сі күні Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің жанындағы пунктте облыс орталығындағы 6 мектептің 2660 оқушысы сынақ тапсырды. 23 маусым күні де 6 мектептің 2660 оқушысы тестілеуге қатысты.

Ақтөбе қаласында ұйымдастырылған тестілеудің алғашқы күні пунктке кіреберістен 15 оқушыдан тыйым салынған заттар табылып, олар тестілеуге жіберілген жоқ. Сондай-ақ тыйым салынған заттар сынақ барысында 2 оқушыдан табылды. Олар да сынақтан шеттетілді, — дейді Ақтөбе қалалық білім бөлімі басшысының орынбасары Жұлдыз Шалабаева.

Айта кету керек, 26 маусымда Ақтөбе қаласындағы екінші пункт (№8 мектеп ғимараты) іске қосылады.

Нұржан 132 балл алды

Облыс бойынша 3 күнде өткізілген ұлттық бірыңғай тестілеудің қорытындысында Шалқар ауданындағы №6 мектептің түлегі, «Алтын белгі» иегері Нұржан Абдол жоғары көрсеткішке қол жеткізді.

Ұлттық бірыңғай тестілеуде 132 балл алдым. Жоғары ұпай жинайтыныма сенімді болдым. Өйткені үздіксіз дайындалдым. Әсіресе 10-11 сыныптарда бар ықыласыммен әзірлендім. Биыл таңдау пәнім — физикадан онлайн курсқа қатыстым. Еңбек зая кеткен жоқ. Қорытындысында 5 пәннің бесеуінен де жоғары баға алдым (Қазақстан тарихынан — 19 балл, математикалық сауаттылықтан — 19 балл, оқу сауаттылығынан — 20 балл, таңдау пәндері — математикадан — 39 балл, физикадан — 35 балл).

Болашақта әкем Асылбектің жолын қуып, теміржол саласында еңбек еткім келеді. Әкем машинст болып жұмыс жасайды. Алматыдағы Мұхамеджан Тынышбаев атындағы Қазақ көлік және коммуникация академиясына құжат тапсыруды жоспарлап отырмын.

Біздің сыныпта 15 оқушы мектеп бітірді.  Оның үшеуі — «Алтын белгі»,  екеуі — «Үздік аттестат» иегері, — дейді  Шалқар қаласындағы №6 орта мектептің түлегі Нұржан Абдол.

Жалпы Шалқар ауданындағы 22 орта мектепті 454 түлек бітірген. Оның 364-і ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысуға өтініш білдірген.

Біздің ауданда 35 мектеп бар. Оның 22-сі — орта мектеп. Ұлттық бірыңғай тестілеу екі күн бойы өткізілді. Тестілеуде түлектеріміз жақсы нәтиже көрсетті. Мысалы, Шалқар қаласындағы №6 мектептің оқушысы, «Алтын белгі» иегері Нұржан Абдол 132 балл жинаса, №1 мектеп-гимназияның түлегі, «Алтын белгі» иегері Шахризада Жақсылықова 130 балл алды. Сондай-ақ Айшуақ ауылындағы Бекежан  Сүлейменов атындағы орта мектептің түлегі Күнсәуле Сақтағанова да 130 балл жинады, — дейді Шалқар аудандық білім бөлімінің басшысы Абзал Абдыков.

Оның айтуынша, аудан бойынша 51 «Алтын белгі», 29 «Үздік аттестат» иегері бар.

 P.S. Бүгін Ақтөбе қаласы және Байғанин, Мұғалжар, Хромтау аудандарында ҰБТ өткізілді.

Гүлжан БАЗЫЛҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button