Басты жаңалықтарЭкономика

Ақтөбенің  құлпынайы экспортқа шығарылады

Қазір Ақтөбеде испаниялық NGS жүйесі негізінде құлпынай өсіріліп жатыр. «ЭкоФерма-2015» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің жылыжай кешенінде күніне орта есеппен 700-800 келі өнім жиналады. 

Жоба құны — 700 миллион теңге

«ЭкоФерма-2015» компаниясы 2015 жылы құрылған. Бұл — жылыжай шаруашылығында бірегей және инновациялық технологиялар негізінде жұмыс жасайтын компания.

Біз бұл шаруашылықпен айналыспас бұрын әуелі еуропалық елдердің тәжірибесін зерттеуге кірістік. Көптеген елде көрмелерге, семинарларға, басқа да іс-шараларға қатысуға тырыстық. Шетелдік компаниялардың да іс-тәжірибесін саралап, нәтижесінде  құлпынай өсіретін болып шештік. Неліктен? Өйткені біздің елімізде NGS жүйесі негізінде құлпынай өсірілмейді. Жылыжайы барлардың көпшілігі қызанақ пен қияр егумен ғана шектеледі. Ол — өте тиімді. Өйткені адамдар мұндай өнімді жиі тұтынады әрі күнделікті сатып алып жатады. Ал құлпынайды тек маусымында ғана тұтынады. Сондықтан біз қазақстандықтарға осы жидектің түрін тек маусымында ғана емес, мамырдан қарашаға дейін тұтынуға мүмкіндік жасауға кірістік, — дейді «ЭкоФерма-2015» компаниясының басшысы Азамат Жексембиев.

Жылыжай кешенін тұрғызып, құлпынай егуден бұрын аталған компания өкілдері дамыған елдерде бұл өсімдікті өсірудің көптеген жүйесімен танысқан.

— Соңғы жылдары біз Польша, Грекия, Испания, Португалия, Италия, Ұлыбритания, Германия, Белгия, Франция және Оңтүстік Корея елдерінің кәсіпорындарына бірнеше рет бардық. Соның ішінде бізге испаниялық өндіріс — NGS деп аталатын арнайы екі қабатты өсіру жүйесі ұнады. Бұл жүйе Португалия мен Ұлыбританияда, Испанияның оңтүстігінде кеңінен қолданылады.

Қазіргі уақытта «ЭкоФерма-2015» тек қазақстанда ғана емес, ТМД елдері аумағында NGS өсіру жүйесін қолданып отырған алғашқы компания саналады.   Жоба құны — 700 миллион теңге. Қаражаттың негізгі  бөлігі «Агронесие» корпорациясы» акционерлік қоғамы арқылы несиеленді. Әрине, өнім өсіруде бұдан басқа да технологиялар бар. Алайда бұл жүйені біз Қазақстанда алғашқы болып жылыжай кешенінде іске асырып жатырмыз. Біз үшін бұл үлкен мақтаныш, — дейді кәсіпкер Азамат Жексембиев.

Өнім делдалсыз өткізіледі

Кәсіпкердің айтуынша, бүгінгі күні мемлекет тарапынан түрлі субсидиялар қарастырылған.

— Бұл — біздің салаға үлкен көмек. Қазір жергілікті атқарушы органдар бізді жан-жақтан қолдап отыр. Атап айтсақ, әкімдік тарапынан бізге жергілікті өндірушілер ретінде өнімді бөлшек саудада өткізуге арнайы орындар қарастырылды. Бұл — біз үшін өте маңызды шара. Себебі біздің өнімімізді ақтөбеліктерге делдалсыз, тікелей жеткізіп, әрі бізге тауарды өткізуде сату мүмкіндігі жасалып отыр, — дейді компания басшысы.

Азамат Жексембиевтің айтуынша, аталған компания былтыр қаржылық мүмкіндіктерге байланысты жылыжай кешенін шілдеде іске қосқан.

— Жалпы NGS технологиясы бір гектарға 300 мыңға дейін көшет егуге мүмкіндік береді. Өсімдіктің жеміс беруі де әртүрлі. Оған көптеген факторлар әсер етуі мүмкін. Қазір нағыз маусымында өнім беру көлемі әр күні әрқалай. Жылыжайда күніне орта есеппен 700-800 келіге дейін өнім жиналады. Жаңа жүйенің, жаңа технологияның артықшылықтарын сезініп жатырмыз. Себебі кешенде бір күнде 1 тонна 200 келіге дейін өнім алған кездеріміз болды. Әзірге бізде өнім жинау көрсеткіші әртүрлі болып тұр. Өнімнің берілуі күн сәулесіне тікелей байланысты. Кейде өсімді жеміс бермей, тоқтап тұратын кездері болады. Күн шыға бастаса, қайта өнімін бере бастайды. Алайда біз бұл жобаның негізінде қанша өнім алатынымызды шамамен білеміз, — дейді компания басшысы.

Қазір «ЭкоФерма-2015» жылыжай кешенінде өсірілген құлпынай Ақтөбе қаласындағы «Океан», «Сазды» аялдамаларының жанында, «Дина», «Анвар» гипермаркеттеріне кіреберісте, сол сияқты 12-шағын аудандағы «Дина» супермаркетіне қарсы беттегі арнайы орында сатылады. Жергілікті өнімді көтерме бағасына сатып алушылар да көп. Ол үшін компания өкілдері 41-разъездегі базарда құлпынайды көтерме бағасына беретін сауда нүктесін ашып қойған.

NGS және жаңа технология

Кәсіпкердің айтуынша, жылыжай кешеніндегі құлпынай көшеттері Нидерланды, Италия, Испания сияқты елдердің жетекші питомниктерінен әкелінген.

Дамыған елдердегі мұндай құлпынай питомниктері нарықта болғанына 60-70 жыл болған. Бүгінде оларда үшінші, төртінші ұрпақ жұмыс жасап жатыр. Қазір біз солармен тығыз байланыс орнаттық. Ерекшелігі — сол питомниктерден әкелінген көшеттер жылына екі айналымда отырғызылады. Қазір бірінші айналымда жұмыс жасап жатырмыз. Екінші айналым күзде басталады, — дейді Азамат Жексембиев.

Компания басшылығының сөзінше, Ауыл шаруашылығы министрлігі тарапынан NGS технологиясы негізінде көшетке субсидия төлеу мәселесі өз шешімін тауыпты.

Заманауи құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген жылыжайдағы әрбір технология шетелден тасымалданған. Атап айтсақ, жылыжай корпусы Польшадан әкелінсе, арнайы құлпынай өсіру үшін оның пленкасын «Plastika Kritis» грек компаниясы Ақтөбенің климатына сәйкес жасап шығарған. 

Қазір өндірісте біз сол пленканы қолданып жатырмыз. Ол —  екі қатарлы пленка. Арасында ауа бар. Жылыжайдың суару және климат бақылау жүйесі Нидерланды елінің технологиясы негізінде жасақталды. Жылу қазандығы Германиядан жеткізілді. Ең бастысы — осы жобада құлпынай өсіретін NGS технологиясы Испания тәжірибесіне негізделді. Бірінші қабатта отырғызылған көшет тұрса, екінші қабатында су жүреді. Бұл — ерекше технология. Мұндай технологиямен құлпынай өсіру ісі бұрын-соңды еліміздің ешбір аймағында іске асырылған жоқ, — дейді компания басшысы.

NGS немесе жаңа технологияның артықшылығы неде?

NGS — New Growing System, қазақ тілінде «жаңа өсіру жүйесі» деген мағынаны білдіреді. Бұл — күнқағар астында, туннельдер немесе осындай жылыжайларда шектеулі көлемдегі субстраттарда өсімдіктерді өсіруге мүмкіндік беретін жаңашыл идея. Бұл жүйе Польша институттарында зерттеуден өткен. Сондықтан дамыған елдерде құлпынай өсіру кезінде кеңінен қолданылады. Алайда құлпынай өсірудің NGS технологиясы Испанияда кең танымал.

Құлпынай — маусымдық өсімдік. Бұл кез келген топырақ пен субстраттарға, сондай-ақ өсірудің әртүрлі технологияларына бейім келеді. Құлпынай көпжылдық өсімдік бола тұра, топырақты аз тұтынады, бірақ жарықтың жетіспеушілігі оның өсуі мен өнімділігіне теріс әсер етуі мүмкін. Оның үстіне құлпынайдың адам денсаулығы үшін маңызы зор. Өсімдіктің құрамында С дәрумені бар, — дейді мамандар.

Азамат Жексембиев жаңа технология өсімдіктерге күн сәулесін бірдей алуға мүмкіндік туғызатынын айтады. Ол үшін жұп, тақ қатарлар орнатылған. Заманауи техниканың күшімен аталған қатарлар жоғары-төмен жылжып, көшеттерге күн сәулесінің бірдей түсуіне мүмкіндік жасайды. Бұл орайда жылыжай қызметшісінің  өтуі үшін орын босатылып, ондағы әрбір шаршы метр өзінше тиімді қолданылады.

«San Andreas», «Portola» және «Мурано»

«ЭкоФерма-2015» компаниясының жылыжай кешені Ақтөбе қаласынан Хромтау ауданына шығаберіс жолда орналасқан. Жылыжайдың көлемі — 1/1 гектар.

Былтыр біз шаруаны сынақ ретінде бастадық. Көшетті Еуропа елдерінен алып келдік. Құлпынайдың ремонтанттық колифорниялық селекциясын, яғни «San Andreas», «Portola» сорттарын өсіргенбіз. Екеуі де — ремонтанттық сорттар. Бұл — тез әрі үздіксіз жеміс беретін өсімдіктің сорты. Мұндай өсімдіктер өнімді жыл бойы бере береді. Содан кейін біз сынама ретінде «Мурано» сортының италяндық селекциясын ектік. Бұл да құлпынайдың ремонтанттық сортына жатады. Бізде көбінесе құлпынайдың ремонтанттық сорттары емес, қарапайым түрі егіледі. Ауызекі тілде «КСД» деп аталады. Бұл — «клубника короткого светового дня», яғни қысқа жарық күнде өсірілетін құлпынай. Басқаша айтқанда, маусымында бір рет жеміс беретін кәдімгі құлпынай. Мұндай құлпынай өсімдігі үшін жарық күнінің ұзақтығы 10-12 сағат, яғни көктемде, ауа температурасы 12-17 градус жылылықта гүл бүршіктерін қалыптастырады. Ал ремонтанттық сорттар көшеттердің басқа түрлеріне қарағанда, жеміс берудің үздіксіздігімен ерекшеленеді. Жылыжайдағы құлпынайдың ремонтанттық сорттары өнімді төрт аптада беріп тұр. Әрине, ол сортына байланысты. Біреуі жемісті үш аптада берсе, енді бірі 5-6 аптаның ішінде өнімін беріп жатады. Бұл жерде құлпынайдың әртүрлі сорты егілген. Олар италяндық, америкалық, ұлыбританиялық, нидерландық сорттар деп жіктеле береді. Бір қызығы — бұл сорттардың барлығы өнімді бір мезгілде жаппай береді. Ол кезде өнімді жинап, сатып үлгеруің керек. Алайда біз өз климатымызға келетін сортты әлі тапқан жоқпыз, — дейді А.Жексембиев.

Биыл жылыжайға Нидерландының «Flevoplant» компаниясынан алынған көшеттер отырғызылған. Бұл сорттың аты  — «Сонсейшн». Құлпынай өсімдігінің бұл түрі өнімді бір рет қана бергенмен, жемісі мол. Мамандардың айтуынша, мұндай сортты өсімдіктен төрт аптада өнім жиналады. Кәсіпкер жылыжайға құлпынайдың бұл түрін төрт бөлікке араға екі апта салып отырғызғандарын айтады. Себебі мол өнімді бір мезгілде жинау қиындық тудырса, екінші жағынан, ақтөбеліктерді үздіксіз құлпынаймен қамтамасыз етудің мүмкіндігі қарастырылған.

Бүгінде Голландияның «Flevoplant» компаниясы құлпынай өсіріп, өндіруде көшбасшы саналады. Бұл компания ең жоғары сападағы құлпынай көшеттерін пайдаланып, соның арқасында өнімдерімен Еуропа елдеріне ғана емес, бүкіл әлемге танымал. Мамандардың айтуынша, аталған компанияның Еуропа мен Азияның түрлі елдерінде агенттері құлпынай көшеттерін сататын көрінеді. Олар — тек сатушы ғана емес, құлпынай өсімдігін өсіру, оны түрлі аурулардан қорғау мен зиянкестерден күресу әдістерін меңгерген мамандар. «Біз өз ісімізде әртүрлі сорттарды сынап көруіміз керек. Нәтижесінде біздің климат үшін өте қолайлысын табуымыз қажет. Басты мақсатымыз — сол», — дейді кәсіпкер.

«ЭкоФерма-2015» компаниясы өз өнімдерін Ақтөбеден бөлек, биыл күзде еліміздің өзге аймақтарына шығаруды жоспарлап отыр. «Өнімдеріміздің өткізу географиясын кеңейтеміз деген сенімдемін. Себебі сұраныс жоғары. Құлпынайды Ресей Федерациясына экспортқа шығаруды да жоспарлап отырмыз. Бұл — міндетті түрде іске асырылуы қажет. Осыдан екі апта бұрын өнімді көлікпен Нұр-Сұлтан қаласына жібергенбіз, бірақ Қостанай жағында жол жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатқандықтан, құлпынайды алыс жолға тасымалдау жағы қиындық туғызды. Сол себепті бір бөлігін ұшақпен жіберген едік, нәтижесі тәуір, сол жақпен де жұмыс жасауға болатынына көз жеткізіп отырмыз. Қазір Ресей тарапынан да сұраныс көп түсіп тұр. Бірақ карантин жағдайына байланысты біраз шектеулер бар. Ең бастысы — біз бірінші кезекте Ақтөбені, сосын  еліміздің басқа аймақтарын өз өнімімізбен қамтысақ, содан кейін, яғни күзге таман Ресейге экспортқа шығуды көздеп отырмыз», — дейді Азамат Жексембиев.

P.S. Қазір жылыжайда 35 адам тұрақты жұмыс жасайды. Маусымдық кезде жұмысшылардың саны жетпіске жетіп жығылады. Мұнда қарапайым жұмысшыларға еңбекақы норманы орындау көрсеткішіне сәйкес 140 мың теңгеге дейін төленеді.

**Аталған компания аймақта қайырымдылық акцияларына да қатысып, өз өнімдерін арзан бағасына өткізіп жүр. Жақында бір аптаға созылған акция барысында жылыжай өнімдерінің келісі 1000 теңгеден саудаланыпты.

 Арайлым НҰРБАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Back to top button