Экономика

Жұмыссыздықтан құтқарған грант

Мемлекеттік бағдарлама

«Бастау Бизнестің» ауыл тұрғындарының қаржылық сауаттылығын арттырып, өз кәсібін бастауларына ұйытқы болып отырған бірегей жоба екендігі туралы бұған дейін де айтып жүрміз. Бұл жолы да аталған жобаның мол мүмкіндігіне ие болған қобдалық Айбек Есалиннің жас шаруашылығы туралы әңгіме өрбітпекпіз.

Қобда — мал шаруашылығына да, құс шаруашылығына да қолайлы өңір. Түйеқұс, қаз секілді құс шаруашылығын қолға алған азаматтар саны да ауданда жыл сайын көбейіп келеді. «Құстың еті — жеңіл әрі адам денсаулығына пайдалы» деп білетін Қобда ауданына қарасты Жарсай ауылында тұратын Айбек Есалин биыл мемлекеттік грантқа қол жеткізіп, 300-ге жуық қаздың балапанын сатып алыпты.

Бұған дейін өзі де, бала күтімімен отырған жұбайы да жұмыссыздар қатарында болып, атаулы әлеуметтік көмек алып келген Айбек «Бастау Бизнес» туралы аудандық жұмыспен қамту бөлімінің мамандарынан естиді. Өткен жылы жоба аясында оқып, құс шаруашылығын дамыту бойынша бизнес жоспарын қорғап шыққан ол, биыл 555 600 теңге көлемінде қайтарымсыз грант ұтып алған. Мамыр айында 278 қаздың балапанын сатып алған Айбектің алға қойған жоспары көп.

— Бизнес жоспарымды құрар кезде ұзақ ойландым. Мал шаруашылығын бастау үшін бұдан да қомақты қаражат қажет. Ал құс шаруашылығымен өзім бұрыннан айналысып жүрмін. Ретін білемін. Сөйтіп, мамыр айында 278 қаздың балапанын сатып алдым. Әрине, сатып алған балапанның барлығы бірден өсіп кетпейді. Оларды үйге әкелген соң күтім қажет. Күнделікті беріп отыратын дәрумендері тағы бар, — дейді Айбек.

Диплом бойынша мамандығы заңгер болғанымен, Айбектің құс шаруашылығынан да едәуір хабары бар. Бұған дейін де үй қаздарының санын 300-ге жеткізген ол, келесі жылы құс санын 500-ге жеткізуді мақсат етіп отыр.

— Бүгінгі таңда қаздың етіне де, мамығына да сұраныс көп. Мәселен, мен 1 балапанды 1800 теңгеден сатып алсам, қар түскенде әр қаздың бағасын кемі 5-6 мың, ал ірілерін 7-8 мың теңгеден сатамын. Әрине, жаздай баққан еңбегің, оларға беретін жем-дәрумендерің тағы бар. «Шығын шықпай, кіріс кірмейді» дегендей, адал еңбектің наны қашанда тәтті, — дейді шаруашылық иесі.

Айбек құстарын әдетте алғашқы қар жауғаннан соң бастап сояды. Айбектің өнімін сатып алушылардың көпшілігі — қала тұрғындары. Тікелей ақтөбеліктерге жеткізіп береді.

Ұққаным, адам бір нәрсені мақсат етсе, соған ерте ме, кеш пе, жетеді. Әрине, ол үшін төзім, шыдамдылық және адал еңбек секілді үш қасиет адам бойынан табылуы тиіс. Құс шаруашылығын дамытуды өз басым көптен ойлап жүргем. Мемлекеттік бағдарламаның арқасында бұл мақсатыма жеттім. Еңбек етем деген адамға, қашан да кәсіп табылады, — дейді Айбек  Есалин.

  Ақерке САТЫБАЛДЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button