Экономика

Бағдарламалардың игілігі

Аудан

Қобда ауданында жұмыссыз азаматтар жоқтың қасы. Өз кәсібін дөңгелетіп, ауыл шаруашылығына білек сыбана кіріскен шаруалар малын бақтыратын бақташы таба алмай отыр. Бұған дейін екі қолына бір күрек таба алмай жүрген жандардың көбі бүгінде мемлекеттік бағдарламалардың игілігін көріп, өз алдына кәсіптерін бастаған.

Ауданда «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған» бағдарламасының екінші бағыты шеңберінде шағын кәсібін бастаған азаматтарды несиелендіру үшін 297,6 миллион теңге бөлініпті. Бүгінгі таңда аудан бойынша 59 азамат шағын несие алу үшін жолдама алса, оның 18-і 126,7 миллион теңге көлемінде несие алып, өз кәсіптерін бастап жатыр.

Ал биыл «Бастау-Бизнес» арқылы 75 азаматты оқыту жоспарланыпты. Ал өтініш бергендер саны  тоқсаннан асады. Бүгінгі күні олардың 34-і оқуды онлайн режимде бастап кеткен.

Мәселен, өткен жылы кәсіпкерлік негіздеріне бағытталған «Бастау-Бизнес» бағдарламасы арқылы қобдалық 222 азамат оқытылып, олардың ішінен  көпбалалы, аз қамтылған отбасылар және  мүмкіндігі шектеулі азаматтар мен жұмыссыз жастар қатарынан жаңа бизнес-идеяларды іске асыру үшін 65 азамат 30,8 млн теңге көлемінде қайтарымсыз мемлекеттік грантқа ие болып, жеке кәсіптерін ашқан.

Сондай-ақ, соңғы бір жыл ішінде ауданда шағын және орта бизнесті дамытудың кешенді шаралары жүзеге асырылып, кәсіпкерлік субъектілері іске қосылған. Мемлекеттік бағдарламалар арқылы мейрамхана, сауда орталықтары және екі жол бойындағы сервистік қызмет көрсету кемпингтері ашылды.

Ал  «Жұмыспен қамту жол картасы» бағдарламасы аясындағы биыл аудан бойынша 11 жоба қолға алынып, 230 азамат жұмысқа жолданыпты. Оның 114-і жұмыспен қамту орталығы арқылы жұмысқа орналастырылған.

Бүгінгі күні 10 жобаның мердігері анықталып,  жұмыстар басталып кетті. Жиренқопа ауылындағы дәрігерлік амбулаторияға — 3 жұмысшы, Қызылжар ауыл клубына  күрделі жөндеу жұмыстарына — 8 жұмысшы, Қобда ауылындағы Құрманов пен Алматы көшелерін жарықтандыру жұмысына — 4 жұмысшы, Қобда ауылындағы канализацияға күрделі жөндеу жұмысына — 33 жұмысшы, Терісаққан ауылдық клубының құрылысына — 11 жұмысшы, аудандық ауруханаға күрделі жөндеу  жұмысына — 12 жұмысшы, Қобда ауылындағы Алтынсарин көшесіне күрделі жөндеу жұмыстарына — 8 жұмысшы, Бегалы негізгі мектебіне күрделі жөндеу жұмысына — 8 жұмысшы және Қобда ауылындағы Әкімжанов көшесіне күрделі жөндеу жұмысына 17 жұмысшы бөлінді. Барлығы 10 жобаға жұмыспен қамту орталығы арқылы 105  жұмысшы жұмысқа жіберілді, — дейді аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Разия Жолдыбаева.

Аудан бойынша жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің мамандары  «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағдарламасы аясында қайта даярлау курстары, кәсіпкерлік негіздеріне оқыту, шағын несие және қайтарымсыз грант беру, әлеуметтік және қоғамдық жұмыс орындары, мектеп оқушылары мен студенттерге «Жасыл ел», оқу орнының түлектеріне «Жастар тәжірибесі» туралы ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын тұрақты түрде жүргізіп отырады.  

Сондай-ақ жұмыссыз және аз қамтылған отбасылардың жұмысқа қабілетті мүшелерін уақытша маусымдық, тұрақты жұмысқа тарту мақсатында бос жұмыс орындары жәрмеңкесі де уақтылы ұйымдастырылып тұрады. Мәселен, жыл басынан бері 3 бос жұмыс орындары жәрмеңкесі өткізіліп, нәтижесінде 194 азамат жұмысқа орналасқан. Сонымен қатар мобильдік рекурттық пункттер арқылы «Еңбек» бағдарламасы аясында белсенді шараларға, тұрақты жұмыс орындарына және «Жұмыспен  қамтудың жол картасы» аясындағы инфрақұрылымдық  жобаларға қатысты уақытша жұмыс орындарына жұмыссыз, өзін-өзі қамтушы азаматтар тартылды.

Ақерке САТЫБАЛДЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button