Абай — 175

Ұлылар үндестігі

Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойы аясында ақынның мұрасын ұлт санасында қалыптастыру, жастардың бойындағы елі мен жеріне деген патриоттық сезімін ояту мақсатында Н.Байғанин атындағы облыстық балалар кітапханасы «Жүрегіңнің түбіне терең бойла…» атты онлайн оқуларын өткізді.

Шараға қаламыздағы жалпы білім беретін №6, 10, 12, 22, 40, 60, 62, 63, 64, 75 орта мектептер мен М.Құсайынов атындағы дарынды балаларға арналған облыстық мектеп-интернаттың 10-12 жас аралығындағы оқушылары қатысты. Абайдың өлеңдерін мәнерлеп оқыған бейне роликтер  кітапхананың инстаграм әлеуметтік желісіндегі парақшасына жүктелді.

Биылғы «Бір ел — бір кітап-2020» акциясы аясында қазақтың ұлы жазушысы,  академик Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» роман-эпопеясы жалпыхалықтық оқуға ұсынылғаны белгілі. Осыған орай кітапхана қызметкерлері аталған акция аясында ақынның мол мұрасын оқырмандарға насихаттау мақсатында «Абай жолы» роман-эпопеясы бойынша «Бала Абайдан – дана Абайға» атты әдеби кеш ұйымдастырды. Сондай-ақ Абайды күллі әлемге танытқан жазушы М.Әуезовтің өмірі мен шығармашылығына тоқталып, «Ұлылар үндестігі» кітап көрмесіне библиографиялық шолу жасады.

«Артық білім — кітапта, ерінбей оқып көруге», — деп ақынның өзі айтқандай, оның қай шығармасын алып қарасақ та, күні бүгінге дейін өз құндылығын жоймай, рухани жаңғыруымызға игі ықпалын тигізіп келеді.

 Рима МӘНДІБАЕВА,

Н.Байғанин атындағы

облыстық балалар

кітапханасының

бөлім меңгерушісі.

 

Басқа жаңалықтар

Back to top button