Мәдениет

Сағынышпен бедерленген сыйлық

Баспасөз саласының ардагері, Қазақстанның құрметті журналисі Мұқамбетәли Есмағанбетов қалың оқырманға өлке тарихы туралы, соның ішінде қазақтың күйшілік өнерінде орны ерен тұлға Қазанғаптың шығармашылығы жөнінде үлкен ізденіспен, күйшінің Кәдірәлі Ержанов, Жәлекеш Айпақов, Шүрен Сартов сынды шәкірттерімен кездесе жүріп жазған мақалаларымен жақсы танылған еді.

Жуырда оған алыстағы Иран жерінен жақсы хабар жетіпті. Бұл жөнінде өзінен білгенімізде, мән-жайды былайша түсіндірген еді: «Осыдан жиырма жылға таяу уақыт бұрын  Алматыдан біздің үйге: «Қазанғап күйлерін зерттеушімін», — деп Аягөз есімді бойжеткен бала келіп, менен көп мағлұматтар алғаны бар. Өнерге қаршадайынан жақын өскен қыздың ізденісіне зер салсаң, шығармашылықтың шыңына деген ұмтылысын ғана байқайсың.

Одан кейін онымен байланыс болмады. Дегенмен, қанша жылдар өтсе де, мені ұмытпаған, таяуда телефон арқылы хабарласып, көңілімді көтеріп тастады.  Әр кезеңдерде Нұр-Сұлтандағы Лев Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінің «Дәстүрлі музыкалық өнер» кафедрасында, Қазақ Ұлттық өнер университетінде жұмыс жасаған. Қазір отбасы жағдайымен өзі Иран Республикасының астанасы Тегеранда тұрады екен. Тілдесу барысында ол менің сапалы суреттерімді өзіне жіберуін сұрады, біз де алыстан айтылған тілекті орындадық. Бірнеше күн өткесін қарындасымыз тағы да хабарласып: «Ағатай, кезінде Шалқарға барғанымда сіз маған көп қамқорлық көрсеттіңіз, екеуіміздің де зерттеуіміз — ортақ тұлға, мен сіздің белгілі күйші хақындағы мол мәліметтеріңізбен сусындадым. Сол ізетіңізге деген шынайы алғысымның кішкентай бөлшегі санарсыз» — деп, ирандықтардың қолымен кілемшеге тоқылған менің суретімді телефоннан көрсетіп тұр. Төтенше жағдай талаптары реттелісімен үйіңізге дейін жеткізіп беруді өз мойныма аламын деп уәдесін беріп, нақтылап қойды.

Осы жасыма шейін ешкімнен сыйлық та, жазған дүниелеріме құрмет те дәметкен емеспін. Бұны өнердің құдіреті деп есептедім».

Қазанғап шығармашылығын насихаттау жолында көп еңбек сіңірген журналист Мұқамбетәли Есмағанбетовке көрсетілген бұл құрмет мені ойландырып, мен де алыста, Иран жерінде жүрген қазанғаптанушы Аягөз Нұрсұлтанмен хабарласуды жөн көрдім. Күйші ретінде ол өзін Ақтөбе, Сыр бойы күйшілік мектептерінің өкілімін деп таныстырады екен. Жолдасы дипломатиялық қызмет атқаратындықтан, 14 жылдан бері елімізден тыс жерлерде жүр. Оның Қазақстанда осыған дейінгі соңғы қызмет жасаған орны — Қазақ Ұлттық өнер университеті. Ұстаз болып шәкірт тәрбиелеп, өрендерді дәстүрлі өнерге баулуға үлес қосқан күйші қыздың Қазанғап күйлеріне деген құрметінің жоғары екенін әңгімесінен бірден аңғардым.

— Мен Сыр еліне танымал күйшілер әулетінен шықтым. Қанмен берілген қасиет болар, ес білгеннен күйге құмартып өстік. Әсіресе, Қазанғап күйлеріне деген құрметім айрықша. Оның күйлерінің орындалуындағы стильдік ерекшеліктеріне тәнтімін. Ойын баласы кезімізде ауылымыздың ортасындағы биік бағаналардың біріне ілінген радионың дауыс зорайтқышынан қазақтың ән-күйлері беріліп жататын-ды. Кейде Қазанғап күйлері орындалады. Оны айна-қатесіз жеткізушілердің бірегейі Сәдуақас Балмағамбетов екенін де біліп алдым. «Армансыз адам, қанатсыз құспен тең» дегендей, мен де: «Әттең, Қазанғап күйлерінің шебер орындаушысы болсам, Сәдуақас ағамен кездесіп,  дәріс алсам» — деп ойлайтын едім. 1995 жылы Құрманғазы атындағы Алматы мемлекеттік консерваториясына оқуға қабылдандым. Ол кезде бұл оқу орнына түсудің өзі өте қиын, талапкерлердің дені — арнайы өнер мектебін бітіргендер, орын санаулы, бір орынға бес адамнан таласады. Әуелі Алла қолдап, Қызылордадағы музыкалық колледжден алған біліміме, өнеріме сүйеніп, өз күшіммен осы оқу орнының студенті атандым. Бірақ, арманымдағы ұстазымның сыныбына емес, профессор Құбыш Мұхитовтың тобына қабылдандым. Бір күні оқу ордасының дәлізінде күйші-композитор Сәдуақас ағаны алғаш кездестірдім. Шағын денелі, үлкен көзілдірікті ұстазға менің батылдыққа салынып:

— Садуақас ағай сіз боласыз ба? — деген сауалым ұнамай қалса керек.

— Болсақ болармыз, — деп жүре жауап беріп, кідірмей өте шықты.

Бәрібір мен «осы кісіден дәріс алсам» деген о бастағы ұстанымды жоғалтпадым. Бірақ ағай ол кезде күйшілерге емес, әншілерге дәріс беретін еді. Оның класына қабылдануға ниетті екенімді Құбыш ағайыма да, ауылға хабарласып, әкеме дейін бірнеше мәрте ескерттім. Олар бұлай болудың реті жоқ екенін айтып, қайтарып тастап отырды. Уақыт өте дегенім орындалып, екі ұстаздан қатар дәріс алуға мүмкіндік туды. Шығармашылығын үлгі тұтқан марқұм ұстазым Сәдуақас ағайдан үйренгенім көп, тәлімгерлік еңбегін ерекше бағалаймын, өзімді оның соңғы шәкірттерінің бірімін деп есептеймін, — деді Аягөз Нұрсұлтан.

Консерваторияның 3-курсына келгенде ұстаздары бір тақырып бекітіп, соған күй шығаруды міндеттейді. Бұл жалғыз бір студентке ғана емес, топтағы жалпы білім алушыларға берілетін тапсырма еді. Аягөз шығарған күйлерін Қазанғаптың мақамымен орындап, ұстаздардың көңілін бір марқайтып тастапты. Сөйтіп, оған Қазанғап күйлерін, оны орындаушылардың шеберліктерін зерттеу тапсырылады. Бұл тапсырмаға да асқан жауапкершілікпен қарап, алдымен Сәдуақас Балмағамбетовтің күйлерін нотаға түсіріп, сол бойынша дипломдық жұмысын үздік қорғап шықты. Консерваторияны жаңа ғана бітірген жас маманға ғылыми жетекшісі енді Қазанғапты зерттеуді тапсырады.  Бұл жауапкершілігі мол жұмысты да бар ынта-жігерімен қолға алып, 2000 жылы Ақтөбе өңіріне келіп, есімдері елеулі  Қожагелді Аманов, Жұмабай Жансүгіров, Нұрболат Жанаманов, Ақмырза Мұратов, Теңел Көлбаев, Бақыт Басығараев, Жайлау Асылханов сынды күйшілермен жүздесіп, мәнді мәліметтер жинайды. 2002 жылы Шалқарға келіп, Қазанғап Тілепбергенұлының Ақбауырдағы бейітіне барып тәу етеді.

— Шалқарда болған аз күнде Мұқамбетәли ағаның Қазанғапты зерттеу жолында жинаған еңбектерінің нобайымен таныстым. Жергілікті кітапханалардан күйші туралы мағлұматтар іздестіре қалсам, үнемі осы ағамыздың мақалалары алдымнан шыға берді. Бұл кісінің жазу стилі ерекше екен, байырғы тілмен суреттеп, өзіңді оқуға ынталандырып тұрады.

Алмақтың да салмағы бар, арнайы жасатқан кішкене осы сыйлығымды ағаның сол еңбектеріне арнадым. Әзірге, кілемше Тегеранда төл өнерді, әсіресе Борсық құмының бауырайынан шалқып, күмбірі жалпақ елге естілген Қазанғап күйлерін жанындай қастерлейтін қазақтың бір баласының үйінің төрінде тұр деп есептерсіздер, — деді ол.

Аягөздің күй орындау шеберлігіне кезінде Мырзатай Жолдасбеков, Төлен Әбдік, Өмірбек Байгелді, марқұм Әбіш Кекілбаев, Ақселеу Сейдімбековтер жоғары бағасын беріпті. Ақселеу Сейдімбеков: «Аягөз кез келген күйді сұлу орындайды, бармақтарының сиқыры бар» — деп, батасын берген екен.

Оның әңгімесінен аңғарғаным, Иран қазақтары да төл мәдениетіміз бен өнерімізді жоғары бағалайды. Мәселен, Тегераннан 5 шақырым қашықтықтағы Горган деген қалада 100 шақты қазақ отбасының үйі бар екен. Ондағы қандастар Аягөзді талай іздеп келіп, өздеріне күй үйретуін сұрапты. Араларында Сүгірдің термелерін домбырамен сүйемелдей алмаса да жатқа білетіндері бар деседі. Алайда бұл өтініштерін қанағаттандыру үшін де сол елдің шарттары бойынша арнайы рұқсаттар қажет көрінеді.

— Күй құдіреті қастерлі, оның астарында аңыз бен әфсана жатыр, біреудің зары мен жұбанышы тұр. Тақырыпқа терең бойламай, домбыраны шерте беруден саф күйшілік шықпайды. Күй өнері, оны шығарушы тұлғалардың   шығармашылығы — бар қазаққа ортақ рухани дүние. Оны біздікі, сіздікі деп бөлуге болмайды. Бұл ұлттық өнерге жасалған қысастық, мәдениеттің өрісін тарылту болып саналады, — дейді өнертанушы Аягөз Еркінбекқызы.

Алыстағы Иран елінен жолданған сағыныш сыры осындай…

Мұхтар МЫРЗАЛИН,

Шалқар қаласы.

Басқа жаңалықтар

Back to top button