Экономика

Бюджет қаражатын жоспарлау және жұмсау: заң талабы қатаң сақталуы тиіс

Сағат ЕҢСЕГЕНҰЛЫ,

Ақтөбе облысы бойынша тексеру комиссиясының төрағасы.

Ақтөбе облысы бойынша тексеру комиссиясы өткен 2019 жылдың есепті кезеңінде 122 мемлекеттік аудит объектісінде 9 іс-шара өткізді.

Аудитпен қамтылған қаражаттың жалпы көлемі 253 206,8 миллион теңге мөлшерін құрады. Егер оны саралап айтар болсақ, 235 876,5 миллион теңге мемлекеттік мекемелерге және 2 786,2 миллион теңге квазимемлекеттік сектор субъектілеріне және 14 544,1 миллион теңге өзге де ұйымдарға тиесілі.

Анықталған бұзушылықтардың жалпы көлемі — 24 594,3 миллион теңге, оның ішінде қаржылық бұзушылықтардың көлемі — 2 438,0 миллион теңге. Бұдан басқа 5 624,3 миллион теңгеге бюджет қаражатын тиімсіз жоспарлау, 16 532,0 теңгеге бюджет қаражатын тиімсіз пайдалану және 762 бірлік рәсімдік бұзушылықтар анықталды.

Жүргізілген аудиторлық іс-шаралардың нәтижесінде 2 438,0 миллион теңге көлемінде қалпына келтіруге және өтеуге жататын бұзушылықтар анықталғанын атап өтуге болады.

Биылғы жылғы 1 маусымдағы жағдай бойынша 1 502,9 миллион теңге іс жүзінде өтелді және қалпына келтірілді. Қалдық 935,1 миллион теңгені құрайды.

Жүргізілген аудиторлық шаралардың нәтижелері бойынша мекемелер мен кәсіпорындарда еңбекақы төлеуге, іссапар шығыстарына, жанар-жағармай материалдарына, бюджеттік өтінімдерде көзделмеген шығыстарға бюджет қаражатын негізсіз, артық жұмсауға жол берілетіні анықталды.

Бұдан басқа кейбір бюджеттік бағдарламаларға сәйкес бюджеттік өтінімдерді қалыптастыру бойынша бірқатар бұзушылықтарға жол беріледі, бюджетті нақтылау кезінде қосымша бюджеттік өтінімдер әзірленбейді, растайтын құжаттар мен бюджеттік өтінімдердің есептері жоқ. Сондай-ақ бюджеттік бағдарламалар әкімшілерінің бюджеттік бағдарламалары бекітілмейді және тікелей және түпкілікті нәтижелер көрсетілмейді.

Кәсіпорындарда кірістер мен шығыстардың жоспарлы көлемінің нақты көлемдерден ауытқуы байқалады, бұл кәсіпорындардың қызметін сапасыз жоспарлауы, даму жоспарларына өзгерістерді уақтылы енгізбеуі туралы куәландырады.

Бұдан басқа аудандарда тиімді салықтық әкімшілендірудің жеткіліксіздігі салдарынан салық түсімдерінің қолда бар әлеуеті толық көлемде пайдаланылмайды. Бюджеттің едәуір ысырабы таза табыстың бір бөлігін уақтылы аудармаған не оны толық елемеген кезде құралады.

Бұзушылықтар сипатын талдау бұзушылықтардың бір үлгідегі сипатқа ие және қайталанатынын көрсетті.

Жіберілген кемшіліктер, негізінен, мемлекеттік активтерді, бюджеттен бөлінген қаражатты басқарудың төмен деңгейіне байланысты. Лауазымды тұлғалар ҚР заңдарын сақтамай, мемлекеттік қаражат пен активтерді пайдалануда бұзушылықтарға жол береді, бұл аз шығынмен жоғары нәтижелерге қол жеткізу, жергілікті бюджет қаражатын тиімді пайдалану бойынша жұмысты ұйымдастыруда бірізділіктің жоқтығын білдіреді.

Жүргізілген аудиторлық іс-шаралар бюджет қаражатын жоспарлау және жұмсау кезінде бюджет және өзге де заңнаманың бұзылуына бюджеттік бағдарламалар әкімшілері тарапынан тиісті бақылаудың болмауына байланысты жол берілетінін көрсетеді. Квазимемлекеттік сектор субъектілері аудитінің нәтижелері ведомстволық бағынысты кәсіпорындардың қаржы-шаруашылық қызметін жүргізу талаптарын сақтау бойынша мемлекеттік органдардың жеткіліксіз үйлестірілген жұмысын көрсетеді, бұл көбінесе бюджет қаражатын бақылаусыз жұмсауға әкеп соғады.

2019 жылы жүргізілген аудиторлық іс-шаралардың нәтижелері бойынша 48 лауазымды тұлғаға қатысты тәртіптік шаралар қабылданып, 60 лауазымды тұлғаға әкімшілік айыппұл түрінде жалпы сомасы 6,8 миллион теңгеге әкімшілік шаралар қабылданды.

Іс-әрекеттерінде қылмыстық жаза белгілері бар анықталған бұзушылықтар фактілері бойынша 2019 жылы тексеру комиссиясы құқық қорғау органдарына іс жүргізу шараларын қабылдау үшін 23 материал тапсырды.

Сонымен, «Мәртөк селолық округі әкімінің аппараты» ММ және «Мәртөк балалар-жасөспірімдер спорт мектебі» КММ-не бөлінген бюджет қаражатын (активтерді) пайдаланудың мемлекеттік аудитімен 667,7 миллион теңге қамтылды. Анықталған бұзушылықтардың жалпы көлемі — 163,9 миллион теңге, оның ішінде қаржылық бұзушылықтар сомасы 16,6 миллион теңге және тиімсіз пайдаланылған бюджет қаражаттары және активтер 147,3 миллион теңгені құрады.

Мәртөк аудандық соты «№7 Мәртөк балалар-жасөспірімдер спорт мектебі» КММ-нің бухгалтеріне қатысты берілген материалдар бойынша кінәлі деп танып және мемлекеттік қызметте бухгалтер, бас бухгалтердің айналысу құқығынан өмір бойына айыра отырып, үкімімен 3 жылға бас бостандығын шектеуіне жазаланды.

«Ақтөбе» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ-на квазимемлекеттік сектор субъектілерінің активтерін басқарудың тиімділігіне, жергілікті бюджеттен бөлінген қаражатты тиімді пайдалануына мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау жүргізілді.

Аудиторлық іс-шарамен қамтылған қаражаттың және активтердің көлемі  8 194,4 миллион теңгені құрады. Анықталған бұзушылықтардың жалпы сомасы 3 170,5 миллион теңгені құрады, оның ішінде қаржылық бұзушылықтар — 28,6 миллион теңге, бюджет қаражатын, активтерді тиімсіз пайдалану бойынша 3 141,9 миллион теңге, рәсімдерді орындау тәртібін бұзу 30 бірлік.

Түгендеу кезінде бастапқы құны 28,2 миллион теңге құрайтын 12 негізгі құралдарға жетіспеушілік анықталды. Сонымен қатар Ақтөбе облысының немесе қоғамның өзінің экономикасын дамытуға ықпал етпеген қаржылық операциялар жүргізілді немесе қаражат тиімсіз жұмсалған «Зерде-Строй» ЖШС-ның «Алға облыстық балалар үйінің жыл бойғы лагерінің 7 ғимаратын жылумен қамтамасыз ету» жобасы бойынша 75,0 миллион теңгеге және «Батыс-Агро 2008» ЖШС-ның ғимаратына жалпы сомасы 100,1 миллион теңгеге пайызсыз қарыз берілген.

Шалқар ауданында 20,236,0 миллион теңге аудитпен қамтылды. Анықталған бұзушылықтардың жалпы көлемі 2 837,2 миллион теңге құрады, оның ішінде қаржылық бұзушылықтар — 140,2 миллион теңге, тиімсіз жоспарлау — 2 445,0 миллион теңге, тиімсіз пайдалану 252,0 миллион теңге және рәсімдерді орындау тәртібін бұзушылықтар — 150 бірлік.

Аудит барысында анықталған қаржылық бұзушылықтар арасында: Шалқар аудандық сәулет, құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімі бойынша «ЛИЛИТ» ЖШС-ның мердігеріне Шалқар қаласындағы 4 көшені жөндеу жұмыстарының орындалмаған көлемі үшін негізсіз 38,0 миллион теңге бюджет қаражаты төленді (шарт сомасы — 146,8 миллион теңге). Сондай-ақ аудан мекемелерінде артық төленген жалақы, демалыс және аванстар қаражаттарын уақтылы ұстамау, іссапар шығындарын негізсіз артық төлеу фактілері анықталды.

Шалқар аудандық білім бөлімінің ведомстволық бағынышты мекемелерінде негізгі құралдарға түгендеу жүргізу кезінде 12,4 миллион теңгеге, сонымен қатар Шалқар аудандық кәсіпкерлік бөлімінің теңгеріміндегі тұрғын үйлерді 5,5 миллион теңгеге тиімсіз пайдалануы анықталды.

Ақтөбе қаласы бойынша өткізілген мемлекеттік аудитпен 102 942,5 миллион теңгеге 34 мекеме қамтылды. Анықталған бұзушылықтардың көлемі 14 381,9 миллион теңгені құрады, оның ішінде 1 503,8 миллион теңгеге қаржылық бұзушылықтар, 11 809,3 миллион теңге бюджет қаражатын тиімсіз пайдалану, 1068,8 миллион теңге тиімсіз жоспарлау және рәсімдерді орындау тәртібін бұзу — 237 бірлік.

Сарапшылардың қатысуымен құрылыс және күрделі жөндеу кезінде орындалмаған жұмыс көлеміне мердігерлерге негізсіз 1 005, 6 миллион теңге төлем жүргізілгені анықталды.

Оны саралап айтар болсақ:

құрылыс бөлімі бойынша негізсіз төлем 926,3 миллион теңгені құрады, («Ақтөбе қаласының Батыс-2 шағын ауданы №3, 4, 5 тұрғын үйлер алабының аумағынан жаңбыр және еріген суларды бұру үшін нөсер кәрізінің құрылысы» жобасын жүзеге асыру кезінде «КварцСпецСервис» ЖШС-на 1,4 миллион теңге; «Ақтөбе қаласының Өнеркәсіп аймағында құйма станциясының құрылысы» жобасына «Тетракон Инжиниринг» ЖШС-на 2,1 миллион теңге; «Ақтөбе қаласының Кiрпiшті ауылы аумағында құйма станциясының құрылысы» жобасымен «Спарта и Ко» ЖШС-на 0,9 миллион теңге; «Ақтөбе қаласы Ә.Молдағұлова даңғылынан Сәңкібай батыр даңғылы бойымен Сазды өзеніне дейін езілген қар және жаңбыр суларын айдау үшін су айдау каналының құрылысы» нысаны бойынша «ШАМ» ЖШС-на 104,1 миллион теңге; «Нұр Ақтөбе» шағын ауданында қазандықты ұлғайту» нысаны бойынша «Казтеплоэнергомонтаж» ТС-на 478,0 миллион теңге; «Нұр Ақтөбе» тұрғын алабының №1 шағын ауданы аумағында 4 қабатты 48 пәтерлік №37 тұрғын үйдің құрылысы» жобасы және «Рус-Тал»  ЖШС жобасы бойынша — 7,7 миллион теңге; «Ақтөбе қаласы Украинка поселкесіндегі 300 орынға арналған орта мектеп құрылысы» жобасымен «СтройМұнайСервис» ЖШС-на 2,5 миллион теңге; «Нұр Ақтөбе» тұрғын алабы №4 шағын ауданындағы №13,14 тұрғын үйлер аумағын абаттандыру бойынша «Ser-Mar KZ» ЖШС және « Шам» ЖШС — 7,1 миллион теңге).

«Табыс Ақтөбе» ЖШС-да қаржылық бұзушылықтар 21,5 миллион теңгені құрады, оның ішінде 11,5 миллион теңгеге көлемдерді тіркеу жолымен қатты тұрмыстық қалдықтар полигонында арнайы техника қызметіне, орындалмаған жұмыс көлемі үшін төлеп жіберген, сондай-ақ жарғылық капиталдағы бюджеттік инвестициялар жалпы сомасы 10,1 миллион теңгеге бекітілген қаржылық-экономикалық негіздемеге сәйкес іске асырылмаған.

Жер қатынастары, сәулет және қала құрылысы бөлімінде жер учаскелерінің мақсатты пайдаланылуына және жер пайдаланудың уақытында есептеуіне тиісті бақылаудың және мониторинг жүргізілмеуіне байланысты жергілікті бюджет кірісіне 44,1 миллион теңге қаражат өндірілмеген, жалдау және несие бойынша тұрғындардың уақытында есептеулері қамтамасыз етілмеген, оның қарызы 8,4 миллион теңгені құрады. Бұдан басқа тұрғын үй қатынастары бөлімі бойынша кезекте тұрғандарға, облигациялық қарыз есебінен салынған жалға берілетін және тұрғын үйлердегі пәтерлерді негізсіз және заңсыз бөлуге байланысты қалалық бюджет шығындары 2,2 миллиард теңгені құрады.

Экономика және қаржы бөлімі тарапынан бюджетаралық қатынастардың өрескел бұзылуына жол берген, белгіленген мерзімде 8 миллиард теңге тұрғын үй қарыздарының қайтарылуын қамтамасыз етпеген.

Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінде қаланы көгалдандыруға жалпы көлемі 71,4 миллион теңге бөлініп, отырғызылған 1000 көшеттің 90%-дан астамы құрғап кеткен.

Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімімен 56,8 миллион теңге жұмыссыздарды кәсіптік оқытуға және қайта даярлауға, олардың жұмысқа орналасуының төмендігіне байланысты қаражат тиімсіз пайдаланылды.

Ауыл шаруашылығы және ветеринария бөлімі асылтұқымды мал сатып алуға және жеміс ағаштарын өсіруге бөлінген 2,2 миллион теңге субсидиялардың мақсатты және тиімді пайдаланылуын бақылауды қамтамасыз етпеді.

Жүргізілген аудит қорытындысы бойынша тексеру комиссиясы тарапынан Ақтөбе қаласы әкімдігінің коммуналдық меншікті есепке алу және тиімді басқару бойынша қанағаттанғысыз жұмысы аталып өтілді. «Тазалық» мекемесін тарату рәсімдерінде, «Таза қала» және «Тұңғыш Президент атындағы орталық саябақ» мекемелерін жекешелендіру және сенімді басқаруға беру рәсімдерінде бұзушылықтар жіберілгендігі анықталды.

Тексеру комиссиясы отырысының қорытындысы бойынша жол берілген қаржылық бұзушылықтар үшін облыстың құқық қорғау органдарына құрылыс, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, тұрғын үй қатынастары бөлімдері, «Табыс Ақтөбе» және «Ақтөбе қаласының тиімді даму орталығы» мекемелері бойынша материалдар тапсырылды.

Тексеру комиссиясы мемлекеттік бағдарламалар шеңберінде іс-шаралардың іске асырылуына мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау жүргізуді қолданады.

2019 жылы «Ақтөбе облысының құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасы», «Ақтөбе облысының энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасында» 2015-2019 жылдарға арналған «Нұрлы жол» инфрақұрылымдық даму мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде іс-шараларды іске асыруға мемлекеттік аудит жүргізілді. 24989,5 миллион теңге қамтылды. Анықталған бұзушылықтар көлемі 389,0 миллион теңгені құрады,оның ішінде қаржылық бұзушылықтар — 297,5 миллион теңге, бюджет қаражатын тиімсіз жоспарлау 91,5 миллион теңге және рәсімдік сипаттағы бұзушылықтар — 13 бірлік.

Аудит барысында бюджет қаражаттары есебінен салынған 4 нысан арасында («Хромтау ауданы Дөң ауылында 600 орынға арналған орта мектеп құрылысы», «Мұғалжар ауданы Сағашилі ауылында 320 орындық орта мектеп құрылысы», «Байғанин ауданы Қарауылкелді ауылында 100 орындық интернаты бар 300 орындық мектеп салу», «Алға қаласында 100 орындық интернаты бар 600 оқушыға арналған орта мектеп құрылысы») «Ақтөбе облысы Мұғалжар ауданы Сағашилі ауылында 320 орындық орта мектептің құрылысы» бойынша орындалмаған жұмыстарға 68,0 миллион теңгені аударып жіберген.

Сондай-ақ «Бадамша-сервис» ШЖҚ МКК-да жүргізілген қарсы тексеру барысында Бадамша кентінде жылу желілерін сақиналау кезінде 1,6 миллион теңгеге орындалмаған жұмыстар анықталды.

Құрылыс басқармасы бойынша  2018 жылдың соңында аяқталған 3 (үш) объектіні уақтылы облыстық коммуналдық меншіктен аудандық коммуналдық меншікке беру бойынша жұмыстары орындалмаған.

Аудиторлық іс-шаралардың қорытындылары бойынша негізгі бұзушылықтар мыналар болып табылады: бюджет қаражатын сапасыз жоспарлау, жұмсалатын қаражат көлемі мен жоспарланған нәтижелерді байланыстырудың болмауы, олардың бағдарламалық құжаттардың мақсаттары мен міндеттеріне сәйкес келмеуі, сондай-ақ заңнаманың белгіленген нормаларын және Мемлекеттік сатып алуды құқықтық реттеу қағидаттарын елемеу, бюджеттік және бухгалтерлік есеп жүргізуді бұзу, еңбекақы төлеудегі, мемлекет активтерін пайдаланудағы бұзушылықтар, іссапар шығыстарын негізсіз төлеу және артық өтеу.

Осылайша жүргізілген аудиторлық іс-шаралар негізінен бюджет қаражатын жоспарлау және жұмсау кезінде бюджеттік және өзге де заңнаманың бұзылуына тиісті бақылаудың болмауына байланысты жол берілетінін көрсетеді. Ал мұның барлығы қатаң ескеруді қажет етеді, олай болмағанда заң алдында жауап беруге тура келеді. 

Басқа жаңалықтар

Back to top button