Басты жаңалықтарЭкономика

«Аудандар қолдау мен қаржыны тиімді игеруі қажет»

Өткен сенбіде облыс әкімі Оңдасын Оразалин жұмыс сапарымен Ырғыз, Шалқар аудандарына барды. Қос аудандағы шаруашылықтарды аралап, әлеуметтік нысандардың жағдайымен танысты. Сондай-ақ аудандардағы жөнделіп жатқан жолдардың сапасын қадағалап, мердігер ұйымдардың өкілдерімен тілдесті.

Көрсеткіш төмен, жоба саны аз…

Облыс әкімі алдымен Ырғыз ауданының Қалыбай ауылы маңындағы «Нұр айназ» шаруа қожалығында болды. Бүгінде 234 бас асылтұқымды ақбас ірі қара малын өсіріп отырған шаруашылықта үш адам жұмыс жасайды. Қожалық иелігінде 8650 гектар жайылымдық және шабындық жер бар. Сондай-ақ шөп шабатын техникалармен толық қамтылған.

Облыс басшысы аталған қожалық алаңында аудандық ауыл шаруашылығы және кәсіпкерлік бөлімдері ұйымдастырған көрмені аралап, аудандағы шаруалармен тілдесті. Олардың қатарында бірнеше жылдан бері қазақтың құйрықты жартылай қылшық жүнді қойын өсіріп, ауданда қой шаруашылығын дамытып отырған «Алтын-Әсел» ЖШС директоры Хамит Өтеуов, асылтұқымды ірі қара мен қазақтың құйрықты қылшық жүнді қойын өсіріп отырған «Наурыз СИМ» ЖШС басшысы Ибригим Сәрсенбаев, бүгінде 100 қаз, үйрек бағып, құс шаруашылығын қолға алған кәсіпкер Гүлшат Бөлекбаева, т.б. бар. Көрмені аралап шыққан облыс әкімі ауданда мал және бау-бақша шаруашылығын дамытуға мүмкіндік мол екенін, осы орайда жоспар бойынша биылғы жылы бір ғана жоба жүзеге асырылғанын, «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы аясында атқарылған жұмыстардың көрсеткіші өте төмен екенін айтып, аудан әкіміне ескерту жасады.

Бүгінгі күні ауылдарда негізгі табыстың көзі — мал шаруашылығы. Сондықтан Ырғыз ауданында кәсіпкерлік пен мал шаруашылығын дамыту үшін атқарушы органдар шаруаларға қолайлы жағдай жасап, тұрғындар мемлекеттік бағдарламалар арқылы өз кәсібін дөңгелетіп, тынбай еңбек етуі керек.

Қазіргі таңда шаруаларға несие, грант бөлу, субсидия беруде біз қолдау көрсетсек, шаруашылық жұмысын ары қарай дамыту, оны өркендету — қожалық басшыларының еншісінде. Бізге ешкім сырттан келіп жағдай жасап бермейді. Сондықтан аудандар мемлекет тарапынан көрсетілген қолдау мен қаржыны тиімді игеріп, шаруалар ауыл шаруашылығын  нәтижелі дамыту керек, — деді О.Оразалин.

Құтикөлде көпір, Ырғызда жол салынып жатыр

Бұдан кейін облыс басшысы бастаған топ Құтикөл елді мекеніндегі жаңадан салынған 150 орындық ауылдық клубтың жағдайымен танысты. «Қолғанат Құрылыс» ЖШС салған клуб мамыр айында пайдалануға берілген. Онда акт залы және модельді кітапхана бар. Мәдениет ошағында үш қызметкер жұмыс жасайды.

Облыс әкімі осы ауылдан Жарма ауылы бағытына шығатын көпірдің құрылысымен де танысты. Құрылыс жұмыстары мамыр айында басталған. Көпірді «Мансард» ЖШС салып жатыр. Жоба құны —  213 108,9 000 теңге. Көпірдің ұзындығы — 54,8 шаршы метр.

Осы апта дайындық жұмыстарын аяқтап, келесі аптадан бастап көпірдің қадаларын қағып, бетон түсіреміз. Көпір жұмысына 48 адам жұмылдырылуда. Оның ішінде 25 адам жергілікті ауылдан алынды. Құрылыс жұмыстарына қажетті материалдарды облыс аумағынан тасып жатырмыз. Жоспарға сәйкес көпір қазан айында пайдалануға беріледі, — дейді мердігер ұйым «Мансард» ЖШС директорының орынбасары Арғынбай Әлжанов.

Аудандық  құрылыс, сәулет, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Игорь Тұртаевтың айтуынша, бүгінгі күні ауданда «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» бағдарламасы бойынша жалпы құны 892 млн теңге тұратын 8 жоба жүзеге асырылуда. Олардың дені биылғы жылы аяқталады. Облыс әкімі жауапты тұлғаларға аталған жобалардың өз уақытында аяқталып, пайдалануға берілуі үшін қарқынды жұмыс жасауды тапсырды.

Бүгінгі күні аудан орталығында М.Қарабаев, Т.Жаманмұрынов, Т.Жүргенов, Қазақстан Тәуелсіздігіне 20 жыл, Қабырға көшелеріне асфальт жабындыларын төсеу жұмыстары жүргізілуде. Оған облыстық бюджеттен 281 848 000 теңге бөлінген. Жол жөндеу жұмыстарына аудандық халықты жұмыспен қамту орталығы арқылы 35 адам жұмылдырылған. Барлық көшелер қыркүйек айына дейін пайдалануға берілмек.

Мердігер ұйым «ТенгриСтройИнвест» ЖШС басшысы Нұржан Қалиевтің айтуынша, бес көшенің жалпы ұзындығы — 3, 607 шақырым. Серіктестік көшелерге асфальт жабындыларын төсеу үшін қажетті материалдарды Шалқар, Әйтеке би аудандарынан тасып, жеткізуде.

Көшелерді жөндеу бойынша атқарылып жатқан жұмыстармен танысқан облыс әкімі аудандық мәслихат депутаттары мен жергілікті белсенді азаматтарға жол жөндеу жұмыстарын үнемі қоғамдық бақылауда ұстауды тапсырды. Сондай-ақ Оңдасын Оразалин мердігер мекемелер басшыларының жауапсыздығынан құрылысы екі-үш жылдан бері әлі күнге дейін аяқталмаған орта мектеп пен денешынықтыру-сауықтыру кешенінің мәселесін заң аясында таяу арада шешу керектігін ескертіп, аудан әкімі Аққанат Шахинге нақты тапсырмалар жүктеді.

Шалқарда қымыз қосылған сусын шығарылады

Түстен кейін облыс басшысы бастаған топ Шалқар ауданының Жылтыр ауылында осыдан үш жыл бұрын «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» бағдарламасы аясында ашылған жеке кәсіпкер Нағашыбай Қазиннің жылыжайына барды.

Жылына екі рет, әр маусым сайын 2-3 тонна өнім алатын шаруашылық қазіргі таңда қияр, пияз, дәмдеуіш жапырақтарын өсіруде. Кәсіпкер өнімдерін аудандағы сауда дүкендеріне қолжетімді бағамен сатады. Бүгінде бірнеше адамды тұрақты жұмыспен қамтып отыр.

Облыс басшысы Шалқар қаласындағы бүгінде күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатқан №6 орта мектептің жағдайымен танысты. 1988 жылы салынған мектепте 579 оқушы білім алады. Мектеп жанында 101 оқушыға арналған интернат орналасқан. Күрделі жөндеу жұмыстары биыл мамыр айында басталған. Жоба құны — 233 млн теңге. Мердігер ұйым  — «Абзиком» ЖШС.

Облыс әкімі мердігер ұйым өкілдерімен тілдесіп, жоспарға сәйкес жөндеу жұмыстарын тамыз айына дейін аяқтауды тапсырды.

Бұдан кейін Оңдасын Оразалин аудандағы танымал кәсіпорын «Шалқар Premium-2» минералды су құю зауытын аралады. Биылғы жылдың наурыз айында іске қосылған кәсіпорын «SHALQAR» емдік-асханалық минералды суын шығарады. Кәсіпорын қуаты айына — 1,5 литрлік 2 400 000 ПЭТ бөтелке және 0,25-0,5 литрлік 1 500 000 шыны бөтелке.

«Қазақстанның минералы суы» ЖШС басшысының кеңесшісі Бердібек Шәкірбекұлының айтуынша, минералды су өндіретін зауыт сонау 1918 жылы іске қосылған. Алайда көп жылдар жұмысы тоқтап қалған. Соңғы жылдары зауыт жұмысы қайта жанданып, биылғы жылы тағы бір цехы ашылған. Бұл жерде шыны бөтелкедегі газдалмаған және газдалған су шығады. Келер жылы кәсіпорын «Таң» аталатын қымыз қосылған сусын шығаруды жоспарлап отыр. Инвестиция құны — 540 млн теңге. Жылдық қуаты — 10 млн құты. Оны ел аумағына және көршілес Ресейге сатуға шығармақ.

Жас кәсіпкердің жобасы

Облыс басшысы аудандағы ауыл шаруашылығы бөлімі ұйымдастырған көрмені аралады. Мұнда аудандағы шаруашылықтар мен кәсіпкерлердің өндірген нан, сүт, ет, шұжық, көкөніс өнімдері, сондай-ақ дәстүрлі емес шаруашылықтардың өсіріп отырған қоян, күркетауық, цесарка құсы, зааненский ешкісі қойылған.

Көрмені аралап болған соң облыс әкімі Оңдасын Оразалин  аудандағы «Жасыл қала» ЖШС құрылтайшыларының қаржысы есебінен ашылған мал сою цехын көрді.

2011 жылы ашылған цехқа серіктестік «СПК Батыс Қарғалы» ЖШС-нан бес жылға 8,5 млн теңге несие алып, Белоруссия, Ресей елдерінен қажетті құрал-жабдықтар әкеліп қондырған. Өткен жылы мұнда 1468 бас жылқы, сиыр, түйе малы сойылып, 207,3 тонна ет дайындалған. Цех бір күнде 1,2 тонна ет өңдейді. Ал айына 4 тонна жартылай фабрикат өнімдерін (тұшпара, манты, фрикадельки) шығарады.

Облыс әкімі бастаған топ аудан орталығында кір сабын шығарумен айналысатын цехтың жұмысымен де танысты. Жеке кәсіпкер Нұрбек Мұхамбеталин өз қаржысына цех ашып, бүгінде күніне 400-420 дана сабын шығарып отыр. Аудандағы сауда орталықтары мен дүкендерге өз өнімін сатып отырған кәсіпкер алдағы уақытта цех көлемін кеңейтіп, тағы да бірнеше адамды жұмыспен қамтуды көздейді. Қазір бұл жерде екі адам тұрақты жұмыс жасайды.

Өткен жылғы қараша айынан бастап жұмыс жасап жатырмыз. Кір сабын шығару үшін шикізатты Қостанай және Қарағанды облысынан тапсырыспен алдырамыз. Сабын шығаруға арналған құрылғыны 3 миллион теңгеге өз қаржыма сатып алдым. Мүмкіндік болса, алдағы уақытта тағы бір құрылғы алып, иіс сабын шығаруды жоспарлап отырмыз. Атап айтсақ, 300 грамдық кір сабынды — 100, ал 200 грамдық кір сабынды 70 теңгеден сатып жатырмыз. Айына шамамен 10-15 мың сабын өндіруге мүмкіндік бар, — дейді цех иесі Н.Мұхамбеталин.

Жас кәсіпкердің жобасын құптаған облыс әкімі аудан басшылығына алдағы уақытта «Бастау Бизнес» бағдарламасы аясында Нұрбекке қолдау көрсетуді тапсырды.

Бұдан кейін облыс басшысы Шалқар қаласындағы Әйтеке би, Есет Көтібарұлы көшелеріне жүргізіліп жатқан орташа жөндеу жұмыстарымен танысып, «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы бойынша ашылған «Тuz-Еm» тұз шахтасын аралап көрді.

Биылғы жылдың ақпан айында ашылған тұз шахтасында созылмалы тыныс алу, аллергиялық аурулары бар балалар мен ересектерге ем жүргізіледі. Мұнда сондай-ақ кедр бөшкесі, массаж кабинеті, гимнастикалық жаттығу бөлмесі және емге келген балаларға арналған ойын алаңы бар.

 Ауданға иппотерапия орталығы керек…

Облыс әкімі аудан орталығындағы «Шалқар саясы» мүгедектерді қолдау орталығына да барды.

Орталық төрағасы, І топ мүгедегі Ерлан Алдашев облыс әкіміне бүгінде ауданда  мүмкіндігі шектеулі 1200 адам бар екенін, қазіргі таңда орталықта электроника жөндеу кабинеті, массаж және тігін бөлмелері, инватакси қызметі жұмыс жасайтынын, барлығы 7 адам тұрақты жұмыспен қамтылып отырғанын жеткізді.

Ерлан Алдашев орталықта инватакси қызметін дамыту үшін екі автокөлік аздық ететінін айтып, облыс басшысынан қолдау көрсетуді сұрады. Сондай-ақ ауданға иппотерапия орталығы қажет екенін де атап өтті.

Бүгінгі таңда аудандарда иппотерапия орталығын ашуға мүмкіндік те, сұраныс та бар. Оның ішінде Шалқар ауданында осындай орталық ашылса, мүмкіндігі шектеулі жандарға үлкен қолдау болар еді. Бұл жөнінде ұсыныс беріңіздер, біз қолдан келгенше көмектесеміз, — деді Оңдасын Оразалин.

Жұмыс сапарының соңында облыс әкімі Шалқар көлі жағалауындағы суармалы жерлердің жағдайымен танысып, шаруашылық өкілдерімен тілдесті.

Бүгінгі күні Шалқар көлі аумағында 9 шаруа қожалығы, 2 ауылшаруашылық кооперативі, 8 жеке кәсіпкер бау-бақша егумен айналысады. Олар аудан халқын картоп, көкөніс және бақша дақылдарымен қамтамасыз етіп отыр. Атап айтсақ, биыл  29,1 гектарға картоп, 39,9 гектарға көкөніс өнімдері және 23,5 гектар жерге бақша дақылдары егілген.

Аудандық ақсақалдар кеңесінің төрағасы Қуанышбай Князбаевтың айтуынша, осыдан үш жыл бұрын ауыл ақсақалдары бастама көтеріп, нәтижесінде 42 адам он сотықтан жер алған. Қазіргі таңда олар балаларын бақша егуге үйретіп, жергілікті өнімді насихаттап жүр.

Облыс басшысы аудан әкімі Бауыржан Қаниевке әлеуметтік нысандардың құрылысы мен жол жөндеу жұмыстарын сапалы әрі уақытында аяқтауды, шаруа қожалықтарындағы мал жүнін өткізуді бір жүйеге келтіруді, сондай-ақ жаңа жобаларды қолға алған кәсіпкерлерге жан-жақты қолдау көрсетуді тапсырды.

Данагүл ҚАЗИХАН,

Ақтөбе-Ырғыз-Шалқар-Ақтөбе.

Басқа жаңалықтар

Back to top button