Экономика

Өңір басшысы кәсіпорын жұмыстарымен танысты

Облыс әкімі Оңдасын Оразалин «Ақтөбе мұнай жабдықтары зауыты» кәсіпорнында және «Каспий Плюс» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде болды.

«Ақтөбе мұнай жабдықтары зауыты» АҚ 2001 жылы құрылған. Жылына 500 мың дана сорғы штанга, 15 000 тонна сорғы-компрессорлық құбыр, 4,5 мың дана штангалы тереңдік сорғылар шығарады. Инновациялық зауыт республика нарығының 80%-ын қамтамасыз етеді. 2015 жылы еңбек өнімділігін 1,5 есеге арттыруға мүмкіндік беретін жаңғыртылған көлденең кесу машинасын сатып алған. API (American Petrol Institute) халықаралық стандарты сертификатына ие. Сертификат Қазақстан нарығында халықаралық компаниялармен жұмыс істеуге және зауыт өнімдерін экспорттауға құқық береді. Мұнда 237 адам жұмыс жасайды. Орташа айлық жалақы 230 мың теңгені құрайды.

Өңір басшысы индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы аясында тау-кен және өнеркәсіп үшін түрлі бекітпе-тіреуіш бұйымдар шығаратын «Каспий плюс» ЖШС өндірісінің жұмыстарын көрді. Импорт алмастыруға және инновациялық технологияларды енгізуге бағытталған кәсіпорын «Еуразиялық топ», «Соколов-Сарыбай кен байыту өндірістік бірлестігі», «Өзенмұнайгазбен» әріптестік байланыста. Өнімін Германия, Грузияға экспорттайды. Шикізатты елімізден және Ресейден сатып алады. Жұмысшылардың саны — 30 адам, орташа жалақылары 150 мың теңгені құрайды. Кәсіпорын басшылығы тамыз айында жаңа құрылғыны іске қосу үшін шетелдік мамандарды шақыруда қандай да бір кедергілерге тап болмас үшін облыс әкімінен қолдау сұрады. Өңір басшысы орынбасары Қайрат Бекеновке аталған мәселеде ешқандай кедергі болмауын, қажетті қолдау көрсетуді тапсырды.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі.

Басқа жаңалықтар

Back to top button