Денсаулық

Өкпесі қабынған науқастар саны көбейіп кетті

Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы міндетін  атқарушы Светлана Есенаманованың хабарлауынша, соңғы екі тәулікте  өкпе қабынуы дертімен ауырғандар саны күрт артты.  «Егер өткен аптада тыныс алуы қиындап, жағдайлары нашарлаған 20-30 науқас тіркелсе, соңғы екі күн ішінде  90  адам өкпе қабынуының орташа ауыр түрімен ауруханаға түскен. Мәселен, теміржол ауруханасында бүгінгі күні таңертеңгілік сағат 9.00-де осындай жағдаймен  190 адам жатқызылды».

Облыста коронавирус инфекциясын 35 медицина қызметкері жұқтырған, олардың көбі симптомсыз түрде ауырғандар.

Жалпы есепке қарағанда, былтырғы жылдың  мамырымен салыстырғанда, биылғы мамыр айында өкпе қабуынуымен ауырғандар саны 6 есеге күрт көбейді.

Науқастар санының артуына байланысты медицина қызметкерлерінің тапшылығы байқалады. Соның ішінде  терапевт дәрігерлер жетіспей жатыр. «Қазір барлық емханалардағы дәрігерлерді шақыртып, мобильді топ құрып жатырмыз. Ақтөбе қаласында күніне дәрігерлердің 8 мобильді тобы жұмыс істейтін болады. Қазір шақыртулар өте көбейді. Бүгінде қалада 57 жедел жәрдем көлігі жұмыс істейді», — деді С.Есенаманова.

Шалқар, Темір, Мұғалжар аудандарынан коронавирус жұқтырғандар тіркелсе,  кеше Әйтеке би ауданынан осындай диагнозбен бір науқас тіркелді.  Өкпесі қабынған  5 бала қалада ауруханада жатыр, оның 4-еуінің  жағдайы орташа ауыр.

Дәрігерлер тұрғындардан ерекше сақтық шараларын сақтауды сұрап, ретсіз көшеге шыға бермеуді, сақтық шараларды күшейтуді сұрайды.

                                                                       

   Баян СӘРСЕМБИНА.

 

 

Басқа жаңалықтар

Back to top button