Денсаулық

Қауіпті індет өршіп тұр

Брифинг

Жұма күні облыстық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің басшысы Нұрсұлу Беркімбаева өңірдегі эпидемиологиялық ахуал туралы БАҚ өкілдеріне сұхбат берді.

Оның айтуынша, 19 маусым күнгі мәлімет бойынша облыста 588 адам қауіпті індетке шалдыққан. Симптомсыз 265 жағдай тіркеліп отыр.

— Қазіргі таңда Ақтөбе қаласында — 484, Әйтеке биде — 7, Алғада — 4, Байғанинде — 1, Ырғызда — 3, Қобдада — 10, Қарғалыда — 4, Мәртөкте — 18, Мұғалжарда —13, Темірде — 13, Ойылда — 1, Хромтауда — 17, Шалқарда 29 науқас тіркелді.

Қазіргі уақытта пациенттер инфекциялық ауруханаға оқшауландырылды. Науқастардың жағдайлары қанағаттанарлық, хаттамаға сәйкес тиісті ем қабылдауда. Олармен қарым-қатынаста болған адамдар медициналық бақылауға алынды. Профилактикалық және эпидемияға қарсы шаралар жалғасуда. Қазір 1574 адам үй карантинінде медициналық бақылауға алынды. Жалпы, карантин режимі жеңілдетілгеннен кейін, тұрғындар шектеу шараларын дұрыс орындамай отыр. Сол себепті ауру деңгейі өршіп тұр.

Пневмония да вирустық инфекциядан таралатын ауру. Қазір қаладағы 3 медициналық мекемеде пульмонология бөлімшелері ашылды. 

Әдетте өкпе қабынуы қыс, күз, көктем мезгілдерінде кездесетін. Бұрын жаз айларында дәл қазіргідей көп дерек тіркелген жоқ. Сондықтан  COVID-19 бен пневмонияның байланысы болуы мүмкін. Қазір науқастардың көпшілігінің тамағы ауырып, дене қызуы көтеріліп, тұмаумен сырқаттанып жатыр. Ауруға немқұрайды қарап, өз бетінше емделіп, асқындырып алудан сақтану керек, — деді Нұрсұлу Беркімбаева.

Департамент басшысы тұрғындардың жауапсыздығынан індеттің өршіп отырғанын айтты. Оның айтуынша, алдағы уақытта ауру жұқтырғандар саны азаймаса, тағы да шектеу шаралары жарияланатын болады.

Қауіпсіздікті сақтау үшін алдағы уақытта мәдени-көпшілік шаралар, туған күн, той-садақалар өткізуге әзірге рұқсат берілмейді.  

Тұрғындар көпшілік жерге барғанда міндетті түрде медициналық бетперде киіп, екі сағат сайын алмастыруы керек.  Аса қажеттілік туындамаса, дүкен-базарларды араламаған жөн. Салғырттық танытуға және адамдардың көп шоғырлануына болмайды.

Ақбота ҚАЛДЫБЕК.  

Басқа жаңалықтар

Back to top button