Білім

Тестілеу: педагогтер мен түлектерге қандай талаптар қойылды?

Брифинг

Сейсенбі күні өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында облыстық білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаментінің басшысы Бұлбұл Күзембаева мен Ұлттық тестілеу орталығының Ақтөбе облысы бойынша базалық филиал басшысы Талғат Жарқылов облыстағы педагогтердің ұлттық біліктілік тестілеудегі нәтижелері мен ұлттық бірыңғай тестілеуді өткізуге дайындық шаралары туралы баяндады.

— Биыл елімізде «Педагогтер мәртебесі туралы» Заң қабылданып, білім сапасын көтеруде педагогтерді жан-жақты қолдау мәселелері қарастырылды. Осы Заң аясында қазіргі таңда облыста жан-жақты жұмыстар жасалып жатыр. Атап айтсақ,  педагогтердің құзыретіне кірмейтін жұмыстарға тартылуы, мұғалімдерден ақша жинау, тағы басқа заңдық құқықтарды қорғау мақсатында білім беру ұйымдарының басшыларына түсіндіру жұмыстары жүргізілуде. Сондай-ақ қазіргі таңда педагогтердің кәсіби деңгейі мен жауапкершілігін арттыру мақсатында аттестациялау жүріп жатыр. Негізінен, бұл шара екі кезеңнен тұрады.  Біліктілік тестінен өту жылына екі рет жүргізіледі. Биыл 1-15 маусым аралығында облыс бойынша 1543 педагог өтініш білдіріп, тест тапсырды. Оның ішінде 706-сы (45,8 пайызы) оң нәтиже көрсетті. Бұл тестілеу мұғалімдердің біліктілігін арттыруына, сондай-ақ материалдық жағдайын көтеруге зор септігін тигізеді. Ал екінші кезең — кешенді аттестаттау кезінде педагогтер жұмысындағы жетістіктерін жинақтап, портфолиоларын қорғайтын болады. Осы екі кезеңнен өткен педагогтерге алдағы 1 қыркүйектен бастап өз санаттары бойынша 30 пайыздан 50 пайызға дейін жалақыларына қосымша ақы қосылатын болады, — деді Б.Күзембаева.

Оның айтуынша, департамент тарапынан педагогтерді тестілеуден өткізу кезінде жан-жақты бақылау жұмыстары жүргізілген. Өкінішке қарай, 11 педагог ережелерді бұзып, тыйым салынған заттарды, байланыс құралдарын қолданғаны үшін тестілеуден акт арқылы шығарылған.

Тестілеуде талап жоғары, сондықтан жауапты мамандар әрбір педагог тест тапсырғанда, оларды бейнекамералар арқылы қадалағап отырады. Сол үшін аттестациялауда әрбір мұғалім педагогикалық этиканы сақтап, тестке дайындықпен келіп, оны адал, әділ түрде тапсыруы керек, — дейді департамент басшысы.

Бұдан кейін баспасөз мәслихатында Бұлбұл Күзембаева биыл түлектер үшін ұлттық бірыңғай тестілеуде бірқатар талаптарға өзгерістер енгізілгенін жеткізді.

Оның айтуынша, қазіргі таңда түлектерге қойылатын басты талаптар — санитарлық ережелердің орындалуы және тестті әділ, өз біліміне сай тапсыру.

Өңірімізде ұлттық бірыңғай тестілеуге дайындық шаралары 17 маусымға дейін аяқталады. Биыл мектеп бітіргеннен кейін түлектер үшін тест тапсыруға берілетін уақыт — 4 сағат. Сондай-ақ тест тапсыруға келген талапкерлер ғимаратқа кірмес бұрын ережемен танысып, тыйым салынған заттар мен ұялы телефондардың жоқтығын растап, арнайы қағазға қол қояды, — дейді Б.Күзембаева.

Ал Ұлттық тестілеу орталығының Ақтөбе облысы бойынша базалық филиал басшысы Талғат Жарқыловтың айтуынша, облыста ұлттық бірыңғай тестілеу 21 маусым мен 4 шілде аралығында өтеді.

Биылғы жылы тестілеу облыста Хромтау, Алға, Шалқар, Байғанин аудандарында екі лектен, ал қалған аудандарда 3-4, соңғысы 12 лектен тұрады. Жалпы өңірде 14 пунктте  5739 түлек тест тапсырады деп жоспарлануда, — деді ол.

Айта кету керек, биылғы тестілеу кезінде түлектердің әрқайсысына бетперделер үлестіріліп, олардың санитарлық талаптарды қатаң сақтауы үшін жан-жақты бақылау жүргізіледі.

 Данагүл ҚАЗИХАН.

Басқа жаңалықтар

Back to top button