Абай — 175

Онлайн-байқауға қатысыңыз!

С.Бәйішев атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапханасы ұлы ақын Абайдың 175 жылдығына орай «Шын хакім — сөзің асыл, баға жетпес» атты республикалық әдеби онлайн-байқауын өткізеді.

Байқауға ұлы ақынның шығармаларын сүйіп оқитын жоғары сынып оқушылары, арнайы және жоғары оқу орнының студенттері қатыса алады. Қатысушылардың өтінімдері 1-30 шілде аралығында abonement19@mail.ru  электрондық мекенжайы арқылы қабылданады.

Байқаудың шарттары бойынша қатысушылар мына номинациялар бойынша өз жұмыстарын 30 шілдеден 30 тамызға дейін жіберуіне болады:

  • «Абай — менің жүрегімде». Абай Құнанбайұлы туралы ең үздік шығармалар (өлең, әңгіме, т.б.);
  • «Туған өлке» тақырыбындағы ең үздік шығарма (эссе, повесть, әңгіме);
  • «Туған ауыл» тақырыбындағы ең үздік поэтикалық шығарма (өлең).

Қазылар алқасы аталған номинациялар бойынша қатысушылардың жұмысын бағалап, арнайы марапаттайды. Байқауды қаржыландыру облыстық бюджет арқылы жүзеге асырылады. Жеңімпаздарды марапаттау рәсімі 10 қыркүйекте өтеді.

Онлайн-байқаудың мақсаты — ақын шығармаларын насихаттау, жастардың арасында туған жер, ұлттық мәдениет пен құндылықтарға деген сүйіспеншілікті арттыру, жас ұрпақты патриоттыққа тәрбиелеу. Осы байқауға қатысушы әр жас ұлы ақынның шығармашылығын жан-жақты танумен қатар, өңір тарихы, туған өлкенің жетістіктері туралы кеңінен мағлұмат ала алады. Сондай-ақ ақынның мерейтойына орай «Бір ел — бір кітап» акциясы аясында жалпыұлттық оқылымға таңдалған көрнекті жазушы Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» роман-эпопеясын насихаттауға арналған бейнесюжеттер әр аптаның бейсенбі күні кітапханамыздың baishevabiblioteka инстапарақшасы арқылы жарияланып отырады, — дейді кітапхана қызметкері Ақмарал Мұқашева.

 Д.ҚАЗИХАН.

Басқа жаңалықтар

Back to top button