ДенсаулықМереке

Өнегелі өмір

Облыс медицинасында эндокринология саласының дамуына үлес қосқан дәрігердің бірі — медицина ғылымының докторы, профессор Ерназар  Төлемісов. Ол — республикада ұлтымыздың арасынан шыққан алғашқы клиницист-эндокринологтардың бірі. Биыл ардақты дәрігер 80 жасқа толды.

Ерназар Опаұлы өзінің барлық ғұмырын эндокринология саласына арнады. Облыста осы саланың дамуына мол үлес қосты. Тынбай еңбектенді. Қазіргі күні облыс пен республикамыздың  емдеу мекемелерінде еңбек етіп жүрген тәжірибелі, білікті мамандардың көпшілігі Ерназар Опаұлының шәкірттері.

Дәрігер 1940 жылы 19 мамырда Шалқар ауданы Қайдауыл ауылында туған. Әкесі Ұлы Отан соғысының екінші топтағы мүгедегі, ал анасы үй шаруасымен айналысқан. Қайдауылда бастауыш мектепті бітіргеннен кейін, аудан орталығындағы мектеп-интернатта, одан соң пансион-интернатта білім алады. 1958-1960 жылдары Жамбыл қаласындағы медициналық училищенің фельдшерлік бөлімін бітіреді. Елге келгеннен кейін Шалқар ауданындағы кеңшарларда медициналық бекеттер ашуға ат салысып, өзі сол елді мекендерде дәрігерлік қызмет атқарады. Жас маман бұл біліммен шектеліп қалмауды ойлайды. Сөйтіп 1964-1970 жылдары Ақтөбе медицина институтының емдеу факультетін тәмамдайды. Оқу орнын аяқтаған соң жолдама арқылы Қызылорда қаласына аттанады. Сол жерде қалалық ауруханада дәрігер, кейін бөлім меңгерушісі болады. Басшылық қызметтерді атқарады.

Үнемі ізденіп жүретін дәрігер Ташкентте, Алматыда білімін жетілдіреді. М.Сеченов атындағы бірінші Мәскеу медицина институтында жалпы терапия бойынша клиникалық ординатураны, эндокринология институтының аспирантурасын бітіріп шығады.  «Қант диабетіндегі ангиопатия және оны емдеу жолдары» тақырыбындағы кандидаттық диссертациясын жоғары дәрежеде қорғайды. Кейін Алматыдағы аймақтық патология институтында жұмыс істейді. Ол Қазақстанда эндокринологиялық аурулардың көбеюі және қалқанша безі ауруы туралы зерттеу жұмыстарына белсене араласты. Науқастарды емдеу, аурудың алдын алу бағытында қыруар шаруа тындырды. Ел медицинасының дамуына үлес қосты.

1979 жылдан бастап өзінің туып-өскен өлкесі Ақтөбеге оралып, осы саланы дамытуға күш салады. Ақтөбе мемлекеттік медицина институтына жұмысқа орналасады. Институттың №1, №2 ішкі аурулар кафедрасында ассистент, доцент, кейін профессор болды. Ерназар Опаұлы тынбай еңбек етті. Ол кезеңде эндокринологиялық ауруларды емдеу ісінде қиындықтар болды. Бұл сала кенже қалды. Әсіресе қант диабетіне шалдыққандар саны көбейді. 1981 жылы Ерназар Опаұлының тікелей басшылығымен Ақтөбе қаласында 45 кереуеттік эндокринология бөлімі ашылды. Сол жылы ол өзі жүгіріп жүріп республикалық ғылыми-практикалық конференция өткізді. Осы жиында эндокринология курсын ашу керектігін айтты. Методикалық құралдар дайындады. 1987 жылы институт ішінен эндокринология курсын ашу туралы ректордың бұйрығы шықты. Осылайша аталған саланың дамуына ықпал жасады. Сол жылдан бастап емдеу факультетінің эндокринология курсының және педиатрия факультетінің балалар эндокринологиясы курсының меңгерушісі болды. Ерназар Төлемісовтің докторлық диссертациясы Мәскеуде бүкілодақтық комиссияда бекітілген еді. Ресейлік ғалымдар дәрігердің еңбегін жоғары бағалады. Жалпы Ерназар Опаұлы 128 ғылыми жұмыс жазды. Оның ішінде эндокринология саласына екі жаңалық енгізді. Ғалымның еңбегі шетелдерде басылып шықты. Елімізде эндокринология бойынша докторлық диссертация кеңесін ашуға үлес қосты.

Дәрігердің еңбегі елеусіз қалмады. Ы.Алтынсарин атындағы және «Қазақстанның денсаулық сақтау саласының үздігі» төсбелгілерімен марапатталды. Ерназар Төлемісов — жоғары санаттағы дәрігер категориясын төрт рет қорғаған адам. Облыстық денсаулық сақтау басқармасында бас маман, диабеттер қоғамының төрағасы, облыстық дәрігер, эндокринологтар ассоциациясының төрағасы секілді түрлі қызметтерді атқарды. Саналы ғұмырын ғылым мен шәкірт тәрбиелеуге арнады. Облыстағы білікті мамандардың көпшілігі Ерназар Төлемісовтің шәкірті екенін мақтанышпен айтады. Соның бірі, жоғары санатты дәрігер, эндокринолог Гүлзира Қалықова.

Ерназар Опаұлы — облыстағы эндокринологтардың ұстазы. Ол — қант диабетімен ауыратын науқастарды емдеуге және эндокринология қызметін жетілдіруге күш салған адам. Жақында ардақты дәрігер 80 жасқа толды. Әлі күнге дейін жас мамандарға кеңес береді. Ауру адамдардан көмегін аямайды. Ерназар Опаұлы көптеген марапаттардың иесі. Бірақ ең негізгі марапат — ауруынан айығып, қатарға қосылған науқас азаматтардың алғысы. Біздің ұстазымыз осы құрметке лайық болды. Ауруына шипа тауып, сауығып кеткен жандар дәрігерді ұмытқан емес, — дейді Гүлзира Қалықова.

Халық сенімінен шығып, науқасқа шипа сыйлай білген дәрігерді мерейтойымен құттықтаймыз!

Кәмшат ҚОПАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Back to top button