Құқық

Мал ұрлағандар ұсталды

Маусым айының басында Мәртөк ауданының Казанка ауылынан 3 шақырым жерде орналасқан еркін жайылымнан осы ауылдың тұрғындарына тиесілі 10 ірі қара жас мал ұрланған. Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің дерегіне сүйенсек, шығын сомасы 1 млн 500 мың теңге болған.

Полиция қызметкерлері жедел іс-шаралар жүргізу барысында Мәртөк ауылының 41 жастағы екі тұрғынын анықтап, ұстады. Полиция қызметкерлерінің анықтауынша, ұрланған малды күдіктілер көрші шаруа қожалығының басқа ірі қара малымен бірге сатпақ болған. Осы дерекке қатысты Қылмыстық Кодекстің «Мал ұрлығы» бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр. Күдіктілер уақытша ұстау изоляторына қамалды.

Облыстық полиция департаменті бастығының орынбасары Қанат Нұрмағамбетовтің айтуынша, барлық мал басын ауылдық әкімшіліктерде есепке қою керек, әр мал басы таңбалануы  қажет.

— Қараусыз малды жайылымға жібермеңіз, өйткені алқапта немесе жайылымда иесіз жайылып жүрген сиыр барымташылардың оңай олжасы болуы мүмкін, — дейді ол.

М.РАХАТҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button