Денсаулық

Сақтаныңыз, қауіп әлі сейілген жоқ!..

«Жақыныңа жанашыр бол!»

Сарапшылардың пікірінше, Қазақстанда коронавирус дертінің екінші толқыны шамамен 12 мамырда басталды. Сол күннен бастап елімізде күніне орта есеппен қауіпті дертті жұқтырған 200-300 адам тіркеліп отыр. Https://www.coronavirus2020.kz/kz сайтында жарияланған соңғы ақпаратқа сүйенсек, 14 маусым күні елімізде коронавирустың симптомсыз түрін жұқтырған 500-ге жуық адам тіркелді. Бұл — дерттің сипмтомсыз белгілерімен тіркелгендер. Оның ішінде Ақтөбе облысында 22 адам тіркеліп отыр. Жалпы, ресми статистикаға сүйенсек, Ақтөбе облысы коронавирус дертін жұқтыру бойынша республикада Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалалары, Атырау, Шығыс Қазақстан, Батыс Қазақстан, Қарағанды облыстарынан кейін жетінші орында тұр. Бүгінге дейін елімізде 14809 адам, Ақтөбе облысында 528 адам осы дертті жұқтырған.

Коронавирус дерті басталған уақытта оның бар екендігіне ішінара сене қоймаған қоғамның да көзқарасы өзгерген сыңайлы. Себебі қоғамның көңіл күйінің барометрі іспетті әлеуметтік желілерде «мен ауырып жатырмын», «менің танысым ковид жұқтырды» деген жазбалар көбейген…

Коронавирус дерті елімізге белгілі адамдар арасынан да шықты: еліміздің бас дәрігері — ҚР Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов коронавирус жұқтырып, ауруханаға түсті. Министр бұл жайында өзінің Facebook парақшасында жазды: «Достар, өздеріңізге жағымсыз жаңалық жеткізуіме тура келіп отыр. Коронавирусқа тапсырған соңғы тест нәтижесі нашар шықты, менен де ауру анықталды. Өкінішке қарай, мендегі симптомсыз форма емес, сондықтан жұқпалы аурулар ауруханасында жатырмын. Санитарлық шараларды қатаң сақтағаныма қарамастан, бұл індет мені де айналып өтпеді. Әсіресе қашықтан, үйде отырып жұмыс істей алмайтын қызметкерлерге қиын. Соңғы күндері бірқатар өңірде, оның ішінде кәсіпкер, кәсіпорын, медицина мамандары, мемлекеттік, БАҚ қызметкерлері арасынан індет жұқтырғандар қатары артуда. Қазақстандағы жаһандық дағдарыс пен пандемия салдарынан пайда болған проблемаларды шешу үшін қазір көптеген азамат қарқынды жұмыс істеуде. Бізге жиі жеке кездесулерге баруға, аймақтарға іссапарға шығуға тура келеді, мұндай жағдайда, әрине, COVID-19 жұқтыру қаупі де жоғары», — деп жазады Денсаулық сақтау министрі.

Е.Біртановпен қарым-қатынаста болған ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин, Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев оқшауланып, онлайн режимінде жұмыс істеп жатыр. Айта кету керек,  12 маусымда ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин Жамбыл облысына жұмыс сапарымен барып қайтты, онда Денсаулық сақтау министрі Е.Біртанов та болған еді.

Мәжіліс депутаты Бекболат Тілеухан да коронавирус инфекциясын жұқтырып, ауруханаға түсті.  Бұл жайында халық қалаулысы өзінің Instagram парақшасында жазды: «Әлемдік пандемия салқыны маған да тиді. Коронавирусқа тапсырған тест оң нәтиже көрсетті. Қазір ауруханада дәрігерлердің толық бақылауындамын. Тиісті ем шараларын қабылдап жатырмын. Дәрігерлер атаған COVID симптомдарын бастан өткерудемін. Қазір вирустың таралу ықтималдығы артты. Сондықтан азаматтарды сақтық шараларын қатаң сақтауға шақырамын. Төтенше жағдай режимі аяқталғанымен, карантин әлі бітпеді», —  деп жазады Бекболат Тілеухан.

Қазақ күресінен әлемнің үш дүркін чемпионы, «Әлем барысы» турнирінің екі рет жеңімпазы атанған Айбек Нұғымаров коронавируспен ауруханада жатыр.

11 маусым күні ҚР Үкіметі жанындағы Коронавирус инфекциясының таралуына жол бермеу жөніндегі ведомствоаралық комиссия санитарлық режимді күшейту мәселелерін қарады. Бұл туралы primeminister.kz сайтында жарияланды.

ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Ералы Тоғжановтың төрағалығымен өткен комиссия отырысында еліміздегі қазіргі эпидемиологиялық ахуал, халықты жеке қорғану құралдарымен қамтамасыз ету, халықаралық әуе қатынастырын кезең-кезеңмен ашу және басқа да өзекті мәселелер қаралды.

ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі Людмила Бюрабекова халық арасында санитарлық тәртіптің сақталмауының кесірінен елімізде коронавирус жұқтырғандар саны артып бара жатқанын айтады: «Ауру адаммен байланыста болғандардың арасында вирусты жұқтырғандар саны артты, оның ішінде бір отбасы мүшелері арасында сырқаттану жағдайы көп тіркелуде. Өткен екі аптада коронавирусты жұқтырғандардың жартысына жуығы ұжымдарға қатысты болып отыр», — деді ол.

Осыған орай, Премьер-Министрдің орынбасары індетке шалдығу саны артып отырған өңірлердің әкімдіктеріне карантин шараларын күшейту мәселелерін қарастыруды тапсырды.

Өңір әкімдіктері санитарлық-эпидемиологиялық талаптардың сақталуын бақылайтын мониторингілік топтардың жұмысын күшейтуді, талаптарды орындамаған объектілердің қызметін анықталған кемшіліктер жойылғанша уақытша тоқтату бойынша нақты шаралар қабылдауды қолға алуы қажет. Мемлекеттік орган басшыларына ұжымның 80%-ын қашықтан жұмыс істеу тәртібіне ауыстыру ұсынылды.

Кеңес қорытындысы бойынша Премьер-Министрдің орынбасары Е.Тоғжанов бірнеше нақты тапсырмалар берді.

Еліміздің кей аймағында дерт қатты өршіп тұр. Мәселен, Нұр-Сұлтан қаласында бүгінге дейін COVID-19 дертін жұқтырған 2760 адам тіркелген.  Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов елордалықтарды қонаққа және отбасылық мейрамдарға барудан бас тартуды өтінді:  «Қонаққа барудан және отбасылық мерейтойлардан, сонымен қатар адамдардың көптеп топталып жиналуынан бас тарта тұру қажет. Тәуекел әлі де бар. Сақтық шараларын сақтай отырып, сіз өзіңізді және жақындарыңызды қауіпсіздендіресіздер. Қалада отбасылық індет ошақтары тіркелді. Бір адам отбасының бүкіл мүшелеріне — қарт ата-анасына, балаларына, жұбайына жұқтырып алды. Қала тұрғындарының санитарлық нормаларды сақтамауы әрі елемеуі бүкіл қала аумағын шарпитын індеттің таралуына алып келуі мүмкін. Бұған жол беруге болмайды. Олай болмаған жағдайда қатаң карантин режиміне оралуға мәжбүр боламыз», — деді елорда әкімі.

Аурудың жедел таралуына байланысты Қазақстанның бірнеше өңірінде карантиндік шаралар күшейтілді. 15 маусым күні Көкшетау қаласында қайтадан 7 блок-бекет қойылып, қалада карантиндік шаралар күшіне енді. Ақмола облысының бас санитарлық дәрігері Айнагүл Мусина қала тұрғындарына осындай шұғыл мәлімдеме жасады. Сондай-ақ Батыс Қазақстан облыстық бас мемлекеттік санитар дәрігерінің жаңа қаулысына сәйкес, 15 маусымнан бастап бірқатар шектеу шаралары енгізілді.  Ақтөбе, Қарағанды, Жамбыл облыстарында шектеу шаралары  күшейтілді.

Денсаулық сақтау министрі  Елжан Біртанов барша қазақстандықтарды «жеке карантин» ережелерін қатаң сақтауға шақырды. Министр  2022 жылға дейін әлеуметтік арақашықтықты сақтау талап етілуі мүмкіндігін айтты.

«Қазір әлемнің кейбір елінде және Қазақстанда да коронавирус инфекциясының екінші толқыны жүріп жатыр. Елімізде екінші толқын мамыр айының соңында карантин талаптарын жеңілдеткеннен кейін басталды. Өкінішке қарай, COVID-19 жұқтырғандар саны бірден артты. Жақында Гарвард қоғамдық денсаулық сақтау мектебі профессорының зерттеу материалы жарияланды. Онда автор бета-коронавирус маусымы, иммунитет және қарсы иммунитет туралы мәліметтерді пайдаланып, SARS-CoV-2 коронавирусының таралуын есептеген. Күзгі-қысқы кезеңде SARS-CoV-2 қайталанады деп болжаған және толқынды болдырмау үшін 2022 жылға дейін орташа әлеуметтік арақашықтықты сақтау талап етілуі мүмкін – осы уақытқа дейін ұжымдық иммунитет қалыптасады немесе вакцина әзірлеп, оны пайдалануымыз керек. Қазір SARS-CoV-2-ге иммунитеттің дәрежесі мен ұзақтығы белгісіз, сондықтан бірнеше сценарий есепке алынған. Материал мәліметтері бойынша қысқа мерзімді иммунитет (40 апта) жасалуы мүмкін, онда індет жыл сайын қайталанады. Егер мерзімді иммунитет пайда болса (104 апта), екі жылда бір рет шығады. Ал өмір бойғы иммунитет вирустың элиминациясы болса, 2024 жылы қайта өршуі мүмкін. Бұл — жаңа инфекция. Бүкіл әлем оны зерттейді, болжам жасайды, індетпен күресу жолдарын қарастырады. Коронавирус бізді әлі тағы да әбігерге салары анық. Сондықтан бұл шараларға мән беріп, мұқият қарауға мәжбүрміз», —  деп жазды министр әлеуметтік желідегі парақшасында.

Мейрамгүл РАХАТҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button