Құқық

Көлік ұрлағандар  үш жылға сотталды

Ақтөбеде автокөлік ұрлығымен айналысқан қылмыстық топқа қатысты сот процесі аяқталды. Өткен жылдың күзінде қаладағы полиция бөлімдеріне көлігі ұрланған азаматтар жиі хабарласа бастады. Аптасына бір, кейін екі көлікке  дейін жоғала бастады және бір айта кетерлігі, тек қана Ресейде тіркеуде тұрған «ВАЗ – 2114» және «ВАЗ – 2115» көліктері ұрланды.

№1 қалалық полиция бөлімінің жедел уәкілдері іздестіруді күшейтіп, нәтижесінде ұрланған автокөліктердің бірі Орал қаласында сатуға қойылғандығын анықтады. Жедел іздестірушілер дереу Батыс Қазақстан облысына барды.

Автокөлік сатушысы көліктің ұрланғаны туралы білмеген. Оралда жедел уәкілдер негізгі сатып алушыны қолға түсірді және Ақтөбеге жеткізді.

Оралдық қылмыстық топ Ақтөбе қаласында ұрлық жасап, автомашиналарды айдап әкеткенін мойындады.

Полиция қызметкерлері сатып алушының телефонын тәркіледі, бірнеше күннен кейін оған қоңырау келіп түскен, белгісіз дауыс «бүгін түнде тағы екі көлік келеді, қарсы ал» деп хабарлайды.

Жедел уәкілдер де кездесуге дайындалып, түнде Самара – Шымкент автожолында, яғни  Қобда ауылының жанында қылмыстық топ мүшелерін ұстады.

Қылмыс былай жасалған, үш адам Ақтөбе қаласының көшелерінен автокөліктерді айдап әкетіп, оларды  150 мың теңгеден сатқан. Осыдан кейін Ақтөбедегі сатып алушы Оралға автокөліктерді айдап әкеліп, онда басқа сатып алушыға 250 мың теңгеден қайта сатқан, яғни ұрлық осылай жүзеге асып отырған.

Қылмыстық топтың құрамындағылар сот алдында жауап берді. Ұрлықшыларды бастаған адам үш жылға бас бостандығынан айырылды. Ал қалғандарына үш жылдан шартты түрде жаза берілді.

Облыстық ішкі істер департаментінің баспасөз қызметі.

Басқа жаңалықтар

Back to top button