Ауыл

Қойы көп қожалық

 Әйтеке би ауданы Қарабұтақ ауылындағы «Саламат» шаруа қожалығы 20 жылдан астам уақыттан бері мал шаруашылығымен айналысады. Қазір қожалықта 400 қой, 60 жылқы, сондай-ақ 50 бас ірі қара бар.

Бүгінде қожалық басшысы Иман Байдрахманов ауыл шетінен қыстау салып, базын кеңейтіп жатыр. Қарабұтақ ауылына қарасты бұрынғы шағын ферма орналасқан жерде қазір 4-5 түтін ғана қалған. Мұнда жарық та, көгілдір отын да жоқ. Шаруашылық басшысының айтуынша, қазір қожалық күн сәулесінен қуат алатын қондырғы арқылы жарықтандырылып отыр.

Мал бағу, оны өсіру оңай жұмыс емес. Ауылда бейнет көп болғандықтан, қазір жастардың дені қалаға көшуде. Біз отбасымызбен осы қожалықты 1998 жылы ашқан болатынбыз. Әкем 40 жыл бойы қой бағып, осы өңірде ауыл шаруашылығы саласының дамуына үлкен үлес қосты. Бүгінде жасы 82-ге келді. Әке жолын қуып, осы шаруашылықты қолға алып, бүгінде мал санын көбейту үшін еңбектеніп жатырмыз. Қожалықты дамыту үшін алғаш рет 2013 жылы «Даму» қоры арқылы мемлекеттен 5,5 миллион теңге несие алып, қой басын 700-ге дейін көбейттік. Осыған дейін 300-ге жуық қой сатылды. Қазір шаруашылықта 400 бас қой бар. Алдағы уақытта ірі қара мен жылқы санын көбейтуді де жоспарлап отырмыз, — дейді қожалық басшысы.

Иман Байдрахманов 2017 жылы «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау» қоры арқылы 11 млн теңге несие алып, 40 бас ірі қара сатып алған. Ал өткен жылы «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ  арқылы 7 жылға 10 млн теңге несие алыпты. Оған шаруа жергілікті жерден 31 жылқы, сондай-ақ 2 асылтұқымды мұғалжар жылқысын сатып алған, сөйтіп шаруа қожалығында жылқы саны 60-қа жеткен.

Ал биылғы жылы қожалық басшысы «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ арқылы  трактор, шөп тиегіш  және тіркемеге тапсырыс беріпті. Осы айдың аяғында шаруашылық жаңа техникаға қол жеткізбек.

Өкінішке қарай, соңғы жылдары шаруашылықтарға жаңа техникалар үшін берілетін субсидия мөлшері 25 пайызға түсіп қалды. Бұл біз сияқты шаруаларға тиімді емес. Алайда жұмыс жүру үшін жаңа техника сатып алу өте маңызды. Осы мәселеде мемлекет тарапынан қолдау болса жақсы болар еді. Сондай-ақ  шаруашылықты дамыту үшін  несие алу бағытында кепілдік қою және несиені өтеуде жеңілдік берілсе деген тілегіміз бар. Себебі мал санын көбейтіп, оның төлін өсіру үшін кемінде екі-үш жыл уақыт керек, — дейді қожалық басшысы.

Бүгінде шаруашылықта үш жұмысшы жұмыс жасайды. Қазіргі таңда қожалықта  2 трактор, 2 тіркеме, 1 шөп буатын пресс бар. Бұған дейін қожалық басшысы баз аумағынан мал суару үшін 3 ұңғыма қаздырған. Жаңа техника келген соң Иман Байдрахманов ұлы Саламат екеуі мал азығын дайындап, шөп шабуға кіріседі.

Бүгінде қожалықта 2,5 мың гектар жайылымдық және шабындық жер бар. Ендігі мәселе — қожалыққа көгілдір отынның келуі.

Бұған дейін ауыл орталығына газ құбыры жүргізілгенде ауыл шетіндегі 4-5 түтін жобадан тыс қалған. Соның салдарынан біз әлі күнге дейін көгілдір отынсыз отырмыз. Қыстай от жағып, қиындық көреміз. Отын жинау, оны тасу оңай емес. Осы тұрғыда аудан басшылығына бірнеше рет өтініш білдірген едік, бірақ еш нәтиже жоқ. Ауыл шетіндегі үйімізге газ келіп, көгілдір отынның игілігін көрсек деген тілегіміз бар, — дейді шаруа.

Иман Байдрахманов алдағы уақытта қой шаруашылығымен қатар жылқы, ірі қара санын көбейтуге күш салмақ. Қазіргі таңда қожалыққа малшы және сауыншы қажет.

Отбасында 4 бала тәрбиелеп отырған шаруашылық басшысы осылайша ауылды түлетуге атсалысып, балаларының жарқын болашағы үшін күні-түні тынымсыз еңбек етіп жүр.

Данагүл ҚАЗИХАН.

Басқа жаңалықтар

Back to top button