Ауыл

Егіс салды, мал төлдетті

Облыстағы астықты өлкенің бірі — Қарғалы ауданы. Бүгінде бұл ауданда егін егумен айналысатын шаруашылықтар аз емес. Солардың бірі — «Темірхан» шаруа қожалығы.

Шаруашылық басшысы Қамза Ақдәулетов 1997 жылдан бері егін егумен, сондай-ақ мал шаруашылығымен айналысады. Қазір шаруашылықта 250 ірі қара, 200 жылқы бар.

Биылғы жылы шаруа 550 гектар жерге бидай, 200 гектарға арпа, 120 гектарға сұлы еккен.

Қосестек ауылынан бірнеше шақырым жерде орналасқан қожалық жарықпен қамтылған, қыстау мен базы да бар. Шаруа қожалығы аумағынан ұңғыма да қаздырған.

— Биыл егінді 15 мамырдан бастап ектік, он күнде аяқтадық. Әлі де жыртатын, өңдейтін жер жеткілікті. Бір аптадан соң алқапты улауға кірісеміз. Шаруашылықта ол үшін барлық техника бар. Биылғы жылы «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы арқылы 18 миллион теңгеге екі жаңа трактор, «Кун» шөптиегіш техникасын сатып алдық. Сондай-ақ егін егетін 4 комбайнымыз да бар. Ендігі мақсат — алдағы уақытта егіндік жерлерді 250-300 гектарға арттыру, — дейді шаруашылық басшысы Қамза Ақдәулетов.

Бүгінгі күні шаруашылықта 2 мың гектар жайылымдық және шабындық жер бар.

Өткен жылы қожалық басшысы мемлекеттен несие алып, Хромтау ауданындағы  «Жантізер» шаруа қожалығынан асылтұқымды бұқа сатып алған. Алдағы уақытта қожалық асылтұқымды ірі қара санын көбейтуді көздейді.

Қазақта «Мал баққанға бітеді», деген қанатты сөз бар. Өйткені, төрт түлік мал — қазақтың құт-берекесі, ырысы мен байлығы. Сол себепті біз егінмен қатар, мал шаруашылығын қолға алған болатынбыз. Қазір жайлауда малдың төлін өсіріп, тынымсыз еңбектеніп жатырмыз. Бір жағынан, егіннің жайын да ойлаймыз. Бүгінгі күні ауылдық жерлерде тұратындар егін егуге, бау-бақша өсіруге, мал бағуға құлықты емес. Жастар мал шаруашылығымен айналысқысы келмейді. Қазіргі таңда біздің қожалықта 11 адам жұмыс істейді, алайда малшы мен механизатор тапшы. Сондай-ақ шаруашылығымызға газ құбыры жеткен жоқ. Болашақта осы мәселелер шешілсе, қожалық одан әрі дамиды деп сенеміз. Ең бастысы, еліміз тыныш, халқымыз аман болсын, — дейді шаруа.

Табиғаты ерекше, жері шұрайлы Қарғалы ауданы қандай шаруаға болса да қолайлы. Осыны түсінген Қамза Ақдәулетов сияқты шаруалар бұл өлкеде өз шаруашылығын дамытумен қатар сырттан келгендерге оның мол мүмкіндігімен мақтанады.

Данагүл ҚАЗИХАН.

Басқа жаңалықтар

Back to top button