Жаңалықтар

Тұтынушы 14 тауар түрін кері қайтара алады

Семинар

Ақтөбе облысы бойынша тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті Қобда ауданының білім саласы қызметкерлерімен «Тұтынушылар өз құқықтарын қалай қорғайды? Сауатты тұтынушы болудың тиімді жолы» тақырыбында онлайн семинар өткізді.

Облыстық департамент басшысы Жұмамұрат Алдашевтің айтуынша, соңғы кезде тұтынушы құқықтарының бұзылу деректері тым көбейіп кеткен. «Мұның  себебі — сатып алған тауар немесе көрсетілген қызметтің сапасына байланысты тұтынушы   өз құқығын біле бермейді. Сондықтан алдағы уақытта мектептің жоғары сынып оқушылары, тұрғындар арасында тұтынушы құқығын қорғауға байланысты  түсіндіру жұмыстарын тұрақты түрде жүргіземіз. Егер қоғамда сауатты тұтынушылар көп болса, онда көрсетілетін қызмет түрлерінің сапасы да артады деп ойлаймыз», — дейді ол.

Бүгінде нарықта 100 мыңнан астам тауар түрлері  бар. Тұтынушылардың  құқықтарын  қорғау департаментінің  қызметкері  Гүлзада Алматбаеваның айтуынша, «Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы» ҚР Заңының 7-бабында   дәрі-дәрмек, шұлық, іш киімдер, тері бұйымдары, метрлеп сатылатын тауарлар,  сим карталы ұялы телефондар ғана кері қайтаруға жатпайтын тауар түрлеріне жатқызылған. Ал, тұтынушы жоғарыда көрсетілген санатқа кірмейтін кез келген  тауарды  ұнамаса 14 күн ішінде кері қайтарып бере алады. Ол үшін тек тауар чегін  сақтап қою керек. Егер тауардың кепілдік немесе жарамдылық мерзімі көрсетілмесе, бұған сатушы ғана кінәлі. Бұл көбінесе тұрмыстық техника түрлеріне байланысты. Ондай жағдайда тұтынушы техниканы екі жылдың ішінде тауар сатушыға қайтара алады. Мұның бәрі «Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы» Заңы аясында қарастырылған. Егер сатушы бүлінді не пайдаланды деген себеп айтып, тауарды  кері қабылдаудан бас тартса, онда тұтынушы осы тауарға  сараптама тағайындатуға құқылы. Мұндай жағадйда сараптама ақысын сатушы өзі төлейді.

Тұтынушылар құқықтарын қорғауға байланысты әлеуметтік сауалнама жүргізілгенде, оған қатысқандардың 87%-ы тұтынушы ретінде құқықтарының бұзылғанын көрсеткен. Сауалнамаға қатысқандардың  29%-ның құқығы тіпті жылына жеті реттен артық  бұзылған екен.

Семинарда қобдалық мұғалімдер интернет қызметін орнатқаны үшін төленетін қосымша қызмет түрлерінен бас тарту, базарда сатып алған тауарларды кері қайтару туралы сауалдар қойды.

Баян СӘРСЕМБИНА. 

Басқа жаңалықтар

Back to top button