Денсаулық

Эпидемиологиялық жағдай мәз емес…

Облыста эпидемиологиялық жағдай күрделі. Карантин режимі алынғаннан кейінгі аптада коронавирус жұқтырғандардың саны күрт артқан. Соңғы тәулікте 26 адам тіркелген. Қазіргі күні індетке шалдыққандардың жалпы саны – 454. Оның ішінде 290 адам жазылып, үйіне шықса, 164 науқас стационарда ем алып жатыр. Олардың қатарында 42 бала бар. Оның 30-ы ауруынан айыққан соң, үйіне жіберілген.

Маусым айынан бастап ауру белгісі жоқ болса да бойынан коронавирус індеті анықталғандар көбейді.  Бұндай науқастар бөлек оқшауланады. Олар үй карантиніне жіберіледі. Егер үй жайында мүмкіндігі болмаса стационарға жатқызылады. Қазіргі таңда  осындай 29 науқас бар. Дәрігерлерді алаңдатып отырған бір нәрсе, соңғы кезде аурудың асқынған түрімен түсушілер көп. Бұрын жансақтау бөлімінде бір-екі адам жатса, қазір он екі науқас бар. Оның төртеуі жасанды тыныс алу аппаратына таңылған. Бір науқастың жағдайы өте ауыр. Өмір мен өлімнің арасында жатыр. Дәрігерлер оны аман алып қалудың барлық мүмкіндігін қарастыруда. Сондай-ақ Ақтөбе медициналық орталығының провизорлық стационарында жүз науқас пневмониядан емделіп жатыр. Статистика бойынша бұрын жаз мезгілінде бұл аурумен мұншалықты көп науқас емделген жоқ. Бұның барлығы індетпен байланысты болуы мүмкін деген болжам бар, — деді облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Әсет Қалиев.

Ал облыстық  тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау  департаментінің басшысы Нұрсұлу Беркімбаева алдағы екі күнде тағы қаулы шығатынын мәлімдеді. Ақтөбе қаласында шектеу шаралары күшейтіледі. Блок-бекеттер қойылмағанымен кейбір кәсіпкерлік нысандары мен сауда орындарының, қоғамдық көліктердің жұмыс істеу уақыты қысқарады. Кейбір нысандар жабылуы мүмкін. Тұрғындар көпшілік жерге барғанда міндетті түрде медициалық бетперде киіп жүруі керек. Салғырттық танытуға болмайды. Той, садақа, туған күн секілді жиындарды өткізбеу керек. Адамдардың көп шоғырлануына болмайды. Осыны ескерткен департамент басшысы тұрғындардың жауапсыздығынан індеттің өршіп отырғанын айтты.

Сондай-ақ індет жұқтырғандар саны аудандарда да жиі тіркеле бастады. Шалқар, Ырғыз, Мұғалжар, Мәртөк аудандарында соңғы тәулікте науқастар тіркелген.

Науқастар санының көптігіне байланысты Шалқар қаласында шектеу шаралары күшейтілген болатын.

Облыстық жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы Ардана Саймағамбет індетке байланысты құрылған мобильді топтың жұмысына тоқталды.

Кәмшат ҚОПАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Back to top button