АуылБасты жаңалықтар

Бұлақтыкөл: құмыққан ұңғылар, құрғаған құбырлар

  • Жанайқай

Байғанин ауданының Бұлақтыкөл ауылының тұрғындары кеңес заманынан бері тасымал суды тұтынады. Орталықтандырылған ауызсу құбыры  тартылды деген аты болмаса, ауылдықтар ауызсуға зәру. Ауылдағы сексенге тарта үйге кіргізілген су құбырының шүмектері құрғап тұр. Бүгінде 500-ден астам халқы бар Бұлақтыкөлдің тұрғындары күн сайын Кемерши жаққа көз тігеді. Өйткені жергілікті тұрғындар жиырма шақырым жерден жеткізілетін ауызсуды тосумен әлек. 

«Шай қайнататын су іздедік»

Ішерге суы жоқ ауылдың іргетасы сонау отызыншы жылдары қаланған. «Жыртық үйдің құдайы бар» демекші, былтыр жыл соңында Бұлақтыкөлдегі ауызсудан өзге тағы бір мәселе — ауылға көгілдір отын жеткізу жағы оңай шешіліпті. Сол маңға жақын орналасқан «Аманмұнай» компаниясы Қызылбұлақ ауылдық округіне қарасты екі ауылға — Жаңатаң мен Бұлақтыкөлге әзірге газды тегін пайдалануға мүмкіндік жасаған. Ауылға дейін жеткізілген газ құбырынан көгілдір отынды үйлеріне дейін тартуға ғана тұрғындар өз қалтасынан қаражат жұмсапты. Қазір шалғайдағы ауыл көгілдір отынның қызығын көріп отырғанмен, сол газға қайнататын бір шәйнек суға зар.

Бұлақтыкөлдің байырғы тұрғыны, ауыл ақсақалы Мақсат Ешімқұлов қыс айларында қатынас болмаған кезде, халықтың жағдайы тіпті қиындай түсетінін айтады.

Ауылымызда көптен бері ішетін су жоқ. Біз су таусылған кезде ғана ауыл, аудан әкімдіктеріне қоңырау шаламыз. Қыста қатынас қиындаған кездері ауызсу уақтылы жеткізілмей жатады. Кей жағдайларда су  таситын көлік болмай қалады. Осындай кезде ауылымыздың әкімі бар, өзіміз жетекші кооперативтердің басшыларымен байланысып, су жеткізуге мүмкіндік жасауына өтініш білдіреміз. Ауылымыздағы орталықтандырылған ауызсудың тоқтап қалғанына көп болды. Биылғы қыс онша қарлы болмады, су келіп тұрды. Бұрнағы жылы қыс қатты болып, қатынас болмай, 15-16 күндей сусыз қалған кезіміз болды. Сол кезде бірімізден-біріміз шай қайнататын су іздеп кеттік, — дейді ол.

«Ақтөбеге» жеткен арыз

Бұлақтыкөл ауылының ақсақалдары осындай жағдайларды айта келе, су мәселесін көтеріп, облыс әкімінің атына өтініш хат жазыпты. Бас-аяғы он алты адам қол қойған арыздың бір данасы газетіміздің редакциясына да жетті. Жергілікті тұрғындардың жанайқайы жазылған хатта 2014 жылы Бұлақтыкөлдің жанынан ауызсу үшін екі ұңғыма қазылып, ел игілігіне берілгені айтылады. Алайда су нысандары тұрғындарға көп қызмет етпеген. Бірінің суы сарқылып, екіншісінің суы ащы болғандықтан, ауыл маңындағы сорғы стансасына су тұшытып, тазалайтын қондырғы орнатылады. Осылайша ілдалдап отырған екінші ұңғы да көп кешікпей істен шығады.

Ауылымызға үш шақырым қашықтықта орналасқан екі ұңғыма да қазір істен шықты. Сол ұңғымалардан әрі қарай 5 шақырымдай жүрсең,  Қызылшоқы деген жерге жетесің. Ол маңда жерасты тұщы суының көзі бар. Кеңес заманында бүкіл кеңшар, ұжымшардың мал ауылдарына осы жерден су тасылды. Екі-үш жылдықта бұрынғы Қызылбұлақ селолық округінің әкімі Жандарбек Жаңабай Қызылшоқының суын тексертіп, нәтижесінде ішуге жарамсыз деген қорытындысын айтқан болатын. Біз сол судың жарамсыз болуын ұңғымадағы судың ұзақ жылдардан бері тазартылмағандығынан деп ойлаймыз. Облыс әкімі Оңдасын Оразалиннен Қызылшоқының суын Бұлақтыкөлге жеткізіп беруін сұрап, өтініш хат жазғанымыз рас. Бұл жерде біз арызды біреуді қызметінен төмендету немесе біреуге кесірімізді тигізу мақсатында жазған жоқпыз. Ауызсу мәселесінің аудан деңгейінде шешілмейтінін біліп,  облыс басшылығына осы проблеманы оңтайлы шешуге ықпал етуін ғана сұрадық. Қазір ауылымызда екі айдан бері ауызсу жоқ, жағдай өте қиын боп тұр, — дейді хатқа қол қойған ауыл тұрғындары.

Қызылшоқының суы

Ауылдың тарихын, тауы мен тасын бес саусағындай білетін Мақсат Ешімқұлов Қызылшоқыдағы ұңғыманың сонау жетпісінші жылдардан бұрын салынғанын айтады. Оның айтуынша, сол кездері бұл ұңғыманың күшімен мектептің барлық талы суарылған. «Біз — арызқой емеспіз, арыз жазуға бетімізден басамыз. Ауылымыздың әкімі осы мәселемен күндіз-түні шапқылап жүреді, бірақ қолынан ештеңе келмей тұр. Өйткені бұл аудан көлемінде шешілмейтін шаруа екенін де түсінеміз. Осылайша жоғарыдан көмек сұраған жайымыз бар», — дейді Мақсат ақсақал.

Қазір табиғаты ертеден шөбі шүйгін жайылымымен танымал болған Қызылшоқының маңына шаруа қожалығының базасы жайғасқан. Айбат Қалиев бұл жерде бұрыннан мал бағады.

Қызылшоқыдағы су ұңғымасы жақында іске қосылды. Бұл жерден бұрын су алған. Әлде де ұңғымадағы сорғыны он шақты метр төмен  түсірсек, мал суаруға жарап қалады. Қожалықтың малын бағамын. Ұңғыма суын пайдалану үшін күн сәулесі арқылы ток аламыз. Күн бұлтты кездері батарейка қуатталмай қалады, сорғының күші жетпейді, — дейді Айбат.

Өрістегі жылқы да, қой да ауылда жүр

Туғалы Қызылбұлақты мекен еткен Абай Тәжімбаевты біз үйінің ауласындағы суы ащы құдықтан мал суарып тұрған сәтінде жолықтырдық. Ақсақал ауыл айналасында өзен-көлдің жоқтығын, тіпті мал түгілі адам ішетін судың өзі тапшы екендіктерін айтып, шағымданды.

Өрістегі мал тал түсте үйге қайтып келеді. Байқасаңыздар, үйір жылқы да ауыл маңында жайылып жүр. Айналада су жоқ. Кейде құдықтағы ащы суға зар боп қаламыз. Осылай малымыз даладан жамырап келген сәтте, құдықтағы су да таусылып, оның толғанын күтеміз. Өзіміз суды ауылға жиырма шақырым жердегі Кемершиден тасып ішіп отырмыз. Малымыздың өрісте жайылғаннан гөрі, ауыл ішінде жүргені көп, — деген Абай ақсақал Бұлақтыкөлде ауызсу мәселесінен бөлек, телефон, интернет байланысының нашарлығын да тілге тиек етті. Оның айтуынша, ұялы телефонмен үйде отырып сөйлесудің еш мүмкіндігі жоқ.

 

Сарғыш су және кептелген сорғы

Біз ауылға барғанымызда, осы іске жауапты жергілікті билік өкілдерінің дені ұңғыма басында жүрді. Солардың бірі — Байғанин ауданы әкімінің орынбасары Базарбек Боранбай.

— Бұлақтыкөл ауылының тұрғындары Қызылшоқыдан су тарту мәселесін көтеріп жүр. Қызылшоқыда ұңғы қазып, оны су құбырына қосу үшін ең бірінші — жер асты суы зерттелуі керек. Екіншіден, су қоры анықталуы қажет. Су қорын анықтау жұмыстары облыстағы «Ақпан» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің зерттеу нәтижесінен соң ғана жүргізіледі. Ал жоба жасату үшін жерасты суының зерттелгендігі жөнінде анықтама ғана дәлел бола алады. Онсыз жоба жасалмайды.

Бұлақтыкөлде ауызсу ұңғымасы 2014 жылы салынып,  пайдалануға берілген еді. Одан кейін ұңғыма суына мұнай араласты, суы ащы деген шағымдар түсе бастады. Іске қосылған ұңғыманың суын жергілікті тұрғындар жыл жарымдай ғана пайдаланды. Өйткені су тұрып қалса, сарғыш тартып кетеді. Зертханада тексерткенімізде, судың құрамында темір тотығы мөлшерден көп екені белгілі болды. Сөйтіп, 2017 жылы ауыл маңындағы сорғы стансасына су тұшытып, тазалайтын қондырғы орнаттық. Содан кейін қалыпты жұмыс жасап кетіп еді, былтырғы жылы су айдап тұрған тағы бір ұңғыма істен шықты. Өткен жылы  «СНПС-Ақтөбемұнайгаз»  бен «Алтиес-Петролеум» кәсіпорындарынан көмек сұрап, құмығып қалған екінші ұңғыманы тазарттырып, соны қосып бердік. Биыл ол ұңғы тағы да істен шығып қалды, ал бұған дейінгі ұңғының ішіне сорғы кептеліп қалған. Қазір бұл мәселені «Алтиес-Петролеум» кәсіпорнының агрегаты және  басқа да техникаларының күшімен шешуге тырысып жатырмыз, — деді ол.

Ауызсу: темір тотығы мөлшерден көп

Айсұлтан Жолдыбек, Байғанин аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы:

Жергілікті халық Қызылшоқыдан су тарту мәселесін қозғап отыр. Тұрғындардың көзқарасымен қарағанда, ол дұрыс  деп ойлаймын. Бірақ бюджеттен көп қаражат шығарып, суды ауылға тарту үшін  құжаттамалық бірнеше  процедурадан өтеді. Соның бірі —  жерасты су қоры тексерілуі қажет. Бұл — ұзақ процесс. Қазір мұнымен облыстық энергетика және  тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасы айналысады. Ондағылармен сөйлескенімізде, олар бізге осындай іске екі жылдан бері тапсырыс берген елді мекендердің көп екендігін айтты. Бұл жұмыстарды жүргізудің өзіне  үш жылға дейін уақыт кетуі мүмкін. Біз жағдайды халыққа барынша түсіндіріп жатырмыз. Егер жасап жатқан шаруамыз пайдаға асса, осы ұңғыманың суын лекерлеп тұтына тұруға тура келеді. Бірінші ұңғыманың суы ащы болса да, халық пайдаланған еді. Алайда биыл наурыздан бастап ол ұңғымадан су мүлдем шықпай қалды. Кезінде осы ұңғы қазыларда су қоры зерттелді,  23-25 жылға дейін жететін жерасты су қоры бары анықталған еді. Егер қазір қалыпқа келтіріліп жатқан ұңғы іске қосылмаса, онда бұл мәселені қозғауға тура келеді.

Кезінде ұңғыма 160 метр тереңдікке қазылған. Дегенмен суды 60-70 метрден беріп тұрды. Егер осы ұңғыма  бұрынғы қалпынша жұмыс жасап кетсе, онда халықты ауызсумен қамтамасыз етуге мүмкіндік болады.

Оның айтуынша, ұңғы ауылдан 3 шақырым қашықтықта орналасқан.  Магистральды құбыр арқылы ауылдағы сорғы стансасына жеткізілетін ауызсу әуелі сондағы резервуарға толады.

— Ауызсу орталықтандырылған құбыр арқылы барлық үйге жеткізілді. Алайда ұңғымадағы су ащы болып келді. Екіншіден, құрамында темір тотығы көп. Соған байланысты 2017 жылдың күзінде ауылға су тұшытатын, тазартатын қондырғы орнатылды. Оның бағасы — 16,5 миллион теңге. Конкурста жеңімпаз болған  компания бұл қондырғыны 12,5 миллион теңгеге орнатты. Қазіргі күні сол қондырғыға су жетпей тұр. Алайда халық соңғы кездері осы қондырғының суды тұшытпайтынын айтып жүр. Қондырғының  мембранасы мен арнайы торлары уақтылы тазартылуы керек. Бұл қондырғы Қызылбұлақ селолық округінің балансына берілген болатын. Өйткені «Байғанин» коммуналдық мемлекеттік кәсіпорны оны өз бюджетімен көтере алмайтын болды. Кейбір жағдайларда осындай ұсақ елді мекендерде суға кеткен шығынның өзін халықтың төлеген ақшасы ақтамай жатады. Сондай елді мекеннің бірі — Бұлақтыкөл. Сол үшін қондырғыны ауылдық округ балансына беруге тура келді, — деді Айсұлтан Жолдыбек.

Су тұшытатын қондырғыны іске асыру үшін ауылдан үш адам арнайы оқытылған. Мамандардың айтуынша, аталған қондырғының қалыпты жұмыс жасауы үшін қосалқы бөлшек алуға 4 миллион теңге қажет. Бұл жұмыстарды жүргізетін жеңімпаз кәсіпорын да анықталған. Алайда бұл әлі басталған жоқ.

Аудан бойынша Бұлақтыкөлден басқа ауызсу мәселесі Қарауылкелдіде бар. Аудан орталығына бастапқыда 5 ұңғыма қазылған. Оның бірі істен шығып, қалғандары жұмыс жасап тұр. Қазір халық саны да, үй саны да 2-3 есеге өсті. Ауызсуды тұтынушылар көбейген сайын, ұңғыманың қуаттылығы жетпей жатыр. Бүгінгі  таңда аудан орталығында бесінші ұңғыманы қазу жұмыстарын ұйымдастырып жатырмыз. Себебі жаз мезгілінде су жетіңкіремей жатады. Алайда Қарауылкелдіде Бұлақтыкөлдегідей үлкен мәселе жоқ, — деді А.Жолдыбек.

Бұлақтыкөлге барғанымызда, ауылда «Алтеис-Петролиеум» кәсіпорнына мердігер, яғни ұңғымаларға күрделі жөндеу жүргізумен айналысатын мекеме — «СНК Леопард» ЖШС-ның мамандары жұмыстанып жатқанын көрдік. «Байғанин» коммуналдық мемлекеттік кәсіпорнының директоры Оңдасын Құлжановтың айтуынша, мұнай компаниясының мамандары ауылдағы ішіне сорғы кептелген ұңғыманы қалпына келтіру үшін демеушілік танытқан.

Бұл жерде «СНК Леопард» мекемесінің 12 жұмысшысы күндіз-түні үздіксіз еңбек етті. Нәтижесінде, ұңғымаға сорғы салынып, қазір су айдап жатыр. Жоба бойынша, ұңғыманың тереңдігі 160 метр. Насос 110 метр тереңдікте қалып қойған. Қазір лай су тазартылып жатыр. Егер су таусылып қалмай, әбден тазартылып, санитарлық талапқа сай болса, ауылға жібереміз. Әзірге белгісіз, — деді ол.

Оңдасын Құлжановтың айтуынша, екінші ұңғыма бар болғаны 11 ай ғана жұмыс жасаған.

P.S. Ауылдық округ орталығынан — 20, аудан орталығынан — 120, облыс орталығынан 300 шақырым жердегі Бұлақтыкөл ауылындағы басты мәселе тіршілік көзі — су. Одан кейінгі тағы бір проблема — салынып жатқан жаңа мектептің құрылысы. Жетпіс пайыз құрылысы аяқталған нысан уақытында пайдалануға берілмей тұр. Қазір ауылдағы 90 бала тозығы жеткен, ағаштан салынған мектепте білім алуда. Ауыл әкімі Жалғас Нұртазаұлының айтуынша, құрылысқа жауапты «БМ72» мердігер мекемесінің салғырттығынан іс аяқсыз қалып отыр. Жақында осыған байланысты облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы Байрон Өтешов Бұлақтыкөлге келіп, мәселені өз көзімен көрген. Жүз орынға арналған мектептің жаңа оқу жылында пайдалануға берілетінін айтып кетіпті.

**

Облыс басшысының атына жазылған өтініш хатта жергілікті тұрғындар көтерген екінші мәселе — Бұлақтыкөлде интернет пен телефон байланысы нашар. Биыл Атырау жағынан келген ұялы байланыс компаниясының өкілдері жыл соңына дейін ретке келтіруге ықпал жасайтындарын айтып, сендіріпті. Қазір жергілікті халық осындай көп уәделерге сеніп отыр… 

 Арайлым НҰРБАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Back to top button