Абай — 175

Макканың мерейі

Байқау

Биыл сәуір айында Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойы аясында облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы мен «Қоғамдық келісім» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің ұйымдастыруымен «Өлең — сөздің патшасы» атты Абай өлеңдерін мәнерлеп оқудан облыстық онлайн байқау өткен болатын.

Байқауға қатысушылар онлайн форматта әлеуметтік желі арқылы бақтарын сынады. Он күнге созылған сайыстың нәтижесінде ақын шығармаларын жатқа оқыған этнос өкілдерінің ішінде үздіктері іріктелді.

Жуырда Достық үйінің сахнасында жүлдегерлерді марапаттау рәсімі өтті. Іс-шара барысында гигиеналық талаптар барынша қатаң түрде қадағаланды.

Шарада облыстық ҚХА хатшылығының меңгерушісі М.Қорғанбаева ұлы ақынның өлеңдерін жатқа оқуда өзге ұлт өкілдерінің белсенділік танытқандығын айтып өтті.

Онлайн байқаудың қорытындысы бойынша бас жүлде Қобда ауданы Сарбұлақ орта мектебінің оқушысы, шешен ұлтының қызы Макка Мажидоваға бұйырды.

Ал 7 жастағы балалар арасында И.Шевчук, 8 жастағылар арасында С.Шуст, 9-10 жас ерекшеліктері бойынша Д.Потапова, 11-13 жастағылар арасында И.Кашапов, сондай-ақ 14-16 жастағы қатысушылар арасында И.Абдуллиналар 1-орындарға ие болды.

Облыстық ҚХА хатшылығының меңгерушісі М.Қорғанбаева мен «Қоғамдық келісім» КММ директоры Н.Ағниязов онлайн байқауда оқ бойы озық шыққан жүлдегерлерді дипломдармен марапаттап, арнайы сыйлықтарды табыстады. Сөз жарысына қатысқан басқа да қатысушыларға белсенділік танытқандары үшін ұйымдастырушылар тарапынан Алғыс хаттар берілді.

Іс-шара «Славяне» этномәдени бірлестігінің жанындағы «Купава» фолк» модерн тобының орындауындағы Абайдың «Көзімнің қарасы» және сыған диаспорасының өкілі Б.Калмыковтың орындауындағы «Айттым сәлем, Қаламқас» әндерімен жалғасты.

Айта кетейік, онлайн байқау @assembly_aktobe инстаграм парақшасында өтіп, оған 130-дан астам өзге ұлт өкілі қатысты.

Ақбота ҚАЛДЫБЕК.

Басқа жаңалықтар

Back to top button