Басты жаңалықтар

Темір ауданында мектеп-интернат ашылады

Өткен сенбі күні облыс әкімі Оңдасын Оразалин жұмыс сапарымен Темір ауданына барып, бірнеше ауылдағы әлеуметтік маңызы бар құрылыс жұмыстарымен танысты. Сондай-ақ бірқатар тапсырмалар беріп, шаруа қожалықтары басшыларымен кездесті.

38 мыңға жуық халық қоныстанған Темір ауданына сапары кезінде атқарушы билік өкілдері алдымен Ақсай ауылдық округіне аялдады. Мақсат — ауылішілік пен ауылға дейінгі газ құбыры құрылысы, интернет желісінің жобасымен танысу. Тарқатып айтсақ, қазіргі таңда Ақсай ауылына дейін ұзындығы 49,73 шақырым газ құбыры салынып жатыр. Жобаның құны — 830 миллион 536 мың теңге. Бұл мақсатта былтыр республикалық бюджеттен 162,6 миллион теңге бөлінсе, биыл облыстық бюджеттен 83 миллион теңге қаржы қаралыпты. Аталған ауылдың өзіне де газ құбырын салу жұмыстары жүргізілу үстінде. Бұған 152 миллион 256 мың теңге қажет. Бұл үшін 2019 жылы республикалық бюджеттен 29 миллион теңге, осы жылы облыстан 15,2 миллион теңге қарастырылған. Жалпы, өткен жылы басталған көгілдір отынды жеткізу жұмыстары 2021 жылы аяқталады деп күтілуде.

Мұнымен бірге, сол жерде «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы аясында ауданда атқарылған жұмыстар легі таныстырылды. Аудан әкімі Жолдас Батырхан өз сөзінде Темір қаласы, Ақсай, Саркөл ауылдарына «кең жолақты» интернет желісі тартылып жатқанын, нәтижесінде 10 ауылдың 7-еуі аталған өркениет көзіне қол жеткізетінін баяндады. Ал Алтықарасу, Құмқұдық, Тасқопа елді мекендері келер жылы ғаламторға қосылмақ. Яғни, жоспарға сай, бұл 2021 жылы темірліктердің жүз пайызы интернет игіліктерін көре алады деген сөз.

— Бұны тез арада қолға алу қажет, кешіктіруге болмайды. XXI ғасырда жастарға интернет аса қажет. Бұл халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталған жоспарда да бар. Газ тарту жұмысы да солай. Келер ұрпақтың болашаққа сеніммен қарауы үшін атқарылып жатқан шаруалар өз деңгейінде, сапалы болуы тиіс, — деп ескертті Оңдасын Сейілұлы.

Одан соң Қопа ауылына аттанған топ «Өңірлерді дамыту — 2020» бағдарламасы бойынша жұмыс жоспарымен танысты. Атап айтсақ, биыл 100,2 миллион теңгеге 36 жоба жүзеге асырылмақ. 25 елді мекенде 180-ге жуық көше жөнделіп, 134 көше жарықтандырылады, Қопа ауылына гүлзар салынады. Ауданда балаларға арналған барлығы 8 ойын алаңы пайдалануға берілмек. Осы орайда ауыл ақсақалдары игі істер үшін алғысын айта отырып, өз бұйымтайын да ортаға салды: Қопа ауылына емхана қажет. Өз кезегінде аудан әкімі жаңа ғимараттың жобалық-сметалық құжаты дайын екенін, қаржыландыру болса, ешқандай кедергінің жоқтығын білдірді. Аталған мәселе мәслихаттың қарауына жіберілетін болды.

Сапар барысында Қопадағы «Балдырған» балабақшасының жай-күйі де көрсетілді.

Аудан орталығы —  Шұбарқұдық кентінде оңды өзгерістер көп. Жеке кәсіпкер Сұлтанбек Жонысовтың «Аман» мал сою пункті — соның жарқын көрінісі. Былтыр жер алып, 18 миллион теңгеге аталған нысанның құрылыс жұмыстарын жүргізіп жатқан ол іле-шала мал бордақылау алаңын ашамын деп отыр. Іскер азамат ойға алған ісін аяқтау үшін «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы арқылы несие алуға ниетті. Орталықтың жұмысымен танысу ауыл шаруашылығы саласына маманданған осындағы кәсіпкерлердің өнімдері қойылған көшпелі көрме һәм шаруа қожалықтары басшыларымен дидарласуға ұласты. Асылтұқымды ірі қара мал, ешкі, құс шаруашылығын, т.б. қолға алған шаруалар мемлекеттік бағдарламалардың арқасында жұмыстарының жанданып жатқанын, алға қойған жоба-жоспарының көп екенін жеткізді. Ал сүт өнімдері — қымыз, сүзбе, сары май, құрт қойылған көшпелі көрмеде ауылішілік сауда мен өнімдерді Ақтөбе қаласына жеткізу жолға қойылғаны, сұраныстың жоғары екені тілге тиек етілді. Мәселен, «Қуаныш» шаруа қожалығының басшысы Түгел Самарханов 257 ірі қара, 25 жылқы өсіріп, қымыз, сүтін сатып отыр. «Сыбаға» бағдарламасы арқылы мал басын арттырған шаруа 5 ауылдасын жұмыспен қамтып отырғанын, кәсібін кеңейту — басты мұраты екенін атап өтті. Ақсай ауылдық округінде ата кәсіппен айналысатын жігіт ағасының иелігінде 2 мың гектар жер бар. «Саудалау жағынан ешқандай қиындық жоқ. Ауданнан бөлек, қаланың өзіне де жеткіземіз», — дейді ол.

Облыс әкімі өз орынбасары Аманғали Бердалинге ауыл шаруашылығын дамытуға ниетті кәсіпкерлерге қолдауды күшейту жөнінде тапсырма беріп, мұндай табыс көзінің болашағы зор екенін қосты. Жалпы, ресми деректерге сүйенсек, «Еңбек» жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы аясында  ауданда биыл 286 миллион теңге қарастырылған. Бүгінгі таңда соның 47 миллион теңгесі игеріліпті. Сондай-ақ биыл «Қарапайым заттар экономикасы» аясында Темірде 7 жоба іске асырылғалы отыр. Қазіргі кезде соның 2-еуі комиссияның оң бағасын алып үлгерген.

Тағы бір жаңалық — аудан орталығында «Қызылжар» шағын ауданы бой көтеріп келе жатыр. Қазіргі таңда мұнда 60 орынға шақталған интернаты бар орта мектептің құрылысы қызу жүргізілу үстінде. Білім ошағы — мектептің өзінде 320 бала оқи алады. Жобаға республикалық бюджеттен 1,2 миллиард теңге бөлінген. Ал мердігер мекеме — «Спарта и Ко» ЖШС. Аталған нысан биыл Білім күнінде ашылмақ. Сондай-ақ, осы шағын ауданда салынып жатқан денешынықтыру кешенінің құрылыс жұмыстары таныстырылды.

Тұрғындар көптен күткен Депо мен Абай көшелеріндегі автокөлік жолдарының құрылысы да қарқын алды (бұл туралы газетіміздің өткен сандарында жазғанбыз — А.С.). «Жұмыспен қамту жол картасы» бағдарламасы бойынша 104,5 миллион теңгеге мұндағы ұзындығы 1,34 шақырым жолға күзге дейін асфальт төселмек. Соның аужайын арнайы барып көрген топ жергілікті билік, қарияларға құрылыс жұмыстарын жіті бақылап, мердігер мекеменің ісіне салғырт-салақ қарауына жол бермеу ұсынылды.

— Бұны қадағалайтын органдар бар. Дегенмен, сіздер де қалыс қалмай, осы жұмыстарды тікелей бақыласаңыздар артық болмайды. Өйткені қызығын көретін, пайдаланатын — өздеріңіз. Кемшіліктерді байқасаңыздар бірден әкімдіктегілерге хабарлаңыздар. Аудан әкімі де бәрінің сапалы жасалуын қадағалауы тиіс. Жылына осылай 3-4 көшенің жолдарын жөндесек, бірер жылда аудан жаңарып шыға келеді. Сосын міндетті түрде жаяу жүргіншілер өтетін жолды ұмытпаған дұрыс. Ертең ұялмайтындай, сапалы етіп жасалуы керек. Қоғамдық бақылауды сол үшін күшейтіңіздер.

Бұл жұмыстарға тек Ақтөбенің мекемелері тартылып отыр. Олар барлығын өз деңгейінде атқарар деген үміттеміз. Халқы көп, әлі де молаятын ауылдарға асфальт төсеп, су мен газды жеткізуді жалғастыра береміз, — деді Оңдасын Оразалин.

Сапар соңындағы кездесуде қарттар Темір ауданындағы «Толғанай» алма бағының қараусыз қалғанын, жол бойындағы қоқысты мәселе етіп көтерді. Бұл түйткілдер бойынша аудан әкімі ол бақтағы алма ағаштарының жеміс беру мерзімі әлдеқашан аяқталғанын айта келе, басқа жерден ағаш егу жұмысының қолға алынатыны жөнінде уәде берді. Ал қоқыстың сырттан келмейтіні, бұл тұрғындардың мәдениетіне байланысты екені қаперге салынды…

Айбек СЕРІКҰЛЫ.

Ақтөбе-Темір-Ақтөбе.

Басқа жаңалықтар

Back to top button