Жаңалықтар

Мемлекеттік қызметші: білім мен білік

Брифинг

Өңірлік коммуникациялық қызметінде өткен брифинг барысында ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Ақтөбе облысы бойынша департаменті басшысының орынбасары Рафхат Бисенов пен ҚР Президенті жанындағы мемлекеттік басқару академиясының Ақтөбе облысы бойынша филиал директоры Саида Садуақасова аталған саладағы кейбір құжаттарға енгізілген өзгерістер мен «Үздік мемлекеттік қызметші» байқауының өңірлік кезеңінің қорытындысы туралы, ҚР Президенті жанындағы  мемлекеттік басқару академиясына магистратура және докторантураға түсу сатылары бойынша ақпарат берді.

Рафхат Бисеновтің айтуынша, бүгінде облыстағы 469 мемлекеттік органда 4215 мемлекеттік қызметші жұмыс істеп жатыр.

— Мемлекеттік қызмет саласында гендерлік теңдік толық сақталып отыр. Сөзімізге дәлел — облыстағы мемлекеттік қызметте 2570 әйел адам жұмыс істейді, бұл мемлекеттік қызметкерлердің жалпы санының 58,9 пайызына тең.          Мемлекеттік қызметшілердің орташа жасы —  38,3 жас, — деді ол.

Департамент басшысының орынбасары Р.Бисенов жақында ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының  2017 жылғы 21 ақпандағы №40 бұйрығына өзгерістер мен толықтырулар енгізілгенін айтты. Осыған сәйкес, мемлекеттік қызметке кіру рәсімдерін жеңілдету мақсатында «Б» корпусының мемлекеттік әкімшілік лауазымына орналасуға конкурс өткізу ережесіне бірқатар өзгеріс енгізілген. Біріншіден,  сертификаттың және қорытындының (кандидаттың жеке қасиеттерін бағалау) қолданылу мерзімі төтенше жағдай кезеңінде тоқтатыла тұрады. Екіншіден, Қазақстан Республикасының заңнамасын білуге арналған тестілеу және жеке қасиеттерін бағалау қорытындысы бойынша белгіленген шекті мәннен төмен нәтиже алған үміткерлер үшін тестілеуді қайта тапсыру уақыты 1 айдан 15 күнтізбелік күнге қысқартылды.

—  Сондай-ақ 1 маусымнан бастап мемлекеттік қызметшілердің қызметтік куәліктері сәйкестендіру карталарына ауыстырыла бастады. Мұндай карталардың артықшылығы —  онда QR-код қондырылады. Бұл QR-кодта мемлекеттік қызметші туралы ақпарат, яғни оның жеке сәйкестендіру нөмірі, аты-жөні, лауазымы, мемлекеттік органның атауы, тағайындау нөмірі мен күні көрсетіледі. Сәйкестендіру карталары мемлекеттік қызметшілердің қызметінің ашықтығын қамтамасыз етуге бағытталған. Мәселен, азаматтар мемлекеттік органдарға жүгінген жағдайда оларға қызмет көрсеткен мемлекеттік қызметшінің дерегімен картада көрсетілген ақпарат арқылы таныса алады. Қазіргі уақытта мұндай карталарды  Хромтау ауданы әкімдігінің қызметкерлері пайдалана бастады. Алдағы уақытта бұл карталармен барлық мемлекеттік органдар қамтамасыз етіледі, — деді ол.

Р.Бисенов Мемлекеттік қызмет істері агенттігі өткізетін байқаулар туралы да ақпарат берді. Оның айтуынша, агенттік биыл бірден екі ауқымды конкурс өткізуді қолға алған, олар — «Қазақстан Республикасының үздік мемлекеттік қызметшісі» және «Үздік ауыл әкімі» конкурстары.

— Үш жылдан бері өткізіліп келе жатқан «Қазақстан Республикасының үздік мемлекеттік қызметшісі» конкурсына Ақтөбе облысынан жалпы алғанда 200-ден астам мемлекеттік қызметші қатысты. Оның ішінде екеуі жеңімпаздар қатарынан табылды. 2017 жылы  Нұргүл Бертілеуова, 2018 жылы Гүлмира Низарова жеңімпаз болды. Конкурс үздік деп танылған мемлекеттік қызметшілердің мансаптық өсуіне мүмкіндік берді. Мәселен, облыстық тілдерді дамыту басқармасының бас маманы лауазымынан Нұргүл Бертілеуова облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары қызметіне жоғарылады, ал Гүлмира Низарова облыс әкімі аппаратының бас инспекторы лауазымына тағайындалды.

Биылғы байқаудың өңірлік деңгейі өткен аптада аяқталды. Облыс бойынша 78 мемлекеттік  қызметші өтініш білдірген болатын. Оның ішінде 57 адамның құжаттары сәйкес деп танылып, олар байқауға қатысты. Байқауға қатысқан мемлекеттік қызметшілердің жасы 22-43 жас аралығында. Соңғы жылдары ақтөбелік мемлекеттік қызметшілер байқауға белсенді қатысып келеді.

Өңірлік кезең барысында қатысушылар «Неліктен мен ең үздік мемлекеттік қызметші атағына лайықтымын» тақырыбында мотивациялық эссе ұсынды, содан кейін олар кейс тапсырмаларына бейнежауап беруі қажет болды. Нәтижесінде 52 үміткердің үшеуі ғана республикалық деңгейге қатысуға жолдама алды.

Олар —  Қобда аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Арман Қабылов, облыстық білім басқармасы бөлімінің басшысы Қайрат Алдажаров және облыстық мемлекеттік қызмет істері департаменті мемлекеттік қызмет басқармасының бас маманы Бауыржан Оразов. Енді бұл қатысушылар республикалық деңгейдегі Қазақстан Республикасының ең үздік мемлекеттік қызметшісі атағы үшін сайысқа түседі. 8-12 маусым аралығында финалистер «Мемлекеттік қызметті жетілдіру: пандемия нәтижесі бойынша мемлекеттік қызметшінің қорытындылары» тақырыбында бейне презентация жолдайды, — деді ол.

Конкурс жеңімпаздарының есімдері 23 маусымға дейін белгілі болады.

Ал «Үздік ауыл әкімі» байқауына қатысу үшін үміткерлер 15 маусымға дейін өтініш, жеке куәліктің көшірмесін, қызметтік тізімді, конкурс қатысушысының сауалнамасын, ауылдың әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштерін және ауылдық аумақты дамыту бойынша таныстыру түріндегі жобалық жұмысын жолдауы қажет. Қатысушылар елді мекен тұрғындары  арасында сауалнама немесе онлайн дауыс беруден және мемлекеттік қызметшілердің этикасын сақтауы мәселелері бойынша әдеп жөніндегі уәкілдің сауалнамасынан өтіп, «Үздік ауылы әкімі» атағына мен неге лайықпын» деген тақырыпта эссе жазады. Екінші кезеңге өткен

әкімдер ауылдық округті дамыту, 5 000 000 теңгеден аспайтын бюджеті бар ауылдық елді мекеннің әлеуметтік-экономикалық мәселесін шешу бойынша дербес жобалық жұмысын қорғауы қажет. Байқау қорытындысы қыркүйек айының соңына дейін белгілі болады. Р.Бисеновтің айтуынша, облыс бойынша байқауға қатысуға 15 ауылдық округтердің әкімдері өтініш білдірген.

ҚР Президенті жанындағы мемлекеттік басқару академиясының Ақтөбе облысы бойынша филиал директоры Саида Садуақасова мемлекеттік қызметшілердің білімі мен біліктілігін арттыруға қатысты ақпарат берді.

— Мемлекеттік қызметшілер үш жылда бір рет біліктіліктерін арттыру семинар, курстарынан өтеді. Өткен жылы 1466 мемлекеттік қызметкер, биыл жыл басынан бастап 388 мемлекеттік қызметкер біліктілікті арттыру курстарында оқыды.

Академия жыл сайын мемлекеттік басқару және саясат саласындағы отандық және әлемдік трендтер негізінде өзінің білім беру бағдарламаларын жетілдіріп отырады. Бір жылдан астам жұмыс өтілі бар барлық мемлекеттік қызметшілердің магистратураның 10 бағдарламасының бірі немесе докторантураның 3 бағдарламасы бойынша грантқа түсу мүмкіндігі бар. Осы жылдың ерекшелігі — аталған магистратурада бағдарламалардың үшеуі (мемлекеттік менеджмент, өңірлік даму, өңірлік көшбасшылық) өндірістен қол үзбей модульдік оқыту бойынша жүргізіледі. Академияға оқуға түскен жағдайда білім алушыға жұмыс орнын сақтау, лауазымдық жалақы мөлшерінде стипендия алу, жоғары білікті профессор-оқытушылар құрамынан білім алу, әлемдік деңгейдегі сарапшылармен тағылымдамадан өту мүмкіндігі беріледі. Тыңдаушы жатақханамен қамтамасыз етіледі, — деді ол.

Мейрамгүл РАХАТҚЫЗЫ.

 

Басқа жаңалықтар

Back to top button