Жаңалықтар

Аңызға айналған батыр қыз

Биыл, 2020 жылдың 15 маусымында, Әлия Молдағұлованың туғанына — 95 жыл. Бүкіл халқымыз ол туып-өскен топырақтың қадір-қасиеттерін әрдайым қастерлеп келеді.

Заманның қиындығына қарамастан, өткен жылы мерейтойға дайындық басталып та кетті.

Көп жылдан бері қол жеткізе алмай келген Әлия Молдағұловаға арнап жеке музей салу жоспарланды, дайындық жүріп жатыр, ол Әлия Молдағұлова даңғылында бой көтереді.

Бұл мәселеге облыс әкімі Оңдасын Оразалиннің өзі ерекше назар аударып отыр. Облысымызда басқа да өнегелі шаралар жоспарланды. Әлия ауылынан Бұлаққа, Әлияның кіндік қаны тамған топырақтан орталыққа асфальт салынып іске қосылды, тұрғындар өте риза.

Менің Әлия ғұмыры мен ерлік жолдарын зерттеп жүргеніме — 45 жыл. Қай кезде де Әлияның атаулы күндері ескерусіз қалған емес. Биылғы 14 қаңтарда оның ерлікпен қаза болғанына 75 жылдығын 75 шырақ жағып еске алдық.

Өткен жылғы мамыр айында Санкт-Петербургте ескерткіш орнатылды (мүсінші Едіге Рахмадиев). Ол балалар үйінің орнындағы алаңға қойылды.

Бұл шараға Ақтөбе, Атырау облыстарының делегациялары, Алматыдан ардагерлер шақырылды. Құрманғазы атындағы қазақ ұлттық оркестрі, Роза Рымбаева арнайы келді. Қазақстан Республикасының Ресейдегі елшісі Иманғали Тасмағамбетов ескерткіштің ашылу салтанатында сөз сөйлеп, құттықтады.

Қазақ халқының даңқын ерлігімен әлемге танытқан, ленинградтықтар да ерекше мақтан тұтатын Әлияның өмір жолы талай ұрпаққа өнеге болары анық, ол — екі елді байланыстырып тұрған достықтың символы, ресейліктер оны «біздің Әлия» деп құрметтейді.

Аты аңызға айналған батыр қызымыздың өр тұлғасын тану, оны құрметтеу — өз Отанын сүюдің, қайсар тектіліктің белгісі.

Соғыстың бір сәттегі ғаламат ерлігін тарих жады мәңгі сақтап, біртұтас тіршілік — тұтас ғасырға айналды.

Әлияның өшпес ерлігі бүкіл халқымыз үшін мақтаныш, оның ерлігін қастерлеу — парыз.

 

Ғалымжан БАЙДЕРБЕС,

«Қос шынар» Әлия, Мәншүк қоғамдық қорының жетекшісі.

Басқа жаңалықтар

Back to top button