Жаңалықтар

Темір тұлпарға «диагноз» қоятын жігіт

Мемлекеттік бағдарлама

Еркебұлан Жаленовтің темір тұлпарға құмарлығы сол бала кезден басталды. Әлі келетін шаруаларды жасап жүріп, 19 жасында алғашқы көлігі — «Маздасын» сатып алыпты.

Ол Ақтөбе қаласындағы №6 қазақ орта мектебін бітіріп, сосын Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің көлік техникасы және технологиялары факультетін қызыл дипломмен аяқтайды. Мектеп қабырғасында жүргенде-ақ өз кәсібін ашуды ойлайтын Еркебұлан өзі жақсы көретін мамандықты меңгеріп алғасын, тіпті күшке мініп, көп ізденеді.

— Автокөліктер қала көшелерінде күн санап толыға түсті. Мен де өзімнің кәсібімді ашқым келетін. Былтыр инстаграм желісінен «Жас кәсіпкер» курсы туралы ақпаратты көріп қалып, соған өтініш білдіріп, жобамды сәтті қорғап шығып, курсты аяқтап алдым. Соның нәтижесінде  өткен жылы «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы аясында қайтарымсыз 505 мың теңге көлеміндегі грантқа ие болдым. Ол қаражатқа автокөліктерге диагностика жасайтын сканер аппаратын сатып алдым. Сосын жеке кәсібімді бастап кеттім, — дейді еңбекқор жігіт.

Былтыр жаңа жыл қарсаңында ашылған жаңа кәсіп Еркебұланды бірден мол табысқа кенелтпесе де, азды-көпті бедел жинап бергені анық. Себебі темір тұлпарының қандай да бір жерінен ақау шыққан көлік жүргізушілері автодиагностиканың шеберін арнайы іздеп келе бастады.

— Мен көлік жөндемеймін. Тек Launch pro3 сканер аппараты арқылы жеңіл көліктердің электр жүйесін тексеріп, сынып тұрған, жасамай қалған жерін анықтап беремін. Сондай-ақ автокөліктердің корпусын сканерлеу арқылы қай жері соғылған, қай жері қайта боялғанын анықтау жұмыстарымен айналысамын. Бастағаныма да көп бола қоймады. Клиенттер де айтарлықтай көп дей алмаймын. Оның үстіне әлемді жайлаған коронавирус кесірі бізге де тиіп, бәрі тоқтап қалды ғой. Енді қайта кірісіп жатырмыз. Жазда жеңіл көліктердің дені жөнделіп, жолға шығады ғой. Біздің де кәсібіміз жанданар, — дейді Еркебұлан Жаленов.

Еркебұлан — отбасындағы екі ұлдың кішісі. Әлі үйленбеген, басы бос. Әжесінің бауырында өскені де көрініп-ақ тұр, қарапайым, тәрбиелі. Өзіне сенімді жігіт ертеңгі күнге де үлкен үмітпен қарайды. «Бас екеу болмай, мал төртеу болмайтынын» да біледі.

Жауапкершілігі мол, әр ісіне есеп беретін ол алдағы уақытта құрылыс саласындағы ауыр жүк көліктерін сатып алу арқылы кәсібінің аясын кеңейтуді де жоспарлап қойыпты. Қазір сол мақсатта ізденіп жүр екен.

P.S. Ата-бабаларымыз темірден түйін түйгенін ескерсек, техниканың тілін қазақ білмейді деу үлкен қате. Өкінішке қарай, осы уақытқа дейін автомобильге диагностика жасайтын, тұрмыстық техникаларды жөндейтін  жерлерде өзге ұлт өкілдері қызмет көрсететін. Жақында теледидар жөндейтін шеберді үйге шақырғанымда қазақ кісіні көріп, сондай қуандым. Еркебұланның да автодиагностика шебері болып жүргеніне риза болдым.

Айнұр ІЛИЯСҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button