Басты жаңалықтарЖастар

Жылдың басты кейіпкерлері

Еріктілер жылы

Волонтерлер жылының жартысын да, міне, еңсеруге жақынбыз. Осы аралықта біз газет оқырмандарына атаулы жылдың басты кейіпкерлері — ақтөбелік белсенді еріктілер, олардың басын қосқан көптеген клубтар туралы аз жазғанымыз жоқ. Бұл жолы енді дәйім сауапты іске ұмтылатын облыстағы волонтерлік топтардың жетекшілерінің өздеріне сөз беріп, жыл соңына дейін атқарылуы тиіс шаруалар нендей болуы керек, сол жөніндегі ұсыныс-тілектері мен олар үшін үлгі етуге тұрарлық адамдардың кімдер екенін білген едік. Бейбіт күннің батырлары атанған үлкен жүректі жігіттер мен қыздардың да бой түзейтін аға-апалары аз емес…

Еріктілерге деген көзқарас өзгерсе…

 Ералхан ДИЯРОВ,

«Қызыл ай» волонтерлік тобының жетекшісі:

— Мен Қызыл Ай қоғамының облыстық филиалында қызмет етемін. Сондай-ақ ұйым жанынан құрылған Ақтөбедегі волонтерлік топтың жетекшісімін. Бұл — қоғамдық жұмыс. Қазіргі таңда қатарымызда 110 ерікті бар. Олар 15-25 жастағы жерлестеріміз. Тобымызбен, негізінен, аз қамтылған отбасыларға азық-түлік таратамыз. Осы бағытта төтенше жағдай кезінде де қарап қалмай, блок-бекеттегі әскерилерге түскі ас жеткіздік. Арасында алғашқы көмекті қалай жасау керек, өзге де өмірге қажетті кеңестерді қамтитын семинар-тренингтер өткіземіз. Волонтерлер жылындағы тілегім — бізге жұртшылық «ерігіп жүргендер», «флешмоб өткізетіндер» деген көзқараспен қарамаса екен. Өйткені еріктілердің еңбегі шынымен елеулі екенін еліміздегі төтенше жағдайлар кезінде көрсеттік деп ойлаймын. Қайтарымсыз жәрдемдесетіндердің арқасында қаншама адамдарға әлеуметтік жағынан көмек көрсетіліп жатыр… Бірақ, неге екені белгісіз, кейбіреулер әлі күнге ақысыз қызметімізді басқаша түсінеді.

Ақтөбеге Волонтерлер үйі керек

 Әмина ЖЫЛҚЫБАЕВА,

«Жүректен жүрекке» волонтерлік тобының жетекшісі:

— 2014 жылдан бері көптеген қайырымдылық турнирлер, мерекелік шаралар, азық-түлік тарату акцияларын ұйымдастырдық. Құрамымызда 120 адам бар. Ал алғашынде небәрі 17 ерікті еді… Ақтөбедегі ерікті жастар жиналатын, өзара пікір алмасып, уақытын тиімді өткізетін ғимарат керек. Еріктілер үйі бой көтерсе деген ұсынысым бар. Ішінде концерт қоятын залы, спортпен айналысатын орны, жалпы көпшілік бас қосатын жер болса екен. Бұл — менің ұсыныс-тілегім.

Арамызда батыр деуге лайық, өзгелерге үлгі етуге тұрарлық азаматтар аз емес. Солардың бірі ретінде Әлібек Елеусізовті айтар едім. Ол қоларбада отырып, көзі нашар көрсе де, бірталай игі істі атқарып жүр. «Алаш» мүгедектер қоғамдық бірлестігін құрып, тағдырластарынан көмегін аямайды. Сондықтан осы адамның өмірге деген құлшынысының өзі ерлік дер едім.

Замандастарым зияны тиетін көмекті жасамаса екен

Ардақ ОРЫНБАСАРОВА,

«Үміт оты» волонтерлік тобының жетекшісі:

— Қиын жағдайға тап болған аналар, қарттар мен балаларға қолдан келгенше көмектесеміз. Негізінен өзіміз сияқты ізгілікке құштар жастардан ақша жинап, соған дастархан жаямыз. Жаңа жыл қарсаңында «Аяз атаға хат» акциясын ұйымдастырамыз. Қазіргі таңда қамқорлығымызда жалғызбасты ана мен атамыз бар. Енді жас анаға пәтер алу жағынан қол ұшымызды созуға талаптанып жатырмыз. Бұл жұмыстарды, яғни демеушілер тауып, қажетті қаражатты жинауды клубтағы 3 адам болып іске асырамыз. «Үміт отының» құрылғанына 6 жылдай уақыт болды. Тілегімді еріктілерге айтқым келеді. Кез келген адамға көмектеспестен бұрын жағдайын жіті тексеріп, жатыпішерлердің санын арттырмаса екен. Әйтпесе бүгінде негізсіз ақша сұрап, сол арқылы күн көріп отырғандар кездеседі. Талай рет өзіміз де куә болдық: әйелі «балаларым аш, үйде тамақ жоқ» деп жан ұшыра хабарласады. Барып қарасақ, қақ төрде дені сау отағасы телефонға телміріп жатады… Мұндай жағдайда көмектескеннің пайдасынан зияны басым. Шынымен мұқтаж адамдарға көмектессек екен.

Екатерина Голотина деген ерікті бар. Жас ана. Тұрақты жұмыс орны да жоқ. Соған қарамастан, қанша жылдан бері өзгелерге көмектескісі келіп, жүгіріп жүргені. Адам жоғалса, іздеу шараларына атсалысады, азық-түлік себеттерін таратуға көмектеседі, әйтеуір, игі іс жасауға құштар. Өз арамызда үлкен құрметке ие. Мен үшін бейбіт күннің батыры сол.

Ресми статусқа ие болсақ…

Азиза ИСАЕВА,

Алға ауданы, «Жалынды жастар» волонтерлік тобының жетекшісі:

— 2016 жылы ауданымыздағы жастар ресурстық орталығының жанынан құрылған «Жалынды жастар» еріктілер тобының 102 мүшесі бар. Олардың дені — мектеп оқушылары. Біз экологиялық акцияларға қатысып, аз қамтылған отбасыларға жәрдемімізді тигіземіз. Төтенше жағдай кезінде медициналық маскалар тараттық.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың осы жылды Волонтерлер жылы деп жариялап, бізге ерекше көңіл бөлгені қуантады. Бірақ еріктілердің көптен қордаланған мәселелері әлі күнге шешілмей келеді. Бірінші кезекте — ресми статусымыз. Біздің қозғалыстардың қоғамдағы рөлінің айшықталмай отырғаны қынжылтады. Ел ішінде волонтерге «барып кел, шауып келдің» бірі, көпшілік шараларда Ту ұстап тұратын адам деп қарайтыны сондықтан.

 

«АҚТӨБЕНІҢ» АНЫҚТАМАСЫ

Соңғы деректерге сүйенсек, Ақтөбе облысында волонтерлік топтардың саны 40-қа жеткен. Олардың арасында белгілі бір бағытты ұстанған еріктілер де бар. Мысалы, газетіміздің өткен санында жазылған «Спортики» клубы спортпен кәсіби түрде айналысатын мүгедек жандардың жаттығу жасауына көмектессе, «Медик-волонтерлер» тобы, негізінен, медициналық жәрдемге күш салады.

Тәжірибе алмасуымыз әлі кемшін

Әйгерім ОРАЗАЛИНА,

«Ықылас-Жан» қоғамдық қайырымдылық қордың жетекшісі:

— Спорттық ойындар, концерттер ұйымдастырып, содан түскен қаржыны мүгедек балалардың еміне, өзге де науқастарға береміз. Бүгінге дейін осылай он шақты адамға көмектестік. Біз ресми түрде тіркелген қормыз. Бірақ жұмысымыз волонтерлік топтарға ұқсас. Жалпы, ұйымымыз 2016 жылы ашылды. Оннан астам еріктіміз бар. Менің ойымша, өңірдегі еріктілердің тәжірибе алмасуы, бір-бірімен байланысы нашар. Жүйе жоқ. Мұнымен облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасы айналысуы керек. Сондағы қызметкерлер бізге арнап форум, семинар-тренингтер өткізсе, нұр үстіне нұр болар еді. Кейіннен әр волонтерлік топ халықтың алдында есеп беретіндей, өз жұмыстарын көрсететіндей ашық  аспан астында көрмелер ұйымдастырылса екен. Сол жерге атқарған шаруалардың суреттерін, өзге де құжаттарды тізіп қойсақ, жұртшылық кімнің кім екенін білетін еді.

Арнайы формамыз жоқ

Көркем СЕРІКОВА,

Әйтеке би ауданы, «Жігерлі жастар» волонтерлік тобының жетекшісі:

 — Талдысай ауылы мектебінің жанынан құрылған волонтерлік топ оқушылардан тұрады. Жас мұғалім болғандықтан, шәкірттерім — еріктілерге жетекшілік етемін. Біздің балалар әдетте ауылымыздағы саябақты қалпына келтіру жұмыстарына, ағаш егуге тартылады. Қарттардың үйінің ауласын абаттандыруға да жұмылдырылады. Ақысыз концерттер өткіземіз. Қазіргі таңда 25 еріктіміз бар. Клуб 2018 жылы өз жұмысын бастады. Жас волонтерлердің атқаратын жұмысы бірдей болғандықтан, барлығы бір түсті  арнайы киіммен қамтылса деген тілегіміз бар. Аудандағы жастар саясатына жауапты мамандарға мұны талай айттық, онымен әзірге нәтиже жоқ. Бір жағынан, бұл басқа балаларға үлгі болмай ма? Еріктілерге еліктер еді. Сонымен қатар біз сияқты ауылдағы еріктілерді ұмытпай, орталық қалалардағы семинарларға қатыстырса, білмегенімізді үйренсек дейміз. Ылғи бір адамдар сондай жиындарға бара бергеннен ештеңе шықпайды ғой.

Ақпараттық қолдау жетіспейді

Әсем ЖҰМАБАЕВА,

«Ақтөбе қайырымды жандар» волонтерлік тобының жетекшісі:

— Біз әлеуметтік желілер арқылы қаржы жинап, қамкөңіл жандарға тақырыптық кештер өткіземіз. «100 ата-әже», «Нағыз батырлар кеші», «Ертегі әлемі кеші» деген атаулармен түрлі топтағы азаматтарды жинап, оларға арнап дастарқан жаямыз. Ал ол үшін қаражатты әлеуметтік желілер арқылы қайырымды жандардан жинаймыз. Осы тұста мемлекеттік органдар тарапынан ақпараттық қолдау болса деймін. Телеарна мен газет арқылы ірі шараларымызды насихаттаса, бұл басқаларға өнеге болар еді. Атқарушы билік өкілдері де ара-тұра шараларымызға қатысса деген тілек бар.

Мен үшін тобымның әр мүшесі — батыр. Жалақы алмай, риясыз көңілмен өзгелерге көмектесудің өзіне үлкен жүрек керек. Сол себепті мен барлық волонтерлерді осы заманның батыры деп есептеймін.

Айбек ТАСҚАЛИЕВ.       

Басқа жаңалықтар

Back to top button