Денсаулық

Адал қызмет алғысқа бөлейді

Жақсы дәрігерді жұрт іздейді, құрметтейді. «Жақсы» деген сөз оның қызметіне емес, біліктілігіне, кәсібіне адалдығына байланысты айтылады. Ал халықтың ықыласына бөленіп, жақсы дәрігер атану көп маманның қолынан келе бермейтін іс. Ақтөбе қаласындағы №1 емхананың хирург, травматолог дәрігері Ілияс Ахметов — көптің алғысына бөленген жан. Осы салада отыз жылға жуық еңбек еткен дәрігер төтенше жағдай кезінде де науқастардың жанынан табылды. Бір сәт демалмады.

Емхана мамандарының еңбегі зор

Ақтөбе қаласындағы №1 емхананың дәрігерлері мыңдаған тұрғынға қызмет көрсетеді. Оның ішінде амбулаториялық хирургия орталығы тек осы емдеу мекемесінде ғана бар. Елімізде төтенше жағдай жарияланып, шектеу шаралары енгізілсе де емхананың хирургі, әрі травматолог қызметін қоса атқарып жүрген Ілияс Ахметов жұмысын тоқтатқан жоқ. Себебі шұғыл жағдайда ең бірінші көмек көрсететін  — осы мамандық иесі. Оның ішінде негізгі жүк емхана дәрігерлеріне жүктеледі. Мәселен, науқасқа ота ауруханада жасалғанымен, одан кейінгі емдік шара емхана хирургтерінің мойнында. Операция жарасын байлап, таңу, ем жасау, яғни аурудың асқынбай, науқастың толық айығып кетуі осы жердегі мамандардың біліктілігіне тікелей байланысты.

Төтенше жағдай жарияланғаннан бастап ерекше тәртіппен жұмыс жасап жатырмыз. Барлық қауіпсіздік шараларын сақтап, қызмет көрсетеміз. Жауапты мамандар адамдарды сырттан кезекпен кіргізеді. Жалпы хирургияға келетін адам көп. Қыста аяқ-қолын сындырып алатындар болса, жазда жарақат алушылар көбейеді. Әсіресе құрылыс жұмыстары кезінде бірі қолын кесіп алса, екіншісінің аяғына ауыр зат түсіп кетеді. Осындай оқыс жағдайлар жиі кездеседі. Ал әртүрлі аурумен ота жасатқан жандар ертеңіне бізге келеді. Операциядан кейін асқынулар болмас үшін уақытында жараның орнын залалсыздандырып, таңып, байлап, дәрі жағу керек. Кейбір сынықтарға гипс салынады. Осының барлығы уақытында жасалуы тиіс. Сондай-ақ  кішігірім оталарды, оның ішінде шап, кіндік жарығы секілді операцияларды ауруханаға жібермей-ақ, амбулаторлық хирургия орталығында жасаймыз. Емхананың бас дәрігері Марат Биханов отаға қажетті құрал-жабдықтарға тапсырыс беріп, уақытында қамтамасыз етуге ықпал етіп отыр, — дейді Ілияс Ахметов.

Білікті маман қарттар үйіндегі науқастарға да көмек береді. Бұл жерде өздігінен жүріп-тұра алмайтын мүгедек жандар бар. Олар бір орында жатқандықтан денесін жара басып, жауыр ауруына шалдыққан. Бұндай жандарға медициналық көмек көрсету үшін үлкен тәжірибе қажет. Қамкөңіл жандардың тілін тауып, сөйлесе білудің өзі өнер. Карантин кезінде ардагерлердің де жағдайы назардан тыс қалған жоқ.

Жақсы дәрігер ауруды жазады

Тоқсаныншы жылдармен салыстырғанда медицина саласы айтарлықтай жетістіктерге жетті. Бұрын соқырішекке отаны тіліп жасайтын болса, қазір лапароскопиялық әдіспен ем жүргізіледі. Диагностика жасау үшін де жабдықтардың түрі бар. Алайда медицина дамыған сайын аурушаңдық та көбейіп барады.

—Бұрын қант диабеті деген ауруды көп естімейтін едік. Тіпті осы сырқатпен келетіндер өте сирек еді. Ал қазір осы ауру жастардың да арасында жиі кездеседі. Бұл сырқат асқынса, аяққа қан жүрмей, адам жүруден қалады. Кейде әбден асқынып, аяғы іріңдеген кезде келетіндер бар. Өт қабына тас жиналып, ота жасатуға келетіндер де көп. Оның ішінде жастар бар. Әрине, бұның барлығы қазіргі экологиялық жағдайдың бұзылуы мен ішкен астың сапасыздығына байланысты. Бұрын тағамның барлығы таза, табиғи жолмен жасалатын. Ал қазір құрамы күдік келтіретін өнім көп. Осындай жағдайларды көрген кезде қынжыласың. Болашағымыз — жастардың дені сау болса екен деп тілейсің,  — дейді хирург.

Ілияс Ахметов жасы алпысқа жақындаса да оқуын тоқтатқан емес. Медицинадағы соңғы жаңалықтар мен хирургия саласындағы өзгерістерді, жаңа әдіс-тәсілдерді меңгеріп отырады.

—Дәрігер қай уақытта да білімін жетілдіруі керек. Оның ішінде хирургтер көп оқуы тиіс. Ерінбеу керек. Бұрын біз үшінші курста жүріп-ақ  кішігірім хирургиялық оталарды  меңгеріп алатынбыз. Ұстаздарымыздың соңынан қалмайтын едік. Ал қазір оқу жүйесі өзгерді. Оқу бітіріп келген жас мамандардың көпшілігі қарапайым жараны таңуды білмейді. Оларға үнемі ізденіп, оқып жүру керектігін айтамын. Біраз жасты осы жерде тәрбиелеп шығардым. Науқаспен сөйлесе білудің өзі дәрігердің деңгейін көрсетеді. Ауруына шипа іздеп келген адамға дәрігермін деп әкіреңдеуге болмайды. Жылы сөйлесең, шағымын мұқият тыңдасаң, көңілі көтеріледі. Оның ішінде емхана дәрігерлерінің мәдениеті жоғары болуы тиіс. Бұл — науқастың өзіңе деген сенімін арттырады. Қазір науқас пен дәрігердің арасындағы араздықтардың көпшілігі осындай түсініспеушіліктен туып жатыр. Осыны үнемі жас мамандарға айтып отырамын. Кейде кейбір науқастар өзге дәрігерге бармай, мені күтіп отырады. Бұл — маған деген сенімнің нәтижесі.

Жастардың көпшілігі бәріне бірден қол жеткізсем деп ойлайды. Жақсы хирург болу үшін қолдың ебі және ынта керек. Үнемі ізденіп жүрген жастан тәжірибелі, білікті маман шығады. Білмегенін сұрау керек. Сұрау ұят емес, ең қиыны — қателік жасау. Ал хирургия — қателікті кешірмейтін сала. Отыз жылдық еңбек тәжірибем болса да мен әлі күнге дейін тәжірибелі мамандармен кеңесемін. Профессор Нағашыбай Ақатаевтан кеңес алып тұрамын. Бауыр мен өкпе эхинококк және қалқанша безі ауруына шалдыққан науқастарды сол кісіге жіберемін. Біздің қалада ол сияқты шебер ота жасайтын маман сирек, — дейді білікті дәрігер.

Ілияс Ахметовтің алдына күніне отызға жуық адам келеді. Дәрігер барлық науқасқа бірдей қарайды. Қарамағындағы Оля, Зәмзагүл және  Жазира секілді медбикелер де өз ісінің шебері. Науқастардың көңілін тауып жүреді.

Ағаның жолы

Ілияс Ахметовтің туған жері — Батыс Қазақстан облысы Қаратөбе ауданының Егіндікөл ауылы. Әкесі Кәкимолла мен анасы Сәуле ұзақ жыл Егіндікөл мектебінде ұстаздық еткен. Екеуі жеті баланы тәрбиелеп, өсірді. Кәкимолла  көп жыл мектеп директоры болды. Мұғалімнің баласы болғаннан кейін барлығы да жақсы оқуға тырысты.

Ол кезде балалар бір-бірімен жарыса оқитын еді. Ата-ананың абыройына дақ түсірмес үшін мен де үздік оқуға тырыстым, әрі үйдің үлкені болған соң кейінгілерге үлгі болғым келді. Мектепті «Алтын медальмен» бітірдім. Сол уақытта әкемнің немере ағасы Зайдолла Кәденов облысқа белгілі дәрігер болды. Мен бала кезімнен сол ағам сияқты  болуды армандадым. Мектеп бітірген соң Ақтөбе медицина институтына оқуға түстім, — дейді Ілияс Ахметов.

1990 жылы институттың хирургия факультетін аяқтап, туған жеріне оралады. Бір жыл Орал қаласында интернатурадан өтеді. Қаратөбе аудандық ауруханасында алғашқы еңбек жолын бастайды. Кейін бас дәрігердің орынбасары болады.  Тоқсаныншы жылдардан кейінгі ауыр кезең дәрігерлерге де оңайға соққан жоқ.  Білікті мамандардың көпшілігі өзге салаға ауысты. Осындай қиын кезеңде Ілияс Ахметов те қоныс аударады. Ақтөбе облысы Мұғалжар ауданының орталығы Қандыағашқа көшіп келеді. Осы жерде «Шапағат» деген жеке медициналық мекемеде хирург болып жұмыс жасайды. 2015 жылы Ақтөбе қаласына көшеді. Содан бері №1 қалалық емханада қызмет етеді. Ілияс Ахметовтің еңбегі елеусіз қалған жоқ. 2009 жылы «Гиппократ антына адалдығы үшін» медалімен марапатталды. Әр жылдары облыс әкімінің, облыстық денсаулық сақтау басқармасының Алғыс хаттарымен марапатталды. Дәрігерді туған жерінен іздеп келетіндер көп. Олардың барлығынан да дәрігер кеңесін аяған емес.

Дәрігер зайыбы Гүлзипа Абайқызы екеуі үш ұлды тәрбиелеп, өсірді.  Үлкен ұлдары Айбек пен Болатбек мұнай саласында еңбек етсе, кішісі Мейрамбек Алматыдағы халықаралық ақпараттық технология институтында білім алады. Гүлзипа қаладағы №30 мектепте физика пәнінен сабақ береді.

Кәмшат ҚОПАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Back to top button