Денсаулық

Медициналық сақтандыру үшін кім қанша төлейді? 

Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі бойынша жеңілдік кезеңі 1 шілдеге дейін ұзартылды. Бұл өзгерістің халыққа пайдасы қандай? Төтенше жағдай жарияланған кезде отандық кәсіпкерлерге қандай жеңілдіктер жасалды? Осындай сұрақтарға «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» коммерциялық емес акционерлік қоғамы облыстық филиалының директоры Гүлмира Қожаниязова жауап берді.

Жеңілдік кезеңінде жарна қалай төленеді?

—Жеңілдік жасалған кезеңде  ел азаматтары МӘМС қорына аударымдар мен жарна төлеген немесе төлемегеніне қарамастан, жаппай міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде шартты түрде сақтандырылған деп есептеледі. 1 шілдеге дейін әрбір адамға тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі, яғни ТМККК мен МӘМС пакеттері бойынша медициналық қызметтер тегін және толық көлемде көрсетіледі. Алайда азаматтар мен жұмыс берушілер ай сайын міндетті төлемдерді төлеп тұрғаны жөн. Егер адам қандай да бір себептермен медициналық сақтандыру жүйесіне қатысу үшін төлем жасай алмаса, жеңілдік кезеңі өткеннен кейін ол сақтандырылмаған болып есептеледі және медициналық қызметтерді тек бір пакетте – тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі бойынша ғана ала алады. Сақтандырылған мәртебесін алу үшін биылғы жылдың 1 қаңтарынан бастап, яғни МӘМС пакеті бойынша пайдаланылған қызметтердің 6 айлық ақысын төлеуі қажет.

Кімдер жарна төлеуден қанша уақытқа толық босатылды?

—Ірі бизнестің 10 санаты – 1 шілдеге дейін, шағын және орта бизнестің 29 санаты 2020 жылдың 1 қазанына дейін босатылды. «Экономиканы тұрақтандыру жөніндегі одан арғы шаралар туралы» Қазақстан Республикасы Президентiнiң 2020 жылғы 16 наурыздағы № 287 Жарлығына және Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2020 жылғы 20 сәуірдегі № 224 Қаулысына сәйкес, кәсіпкерлер аталған кезеңде жалдамалы қызметкерлер үшін  аударымдар жасамайды және осы аралықта оларда берешек болмайды. Ал  кәсіпорындардың қызметкерлерінде  сақтандыру мәртебесі сақталады. Нөлдік ставкамен салықтық есеп тапсырған жағдайда, кәсіп иесіне жарна төлемегені үшін өсімақы мен айыппұл салынбайды. Ұлттық экономика министрлігінің болжамдық есептері бойынша, 923 мың адам төлемнен босатылды.

Сондай-ақ, эпидемияға қарсы іс-шараларға қатысқан медицина қызметкерлеріне 2020  жылғы 1 наурыздан бастап төленетін үстемақыдан да міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру үшін жарна ұсталмайды.

Ірі бизнестің қай түрі МӘМС төлемін жасамайды?

—Үкімет қаулысымен бизнестің 10 түрі топтастырылды. Оған автомобильдердің, жеңіл автокөлік құралдарының, мысалы, мотоциклдің, автомобиль бөлшектерінің және сауда алаңы 2 мың шаршы метрден аз және одан көп сауда объектілеріндегі керек-жарақтардың бөлшек саудасы, жол бойындағы  техникалық қызмет көрсету станциялары өндірісінен басқа автомобильдерге техникалық қызмет көрсету және жөндеу қызметі кіреді. Сонымен бірге  дәріханалар, тамақ өнімдері, сусындар мен темекі өнімдерінің саудасын қоспағанда, ірі сауда желілеріндегі, стационарлық сауда объектілеріндегі, сауда объектілері болып саналатын мамандандырылмаған дүкендердегі бөлшек сауда да осы он түрге  жатады.

Ірі бизнеске әуе  көлігінің қызметі, қонақүйлер мен соған ұқсас қызмет көрсету, мейрамханалар және тамақ өнімдерін жеткізу бойынша қызмет, меншікті немесе жалға алынған жылжымайтын мүлікті жалдау, басқару және дәріханалар, тамақ өнімдерін, сусындар мен темекі өнімдерінің бөлшек саудасын қоспағанда, коммерциялық үй-жайларды жалға беру де кіреді. Осы санатқа кіретіндердің  барлығы 1 шілдеге дейін өз қызметкерлері үшін аударым жасаудан  босатылды.

Шағын және орта бизнеске қандай көмек беріледі?

—Шағын және орта бизнеске де ірі бизнесте көрсетілген қызметтер кіреді. Сонымен бірге  құқық саласындағы қызмет, яғни заң кеңесшілері, нотариустар, адвокаттар, жеке сот орындаушылары, медиаторлар да осы санатқа жатады.  Коммерциялық қызмет және басқару мәселелері бойынша консультанттар, туристік агенттіктер мен туроператорлар, санитарлық-эпидемиологиялық, ауруханалық және санаториялық-курорттық ұйымдар, мектепке дейінгі жекеменшік, бастауыш және орта оқу орындары, жеке дәрігерлік практика, стоматология, концерт және театр залдары, фитнес-клубтар, тоқыма, химиялық тазалау, шаштараз,  сұлулық салондары да осы санатқа кіреді. Олардың барлығы 1 қазанға  дейін жалдамалы қызметкерлер үшін жарна төлеуден босатылды.

Жеке кәсіпкерлер жарнаны қалай төлейді?

—Егер жеке кәсіпкердің жалдамалы қызметкері болса және қызметі ірі немесе шағын және орта бизнес санатына жатса, олар жеңілдік кезеңінде аударымдарды төлеуден толық босатылады. Ал өзге жағдайда жеке кәсіпкер өзі үшін ай сайын  1,4 ең төменгі жалақының 5%-ын төлеуге міндетті. Оның сомасы — 2020 жылы 2975 теңге.

Өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтар қанша төлейді?

—Бұл санатқа өзін-өзі жұмыспен қамтып отырса да жеке кәсіпкер ретінде тіркелмеген, бірақ 1175 айлық есептік көрсеткішке, яғни АЕК-ке дейін немесе жылына 3,2 миллион теңгеге дейін табысы бар барлық жеке тұлғалар жатады. Бұл  азаматтар үшін арнайы оңайлатылған салық режимі – бірыңғай жиынтық төлем яғни БТЖ қарастырылған. Осы арқылы бірден үш қорға – зейнетақы жинақтау, әлеуметтік сақтандыру және медициналық сақтандыруға қатысуға болады. Соңғы екі айда 1,8 миллионнан астам БЖТ төлеуші тіркелген.

Республикалық және облыстық маңызы бар қалаларда тұратын жеке тұлғалар үшін БЖТ мөлшері — 1 АЕК немесе 2651 теңге. Басқа елді мекендерде тұратын адамдар үшін — 0,5 АЕК немесе 1326 теңге. Салық кодексінің 775-бабына сәйкес бұл төлем 1 қаңтардағы АЕК мөлшеріне қарай белгіленеді.

Сондай-ақ бұл төлемді әрбір  айда төлеу  қажет екенін ескерген жөн. Өткізіп барып төлем жасауға болмайды. Егер төлем қандай да бір себептермен дер кезінде төленбеген жағдайда, берешекті дербес төлеуші ретінде 1 ең төменгі жалақыдан 5% немесе 2125 теңге төлеуге болады.

Еңбек шарты бойынша жұмыс істейтіндер төлемді қалай жасайды?

 —Азаматтық құқықтық шарт бойынша жұмыс істейтін жеке тұлға үшін салық агенті немесе қызметке тапсырыс беруші шарт сомасының 1%-ын  МӘМС жүйесіне  ұстап қалады. Ұсталатын ақша  2021 жылы  шарт сомасының 2%-ы болады. Егер азамат еңбек шартымен екінші компанияда еңбек етсе, ол үшін  жұмыс беруші медициналық сақтандыру қорына аударымдар жасаса, онда ол негізгі жұмыс орнынан анықтама алып, азаматтық құқықтық шарт бойынша тіркелген компанияға көрсетуі тиіс. Бұл ретте аударымдар ұсталған шекті табыс 10 АЕК немесе 425 мың теңгеден аспауы тиіс.

Жұмыссыз  және табысы жоқ азаматтар не істейді?

—Мемлекет халықтың әлеуметтік осал топтарын жеңілдік жасалатын 15 санатқа бөліп, оның ішінде жұмыссыз ретінде ресми тіркелгендерді анықтады. Олар ақша төлемейді, бірақ «сақтандырылған» деген мәртебесі бар.

Егер азамат жеңілдік жасалған  санаттардың біріне жататын болса, бірақ жүйеде «сақтандырылмаған» деп шығып тұрса, азаматтарға арналған үкіметке жүгіну қажет. Жалпы мәртебе автоматты түрде беріледі.

Жеңілдік санатында жоқтар, жеке кәсіпкер ретінде де тіркелмегендер не істейді?

—Мұндай жағдайда дербес төлеуші ретінде кез келген екінші деңгейлі банк, Касса24, Qiwi, «Халық Банк» терминалдары, Kaspi.kz мобильдік қосымшасы арқылы 1 ең төменгі жалақының 5%-ын  немесе 2125 теңге мөлшерінде жарна аудара алады.

Кәмшат ҚОПАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Back to top button