Экономика

«Бастау-2020»:  Ақтөбеде 1400 адам қашықтан оқытылады

Биыл 10 маусымнан бастап «Атамекен» облыстық кәсіпкерлер палатасының бизнес-тренерлері «Бастау» жобасы бойынша қатысушыларға оқу курстарын бастайды. Аталған жоба бойынша биыл облыста 1400 адамға кәсіп бастаудың қыр-сырын тегін оқыту шарасы ұйымдастырылады.

Алғашқы кезең және 500 қатысушы

Облыста карантин режимі аяқталса да, шектеу шараларының әлі де болса сақталып, жүзеге асырылып жатқаны белгілі. Жыл сайын бизнес бастаушылардың басын қосып, кәсіпкерліктің қыр-сырын меңгеруге бағытталған оқу курстары Ақтөбе қаласынан бөлек, облысымыздың барлық ауданындағы кәсіпкерлік палатасы филиалдарының ғимараттарында ұйымдастырылып жататын. Биылғы жылдың бір ерекшелігі — «Бастау» жобасына қатысушыларға мұндай оқыту курстары онлайн режимінде жүргізілмек. «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы «Бастау» жобасының бизнес-тренері Гүлнара Сейітжаппарованың айтуынша, биыл облыста аталған жоба бойынша 1400 адамды оқыту жоспарланған. Оқу курстары кезең-кезеңімен жүргізілмекші. Бұл кезде облыс бойынша 500-ге жуық қатысушы бизнес бастау турасында тегін білім алатын болады.

«Бастау» жобасына қатысушыларды оқытудың алғашқы кезеңі  10 маусымда басталады. Алайда қабылданған шектеу шараларына сәйкес, біз жоба қатысушыларын «Atameken Academy» онлайн платформасы арқылы қашықтықтан оқытуды қарастырдық, — деді Г.Сейітжаппарова.

Жобаға қатысу үшін жолдама қажет

Бизнес-тренердің айтуынша, «Бастау» жобасы бойынша оқу мерзімі 21 күннен әрі аспайды. Курсты басынан аяғына дейін тыңдағандарға сертификат беріледі.

Жоба шеңберінде онлайн оқыту үшін қатысушылар халықты жұмыспен қамту орталықтарынан жолдама алуы тиіс. Ол үшін орталыққа жеке куәлігінің көшірмесі мен курстан өту туралы өтініш ұсынса жеткілікті. Бұл орайда жұмыспен қамту орталығының мамандары үміткердің мәртебесін жобаның нысаналы тобына сәйкестігі расталған жағдайда ғана оқуға жолдама береді. Содан соң өтініш беруші кәсіпкерлер палатасына немесе палатаның қалалық, аудандық филиалдарына жолығып, өзін оқудан өту үшін топқа қабылдауға өтініш тастауы тиіс, — дейді Г.Сейітжаппарова.

Бұл орайда үміткер өз бетінше сілтеме арқылы да онлайн-өтінімді қалыптастыра алады. Ол үшін atameken.co/ru/course-bastau  сайтына кіріп, жеке басын куәландыратын құжаттың көшірмесімен жұмыспен қамту орталығынан жолдаманы жүктей алады.

Жоба 2017 жылдан бастап жүзеге асырылып келеді. 2018 жылы «Бастаудың» бизнес-жобалары (80%) ауыл шаруашылығы саласына негізделсе, өткен жылы ауылшаруашылық мақсаттағы жобалардың үлесі —  58 пайыз, қалғаны қызметтер мен өндіріс сияқты өзге де салаларға бағытталып құрылған.

Курстан кімдер өтеді?

Облыстық кәсіпкерлер палатасы өкілдерінің айтуынша, «Бастау» жобасына халықты жұмыспен қамту орталықтарында тіркеліп, тіркелмегеніне қарамастан жұмыссыз жүрген адамдар, сондай-ақ жекелеген санаттағы азаматтар қатыса алады. Атап айтқанда, ауылдық елді мекендерде, қалаларда, оның ішінде моно және кіші қалаларда тұратын адамдар мен мүгедектердің қатысуға мүмкіндігі бар. Бұл орайда жарымжан жандардың медициналық қорытынды бойынша денсаулығы еңбек міндеттерін орындауға кедергі келтірмеуі тиіс. Сонымен қатар зейнеткерлік жасқа жетпеген, яғни  елу жастан асқан адамдар да «Бастау» жобасына үміткер бола алады.

Қазір қоғамда NEET санатындағы жастар деген түсінік қалыптасты. Бұл — білім мен еңбекпен шұғылданбай, белсенді өмір салтынан аулақ жүрген жастар. Міне, 18 бен 29 жас аралығындағы осындай жастарымызды «Бастау» жобасына қатысуға шақырамыз. Ол үшін арнайы санат белгіленген. Сол сияқты бизнес бастаудың онлайн оқуына  табысы аз немесе көпбалалы отбасылар мен ауыл шаруашылығы кооперативтерінің зейнеткерлік жасқа жетпеген мүшелері де қатысып, кәсіпкерлік негіздері бойынша өз білімдерін толықтыра алады, — дейді Гүлнара Сейітжаппарова.

Берері мол маркетинг

Қазіргі кезде «Бастау» жобасының бизнес-жаттықтырушылары тауашаларды (бәсекелестік үшін тым аз немесе әлі ешкім қолға алмаған тауарлар мен қызметтер нарығыавт.) анықтау үшін нарықтық зерттеулер жүргізіп жатыр. Ақтөбе облысы бойынша жоба менеджері, тәлімгер Гүлнара Сейітжаппарованың айтуынша,  онлайн курсты компьютермен де,  планшетпен де, тіпті ұялы телефонмен де оқудың  мүмкіндігі бар.

— «Бастау» жобасы халықты кәсіпкерлік дағдыларға үйретуге, сонымен қатар олардың бизнес-жобаларын қолдауға бағытталған. Бүгінгі күні біз, яғни бизнес-тренерлер Ақтөбе қаласы мен облыстың барлық аудандарында жаңадан құрылған кәсіпкерлік субъектілерін жеткізу тізбегіне енгізу, сол арқылы олардың өнімін сатылымға шығару мақсатында маркетингтік зерттеулер жүргізіп жатырмыз. Биыл аталған жоба аясында  ауыл шаруашылығы жануарларын ұстаудың технологиялық процесі, дайын өнімді өңдеу және дайындау процесі, кепілдендірілген сатуды қалыптастыру, электронды коммерция дағдыларына үйрету және іске асырылып жатқан бизнес-жобаларға құзыреттілік қалыптастыру туралы білімді арттыруға баса назар аударатын боламыз. Жобаның бір ерекшелігі, біздің курс тыңдаушыларымыз тек сатумен ғана емес, сонымен қатар олар осы саладағы технологияларды басқаруда тәлімгерлермен де қамтылатын болады, —  дейді Гүлнара Сейітжаппарова.

Тәлімгерлер тәжірибесі

Оның айтуынша, маркетингтік зерттеу жүргізу барысында аймақтағы көптеген кәсіпорын ынтымақтастыққа дайын екендіктерін білдіріпті. Атап айтсақ, облыстағы «Жаңа қоныс» шаруа қожалығының басшысы Болат Отарбаев «Бастау» жобасының тәлімгері ретінде әрекет етуге дайын. Кәсіпкер

Net House жылыжай қондырғысын орнату тәжірибесімен бөліспек және бұл салада бизнесін жаңадан бастаушыларға жылыжай өнімдерін сатуда да қол ұшын беруге дайын.

Ал Қарғалы ауданындағы «Медовик» шаруа қожалығының жетекшісі Александр Сенатский: «Бүгінде біз бал нарығындағы негізгі үлесті Ресейден және басқа өңірлерден әкелінген өнімдер арқылы алып отырмыз. Облысымыздың  Қарғалы, Мәртөк, Қобда аудандарында ара өсіру үшін қолайлы табиғи жағдайлар бар», — дейді.

Омарташы Александр Сенатский «Бастау» тыңдаушыларын  өзінің кешенінде тікелей  жаттықтыруға дайын. Сондай-ақ Қарғалыдағы «Ардағым» шаруа қожалығының жетекшісі бизнеске жаңадан келген кәсіпкерлерге тауарлы-тоған бекірелерін өсіруді ұйымдастыруға әрі көмектесуге дайын екендігін білдіріпті. Белгілі болғандай, осыған ұқсас маркетингтік зерттеулерді бизнес-жаттықтырушылар облыстың барлық аймақтарында жүргізбекші. Осылайша ірі кәсіпорындар айналасындағы сату тізбегіне жобаларды енгізу бойынша мақсатты жұмыс жасалмақ және жоба қатысушыларына өз өнімдерін өткізуге, өңдеуші кәсіпорындарға — шикізат базасына көмек көрсетіледі. Жоба тренерлері бизнесті ашқаннан кейін тұрақты табыспен қамтамасыз етудің  өте маңызды екенін айтып отыр.

Арайлым НҰРБАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Back to top button